Мұнай газ химиясы
ҚМГ Қазақстан Республикасы Үкіметінің мұнай‑газ химиясы саласын дамытуға қолдауы арқылы елімізде мұнай‑газ химиясы саласын дамыту ісіне белсенді тартылатын болады. Ол ұлттық экономиканың өсуіне серпін береді, өйткені мұнай‑газ химиясы бүкіл ел үшін мультипликативті әсер етеді.
ҚМГ‑ның мұнай химиясы саласындағы жобаларының негізгі мақсаттары:
- Қазақстан Республикасында алғашқы газ‑химия кешенін салу және мұнай‑химия кластерін құру;
- мұнай‑химия өнімдерін өндіретін кешен үшін бар газды үлкен көлемде пайдалану;
- қосылған құны жоғары экспортқа бағдарланған өнім шығару;
- өнеркәсіп салаларын әртараптандыру үшін полимерлер өндіру.
Полипропилен
KPI Inc. туралы
«Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС («Қазақстан Петрокемикал Индастриз Инк.») – Атырау облысындағы алғашқы интеграцияланған газ‑химия кешенін салу жобасының бірінші кезең операторы. Серіктестік өз қызметін 2008 жылы бастады. Серіктестіктің қысқартылған атауы: «KPI Inc.» ЖШС (бұдан әрі — KPI).
Жобаның үлескерлері: 49,5 % — «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ; 40% — «Сибур Холдинг» ЖАҚ; 9,5 % — Samruk‑Kazyna Ondeu ЖШС (Samruk‑Kazyna Ondeu компаниясының жалғыз үлескері «Самұрық‑Қазына» ұлттық әл‑ауқат қоры» АҚ. Samruk‑Kazyna Ondeu Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сай химия саласындағы жобаларды іске асыру үшін құрылды); 1% — «Фирма Алмэкс Плюс» ЖШС— бұл жеке меншік инвестор, компания Қазақстанның ең ірі холдинг тобы – «АЛМЭКС» холдинг тобы» акционерлік қоғамына қарасты.
Атырау облысында интеграцияланған газ‑химия кешені құрылысының бірінші кезеңі аясында 2022 жылы қарашада KPI полипропилен өндірісі ресми түрде іске қосылды. Полипропилен машина жасауда, медицинада және электротехникада негізгі шикізат ретінде пайдаланылады, орау материалдарын, ыдыстарды, талшықтарды, құбырлар мен ыстық сумен жабдықтауға арналған фитингтерді, ұйымдастыру техникасы мен тұрмыстық электрониканы, халық тұтынатын тауарларды, бақша және кеңсе жиһаздарын өндіру үшін қолданылады.
Зауыт сипаттамалары
Кәсіпорын қуаты — жылына 500 мың тонна полипропилен, бұл:
- әлемдегі полипропилен өндірісінің 1 %‑ға жуығы;
- Ресей Федерациясында жалпы полипропилен өндірісінің 26,3 %;
- Түркменстан, Өзбекстан және Әзербайжан аумағындағы полипропиленнің жиынтық өндірісі көлемінен көп.
Шикізат: зиянды қоспалардан таза Теңіз кен орнынан шыққан пропан, бұл экологияға теріс әсерді азайтуды қамтамасыз етеді.
Қолданылған технологиялар: Lummus Technology Inc. (АҚШ) компаниясының Catofin (пропанды сусыздандыру) және Novolen (пропиленді полимерлеу) технологиялары.
- Осындай кешендер бес елде салынған (Сауд Арабиясы, АҚШ, Бельгия, Оңтүстік Корея және ҚХР).
- Жабдықтың 77 %‑ын Еуропа, АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония және Үндістан елдерінің өндірушілері жасап шығарды.
Жобаның құны: жалпы құны — 2 630 млн АҚШ доллары, соның ішінде ЕРС‑шарты — 1 865 млн АҚШ доллары.
Қаржыландыру: 2 млрд АҚШ доллары (ҚХР, China Development Bank қарызы).
Жұмыс орындары:
- құрылыс кезінде (уақытша) — 4 мыңнан астам;
- пайдалану кезінде (тұрақты) — 630.
Бас мердігер: China National Chemical Engineering Co. (CNCEC, ҚХР).
