Инвестициялық жобалардың іске асырылуына шолу
Жобаларды басқарудың корпоративтік жүйесі
Инвестициялық жобаларды іске асыру процесін жақсарту аясында 2023 жылы ҚМГ жобаларды басқарудың корпоративтік жүйесін (бұдан әрі – ҚБЖК) дамыту бойынша жұмысын жалғастырылды.
Жобаларды басқарудың түрлі салалары бойынша шешім қабылдау үшін 34 құжаттың үлгісі дайындалды, олардың аясында жобаларды басқару процестерінің нәтижелеріне қойылатын нақты талаптар белгіленді.
Компанияда қабылданған күрделі жобаларды басқару құралдары мен әдістерін сипаттайтын ҚБЖК бойынша нұсқаулық әзірленіп шығарылды.
2023 жылы қыркүйекте ҚМГ компаниялар тобында жобаларды басқаруға арналған бірінші конференция өтті. Жиынға ірі күрделі жобаларды іске асыратын ҚМГ мен еншілес/тәуелді ұйымдардың 150‑ден астам жобалау мамандары қатысты. Қатысушылар ірі күрделі жобаларды жоспарлау және іске асыру саласындағы өзекті мәселелер бойынша ашық пікір алмасты, жобалау жұмысының, жобаның құрылысы мен келісудің негізгі аспектілерін қарап, бұған дейінгі тәжірибелерін талдады, сондай‑ақ жобаларды басқарудың үздік практикаларын ұсынды.
ҚМГ және оған қарасты еншілес, тәуелді ұйымдардың жобалау қызметкерлерінің біліктілігін үздіксіз жетілдіруге ерекше көңіл бөлінеді.
Есепті кезеңде жобалық басқарудың түрлі салалары бойынша сегіз ішкі және сыртқы курстар өткізілді. Оларға ҚМГ мен еншілес/тәуелді ұйымдардың 300‑ден астам қызметкері қатысты. Соның ішінде 46 қызметкер IPMA стандарты бойынша сертификаттау емтиханынан сәтті тапсырды, 17‑сі Green Project Management стандартының сертификатына ие болды.
ҚМГ жобалау қызметкерлерін ішкі сертификаттау жүйесі енгізілді, оның аясында ҚМГ 2024 жылы ҚБЖК талаптарын ескере отырып, күрделі жобалардың басшыларын сертификаттауды қолға алмақ.
Жобаларды жобалау, келісу және олардың құнын айқындау процестерін оңайлату мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен жұмыс жүргізілді.
Алдағы жылы жобаларға сараптама жүргізу, шешімдер қабылдау процестері мен құралдарын жетілдіру және ҚМГ тобының қызметкерлері арасында жоба басшыларының пулын қалыптастыру жөніндегі жұмыс жалғасатын болады.
Инвестициялық портфельге шолу
Бүгінгі таңда ҚМГ инвестициялық портфелі ресурстық базаны ұлғайту, Компанияның құн тізбегінің тиімділігін арттыру, бизнесті әртараптандыру және өнім портфелін кеңейту мақсатында компания қызметінің барлық бағыттарын қамтитын жобалардан тұрады. ҚМГ‑ның 2022‑2031 жылдарға арналған даму стратегиясына сай компанияның инвестициялық портфелінде ҚМГ үшін дәстүрлі бағыттардағы (геологиялық барлау, мұнай тасымалдау мен өңдеу), сондай‑ақ жаңа бағыттардағы (мұнай‑газ химиясы, баламалы энергетика және ҚМГ‑ның қолданыстағы операциялық активтерде көміртегі ізін төмендету) бірнеше жоба бар. Әр жобаны қаржыландыру көзі жеке‑жеке анықталады. Жобаларды қаржыландыру барынша жеке қаражат есебінен жүзеге асырылады. Тек жаңа нақты жобаларға ғана қарыз тарту көзделген. Бұдан басқа инвестициялық және қаржылық тәртіпті күшейту үшін компанияға ең аз мөлшердегі регресс әсерімен нақты жобаларға ғана қарыз тартылады.