Жобаны іске асырудың тиімділігі:
- Қазақстанның полипропиленге ішкі қажетін (импортты алмастыру) жабу (Қазақстан нарығының сыйымдылығы – жылына 50 мың тоннаға жуық);
- Шағын және орта бизнес үшін полипропиленнен құрылыс, медицина, автомобиль жасау, тамақ өнеркәсібі, тоқыма өнеркәсібі және т. б. салаларда құны жоғары бұйымдар өндіру мүмкіндігі;
- Шағын және орта бизнесті, сондай‑ақ өнәркәсіптің аралас салаларында қосымша жұмыс орындарын ашу;
- Елдің ІЖӨ‑не қосатын үлесі 1 %‑ға жетеді.
Қазіргі жағдайы
Қазіргі уақытта бүкіл кешенді тұрақты жұмыс режиміне шығару жүзеге асырылуда. Құрылыс‑монтаждау жұмыстары аяқталды, жалпы зауыттық шаруашылық объектілері, пропан ағызу эстакадасы және пропан сақтау паркі пайдалануға берілді. Іске қосу‑баптау жұмыстары жүргізілуде. Айта кетсек, кешеннің өнімді тұрақты өндіріп тұру кезеңіне шығуы ұзақ уақытты алады, себебі өндіріс процестері мен шығарылатын өнімдердің ауқымын, күрделілігін, саланың өзіндік ерекшеліктерін, сондай‑ақ бұл Қазақстан Республикасында алғаш игерілген мұнай‑химия өндірісі екенін ескеру қажет.
2023 жылдың нәтижесі
Бүгінгі таңда марка ассортиментіне сәйкес KPI кешіненде 6 полипропилен маркасын өндіру жолға қойылған (марка түрлері бойынша барлығы тоғыз марка, жобаға сәйкес 64 марка):
- РР Н270 FF (1105 RC)
- PP H350 FF (1105 SC)
- PP H120 GP (1100N)
- PP H030 GP (1100K)
- PP H031 BF (1104K)
- PP H036 BF (1104K)
Қалған үш полипропилен маркасы 2024 жылдың қаңтарында игеріледі деп жоспарланып отыр.
Сонымен қатар есепті жылы полипропиленнің фталатсыз маркаларын өндіру жолға қойылды (осы маркаларды пайдаланған кезде экологиялық таза өнім өндіріледі).
Өндірістің шығындарын анықтауға және оларды жою тәсілін табуға мүмкіндік беретін «Пайдалы жұмыс уақыты» көрсеткішімен кешен өнімділігінің ең жоғары деңгейіне қол жеткізу үшін KPI‑дің 2024 жылға арналған «Өндірісті тұрақтандыру бағдарламасы» әзірленді. Бұл бағдарлама залалды анықтауға бағытталған жұмысты жүйелі және нәтижелі етуге мүмкіндік береді.
Өндірістегі персоналға жұмыс дағдыларын жылдам үйрету үшін «Стандартты операциялық рәсімдер» енгізілді. Жас мамандарға арналған жұмыс әрекеттерінің жүйесі қабылданды.
Есепті жылы Қазақстанның 50‑ге жуық тауар өндірушісі KPI полипропиленін тұтынуға көшті, компаниялар өнімнің жақсы сапасын атап өтті. KPI Қазақстанның ішкі нарығын полипропиленмен толық қамтамасыз ете бастады деп айтуға негіз бар.
2023 жылы болған оқиғалар
- 2023 жылы 22 қазанда KUS бу газ турбиналы электр станциясы тарапынан электр қуатын толық ажыратудың оқыс оқиғасы салдарынан кешен жұмысында технологиялық ақау болып, бұл пропан мен полипропиленді сусыздандыру өндірісін апаттық тоқтатуға әкелді. Бұл оқиға кешенде кепілдік сынақтарын өткізу мерзіміне және кешен объектілерін пайдалануға қабылдауға әсер етеді.
- Кешенді пайдалануға беру актісіне жобалау қуаттарында жабдықты толық баптау және сынау аяқталғаннан кейін, пайдалану‑кепілдік сынақтарын аяқтай отырып, лицензиар тексеріліп, CNCEC‑пен талап қою жұмысы аяқталғаннан кейін қол қойылады.