2023 жылы инвестициялық портфельдің жалпы құны 50 461 млрд теңгеге жетті, соның ішінде ҚМГ үлесіне тиесілі сома – 18 636 млрд теңге.
2022 жылы мұнай‑газ саласының инвестициялық тартымдылығын жақсарту үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі шетел инвесторларының және ҚМГ‑ның қатысуымен қосымша ынталандыруды талап ететін күрделі жобаларға (құрлықтағы жаңа күрделі жобалар, теңіз жобалары мен газ жобалары) бірқатар реттеуші және фискалдық преференциялар ұсынатын жақсартылған модельдік келісімшарт (ЖМК) тетігін әзірледі. 2022 жылы желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодексі мен Салық кодексіне тиісті түзетулер енгізілген заңдарға қол қойды. Бұл түзетулердің ҚМГ‑ның бірқатар жобаларына қатысы бар және Каспий теңізі қайраңында да, құрлықтағы бірқатар күрделі әрі газ жобалары бойынша да жұмысты жандандыруға мүмкіндік береді.
2023 жылы ЖМҚ арқасында «Қаламқас теңіз — Хазар», «Қаратон Подсолевой» және «Өріктау» күрделі әрі көп капиталды қажет ететін жобалар бойынша жұмыс жандана түсті. Тиісті келісімшарт қабылданды.
2022 жылы бес учаске (Мұғалжар, Березовский, Жарқын, Болашақ және Солтүстік Өзен) бойынша жер қойнауын геологиялық зерттеуге лицензиялар алынды. 2023 жылы жер қойнауын геологиялық зерттеу бағдарламасы аясында кестеде көрсетілген мерзімнен бұрын озық сейсмикалық барлау жүргізілді. Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарындағы үш учаскеде далалық сейсмикалық барлау жұмыстары аяқталды. Мұғалжар учаскесінде (Ақтөбе облысы) далалық жұмыстар жүріп жатыр. Болашақ учаскесі бойынша тарихи деректерді қайта өңдеу мен қайта зерттеу, Жарқын, Березовский және Солтүстік Өзен учаскелер бойынша жиналған нәтижелерді өңдеу және зерттеу жұмыстары аяқталып қалды. 2024‑2025 жылдар аралығында геологиялық қауіптерді азайту және геологиялық және техникалық‑экономикалық бағалау үшін алғаш деректерді алу мақсатында озық сеймикалық барлау жұмыстарын аяқтап, алынған нәтижелерді өңдеу мен зерттеу жоспарланып отыр.
2023 жылы «Қаратон Подсолевой» және «Қаламқас теңіз – Хазар» жер қойнауының учаскелері бойынша келісімшарттар қабылданды, оператор қызметін атқаратын компаниялар ашылды және әрбір жобаға стратегиялық серіктестер тартылды.
«Қаратон Подсолевой» учаскесінде 2024 жылы стратегиялық серіктестің қаражаты есебінен тереңдігі 5 500 метр болатын алғашқы барлау ұңғымасын бұрғылау жоспарланып отыр. Сынақтар 2025 жылы аяқталады деп күтіледі.
2023 жылы ҚМГ мен «ЛУКОЙЛ» ЖАҚ Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы Қаламқас‑теңіз, Хазар, Әуезов учаскесінің жер қойнайын игеру жобасы бойынша бірқатар келісімге қол қойды. Тереңдігі – 8 метрге жуық. Өндірілетін мұнай қоры – 86 млн тонна, газ қоры – 22 млрд текше метр. 2024 жылы жобалау жұмыстарын жүргізу жоспарда бар.
2023 жылы 4 желтоқсанда «Шығыс Өріктау» кен орнында өндіру басталды. Бұл кен орынды іске қосу еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында көмірсутек шикізатының қорын ұлғайту тұрғысында ерекше маңызға ие. Шығыс Өріктау кен орнын одан әрі дамыту мақсатында қосымша тағы тоғыз пайдалану ұңғымасын бұрғылау жоспарда бар, бұл мұнай өндіру көлемін жылына 200 мың тоннаға дейін, ал ілеспе газ өндірісін жылына 100 млн текше метрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
2023 жылы 21 желтоқсанда ҚМГ‑ға үлесінің 50% тиесілі УОГ Батыс Қазақстан облысында орналасқан Рожков газ конденсатты кен орнын өнеркәсіптік пайдалануға берді. Өндірістің ең жоғары кезеңінде жылына 1 млрд текше метрге жуық газ және 500 мың тонна кондесант, жылына 150 мың тоннадай сұйытылған көмірсутек газы өндірілетін болады. Кен орнынан шикі газ алдымен газ өңдеу кәсіпорындарына беріліп, одан кейін тауарлық газ ішкі нарыққа жеткізіледі.