- Өндірістік процестердің күрделілік дәрежесін, сондай‑ақ Қазақстанда алғаш рет игеріліп жатқан өндіріс екенін ескере отырып, мұнай‑газ‑химия кешенін пайдалануға беру белгілі бір уақытты қажет ететінін атап өткен жөн.
Жоба бойынша күтілетін нәтижелер
- Қазақстан Республикасында Теңіз кен орнының шыққан шикізат негізінде мұнай‑химия өнімдерін өндіретін мұнай‑химия кластерін құру.
- Қосылған құны жоғары экспортқа бағдарланған өнім шығару.
- Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік салаларын әртараптандыру үшін полимер өндіру.
- «KPI Inc.» ЖШС персоналының штаттық саны — 628 адам.
«Теңізшевройл» ЖШС теміржол бойымен облыс орталығынан 40 км жерде орналасқан зауытқа шикізат газын жеткізеді.
C₃H₈ пропаны Теңіз кен орнынан зиянды заттардан тазартылған күйінде келеді. Оңтүстік Кореяның KR Wooyang HC компаниясы жасап шығарған 145 тонналық сегіз реакторының әрқайсысында (зауыт жүрегі десек болады) пропанның сутегі бөле отырып, C₃H₆ пропиленіне айналу процесі (сусыздандыруы) жүреді.
Американдық UM Lummus Technology компаниясының қондырғысында полимерлеу жолымен полипропилен (C₃H₆) алынады. Мұндай қондырғының әлемде алтауы ғана бар.
Экология
Өндірісте су шығыны өте аз: пайдаланылған сұйықтықтың 82%‑ы технологиялық процеске қайтарылады, бұл эндотермиялық операцияларды жүргізуге жұмсалатын энергия шығынын ішінара өтейді. Нәтижесінде булану алқаптарына зиянды заттар шығарылмайды. Басқаша айтқанда, өндіріс барынша экологиялық таза.
Полиэтилен
Полиэтилен өндірісі бойынша интеграцияланған газ‑химия кешені құрылысының екінші кезеңі аясында 2022 жылы 7 қарашада ҚМГ мен «СИБУР» ЖАҚ арасында «Полиэтилен» (ПЭ) жобасына кіру бойынша міндетті құжаттамаға қол қойылды. Осылайша әлемдегі полимер өндірушілердің үздік бестігіне кіретін және осындай ауқымды жобаларды табысты іске асыруда мол тәжірибесі бар стратегиялық серіктес анықталды. Жобаның жобалық қуаты – жылына 1 250 мың базалық мұная химия өнімі. Жобаны іске асырудың болжамды мерзімі – 2028 жыл.
Сонымен қатар, жобаны іске асырудың басты талабы – ПЭ жобасын шикізатпен (этанмен) қамтамасыз ету. Осыған байланысты «Теңізшевройл» ЖШС‑мен бірлесіп, құрғақ газдан этан алу үшін қажетті инфрақұрылым – қуаты 9,7 млрд м3 газ бөлу кешенін (ГБК) салу мәселесі пысықталуда. Сонымен қатар ГБК үшін мемлекеттен жеңілдіпен қаржы тарту мәселесі де зерделенуде.
ПЭ жобасы «Қазақстандықтардың әл‑ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу» ұлттық жобасы аясында іске асырылуда және ҚМГ‑ның ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттарына сай келеді. Олар, басқалармен қатар, қосылған құн тізбегінің тиімділігін арттыруды, бизнесті әртараптандыруды және көмірсутек шикізатынан өндірілетін өнімдер портфелін кеңейтуді қамтиды.
ҚМГ мен Қазақстанның бүкіл мұнай‑газ саласының негізгі міндеттерінің бірі – кері айдалатын ілеспе газды өңдеу және коммерцияландыру, әсіресе ірі мұнай‑газ жобаларында (Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ). Қазақстанда осы салада бірқатар жоба іске асырылуда, соның ішінде Теңіз кен орнынан алынатын газдан пропан (полипропилен өндірісі), этан (полиэтилен өндірісі) және бутан (бутадиен өндірісі) өңделіп, Қашаған кен орнында газ өңдеу зауыттары салынып жатыр.
Шикізат өндірісіне жақын жерде тиімді орналасудан басқа, ПЭ жобасының негізгі бәсекелестік артықшылықтары:
- шикізат құрамында этан фракцияларының жоғары деңгейде болуы (14%‑ға дейін);
- шикізат құны;
- бірнеше жобаға бөлу есебінен инфрақұрылым шығынының арзан болуы;
- тиімді орналасуы және негізгі өткізу нарықтарына қолжетімділігі;
- ҚМГ‑ның өңдеу қуаттарын жаңғырту мен салу бойынша уақымды жобаларды іске асырудағы жинақталған мол тәжірибесі мен сараптамасы.
Полиэтилен және этилен құрамындағы полимерлер халық шаруашылығында кеңінен қолданылатын бірқатар өнімді өндіруде негізгі шикізат болады: газ құбырлары, ыстық және суық сұйықтық, фитингтер, барлық маркалы пленкалар (тамақ, орау, пакеттер және т. б.), талшықтар, тоқыма емес материалдар, моножіптер, пленка жіптері, электр оқшаулағыш материалы, қайықтарға және жол талғамайтын техникаға арналған корпус, техникалық аппаратура бөлшектері, сыйымдылықтар (бөтелке, жәшік, канистра және басқалар), техникалық, тұрмыстық және медициналық мақсаттағы бұйымдар, сондай‑ақ үлкен және шағын мөлшердегі түрлі ыдыстарды, паллеттерді, жәшіктерді және т. б. жасауда қолданылады.
Түйіршікті полиэтилен қауіпті емес әрі улы емес өнімдерге жатады. Бөлме температурасында ол қоршаған ортаға улы заттарды шығармайды және тікелей байланыста болған кезде адам ағзасына зиян келтірмейді. Онымен жұмыс істегенде арнайы сақтық шаралары қажет емес. Алайда, дем алып, ол өкпеге енген кезде полимердің ұсақ шаңы баяу талшықты өзгерістер тудыруы мүмкін. Полиэтиленнің электр өткізгіштігінің төмен болуына байланысты онда статикалық электр зарядтары пайда болуы мүмкін.
Тұрақты күйдегі полиэтилен қоршаған ортаға қауіп төндірмейді, өйткені ол қоршаған орта температурасында басқа заттар немесе факторлар болған кезде ауа ортасында және ағынды суларда улы қосылыстар түзе алмайды. Полиэтилен және оның құрамындағы қоспалар озонды бұзатын заттарға жатпайды.
Дайын өнімді ішкі нарықта да, экспортқа да сату жоспарда бар. Қазақстандық ішкі нарықтың сыйымдылығы жылына шамамен 180 мың тонна полиэтилен ретінде бағаланады, жыл сайын күтілетін өсім орташа есеппен 4%‑ға артады. Мақсатты экспорттық нарықтарға ТМД елдері, Қытай, Түркия және Еуропа елдері кіреді, осы елдерде полиэтилен тұтыну, оның ішінде импорт есебінен де өседі деп күтілуде. Қазақстан Азия мен Еуропаның көлік дәліздерінің қиылысында орналасқан, тиімді сауда‑экономикалық және стратегиялық позицияларға ие.
Жобалау
Бүгінгі таңда жобалау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр:
- техникалық‑экономикалық негіздемесі әзірленді, 2023 жылы 24 қарашада «Мемсараптама» РМК оң қорытындысы алынды;
- кеңейтілген базалық жобалар (EBD/FEED) және жобалау‑сметалық құжаттар әзірленуде.
«Жобалау» деп аталатын кезеңнің негізгі мақсаты – жоба қатысушылары қорытынды инвестициялық шешімнің қабылдауына дайындық жүргізеді және «Жүзеге асыру» кезеңіне көшеді. Бұл кезең аясында жобаны жүзеге іске асыру және оның пайдалануға берілуіне байланысты, соның ішінде одан әрі тиімділік тұрғысынан тәуекелдер мен мүмкіндіктерді бағалау жүргізіледі. Жоба бойынша қорытынды инвестициялық шешім 2024 жылы қабылданады деп жоспарланған.
Жобаның экономикалық тартымдылығы
Оң инвестициялық шешім қабылданған жағдайда, ПЭ жобасы технологиялық және жоғары маржиналды өнім шығару есебінен компания бизнесінің тиімділігін арттыруға және әртараптандыруға, сондай‑ақ тұтастай алғанда ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін жақсартуға мүмкіндік береді.
ПЭ жобасын іске асыру ел үшін елеулі әлеуметтік‑экономикалық пайда әкеледі. Зауыт өңірдегі әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ететін болады. Атап айтқанда, құрылыс кезінде 8 мыңға жуық жұмыс орны, ал пайдалану кезінде 800‑ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылатын болады.
Жобаның болжамды құны – 7,7 млрд АҚШ доллары.
ПЭ жобасын қаржыландыру құрылымы әлі пысықталып жатыр. Ол қарыз және меншікті қаражаттың жиынтығын көздейді.
Стратегиялық серіктестерді тарту
2023 жылы 28 наурызда «СИБУР Холдинг» ЖАҚ‑тың «Силлено» ЖШС бірлескен кәсіпорнына 40% үлесімен қатысуы Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарында ресми тіркелді.
2023 жылы 16‑17 қазанда Бейжіңде өткен «Бір белдеу – бір жол» халықаралық форумы аясында Sinopec‑тің жобаға кіруі бойынша міндетті құжаттамаға қол қойылды. Sinopec‑тің заңды кіруі 2024 жылдың 1 тоқсанында ҚХР‑да мемлекетішілік келісімдер алынғаннан кейін жүзеге асырылмақ.
Жоба қатысушыларының 2023 жыл соңындағы құрылымы: ҚМГ – 49.9%; СИБУР – 40%, KMG PetroChem – 10.1%. Мақсатты құрылымы: ҚМГ – 29.9%; СИБУР – 30%; Sinopec – 30% және KMG PetroChem – 10.1%.
Есепті кезеңнің нәтижелері
- 2023 жылғы наурыз: СИБУРдың жоба қатысушылары қатарына кіруі аяқталды.
- 2023 жылғы сәуір: кеңейтілген базалық жобаны (EBD /FEED) әзірлеуге қатысты келісімшарттарға қол қойылды;
- 2023 жылғы қазан: Sinopec‑тің жобаға қатысушылары құрамына кіруі бойынша міндетті құжаттамаға қол қойылды;
- 2023 жылғы қараша: CPChem, Axxens және Univation лицензиарларынан PDP пакеттерін алу аяқталды;
- 2023 жылғы қараша: жобаның техникалық‑экономикалық негіздемесі «Мемсараптама» РМК оң қорытындысы алынды;
- 2023 жылғы желтоқсан: жобаның жобалау‑сметалық құжаттамасын әзірлеу үшін «Қазақ мұнай және газ институты» АҚ‑мен шарт жасалды;
- 2023 жылғы желтоқсан: қаржыландыруды тарту үшін Bank of China‑ны қаржы кеңесшісі ретінде жалдау.
Мұнай‑газ химиясының басқа да жобалары
Жобалау алдындағы (preFS) кезеңдерде «Терефтал қышқылы мен полиэтилентерефталат өндіретін зауыт салу» (бұдан әрі – ТФҚ/ПЭТФ) және «Карбамид» жобалары іске асырылып жатыр, атап айтқанда:
- ТФҚ/ПЭТФ жобасы бойынша жоба шикізатпен, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша алдын ала жұмыстар жүргізілді, маркетингтік есеп әзірленді, сондай‑ақ алдын ала техникалық‑экономикалық негіздемені (preFS) дайындау басталды;
- «Карбамид» жобасы бойынша шикізат көздері анықталып жатыр, жобаның алдын ала технологиялық схемасы пысықталды, әлеуетті лицензиарлар айқындалды, стратегиялық серіктесті тарту пысықталуда.
Аталған жобалардың preFS нәтижелері 2024 жылы 4 тоқсанда белгілі болады.
Анықтама: ТФҚ/ПЭТФ жобасының алдын ала қуаты – жылына 735 мың тоннаға дейін полиэтилентерефталат, жобаны 2029 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Карбамид жобасының алдын ала қуаты – жылына 1,15 млн тоннаға дейін карбамид, жоба 2028 жылы аяқталмақ.
«Самұрық‑Қазына» АҚ шешіміне сәйкес «Бутадиен» жобасы Қорға берілді. «Бутадиен» ЖШС 2023 жылдың 19 маусымында қайта тіркеуден өтті.