2023 жылы «Жеңіс» учаскесінде геологиялық барлау жұмыстарын тоқтату туралы шешім қабылданды. Жеңіс құрылымындағы іздестіру‑барлау ұңғымасын бұрғылау жұмыстарының нәтижесінде көмірсутек табылмады. Геологиялық барлау жұмыстары стратегиялық серіктестіктің қаражаты есебінен жүргізілді, яғни барлық шығынды серіктес көтерді.
«Теңіз», «Қашаған», «Қарашығанақ» мегажобалары
ҚМГ стратегиялық инвесторлармен бірге Теңіз (20%), Қашаған (16,88%) және Қарашығанақ (10%) алып кен орындарындағы жобаларға қатысады.
- Теңіз кен орнында «Болашақ кеңейту жобасын (БКЖ)/Сағалық қысымды басқару жобасын (СҚБЖ)» іске асыру жұмыстары аяқталып қалды. Қазіргі кезде механикалық жұмыстар толық аяқталды. Жүйелерді пайдалануға дайындау және іске қосу‑баптау жұмыстары басталды. 2023 жылдың қорытындысына сай БКЖ/СҚБЖ жобасы бойынша жиынтық шығын 45,6 млрд АҚШ доллары болды, жобада атқарылған жұмыстардың жалпы көлемі – 99,3%. Жобаларды іске қосудың болжамды мерзімі: 2023 жылдың жаңартылған кестесіне сәйкес СҚБЖ – 2024 жылдың екінші тоқсаны, БКЖ – 2025 жылдың екінші тоқсаны. Жоба аясында Теңіз кен орнында мұнай өндіру көлемі жылына 12 млн тоннаға артады.
- Қарашығанақ кен орнында мұнай өндіру деңгейін ұстап тұру жобалары белсенді іске асып жатыр. 2023 жылы жылына 4 млрд текше метр тауарлық газға арналған газ өңдеу зауытын салу жөніндегі тұжырымдама әзірленді. Жобаны іске асыру Қарашығанақ кен орнында өндірілетін шикі газды және одан өңделген өнімдерді монетизациялауға мүмкіндік береді. 2024 жылы «5‑ші газды кері айдау компрессоры қондырғысының жобасын (5IC)» аяқтау жоспарлануда. «6‑шы газды кері айдау компрессоры қондырғысының жобасын (6IC)» жобасының құрылысы қарқынды жүріп жатыр (жоба бойынша жалпы атқарылған жұмыс көлемі — 43%).
- Қашаған кен орнында мұнай өндіру 1‑ші кезеңді игеру аясында жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда алдағы 10 жылда мұнай мен конденсат өндіру деңгейін тәулігіне ~710 мың баррельге дейін (тәулігіне~89,5 мың тонна) ұлғайтуға бағытталған 2‑ші кезең аясындағы кен орындарды игеру жобалары қаралады. 2А‑кезеңі шикі газды қуаты жылына 2,5 млрд текше болатын құрылысы жоспарланған жеке газ өңдеу зауытына жеткізу есебінен мұнай өндіру көлемін тәулігіне 6,3 мың тоннаға жеткізуді көздейді (бұл ретте кен орнындағы жалпы өндіру көлемі тәулігіне 500 мың баррель болмақ). Газ өңдеу зауытын салу бойынша алдын ала базалық жобалау жұмыстары басталды. 2Б‑кезеңінің жобасы жылына 6 млрд текше метр ілеспе газ өндіру көмегімен мұнай өндіру көлемін тәулігіне 710 мың баррельге дейін ұлғайтуды көздейді. Оператор үшінші тараптың зауытына шикі газ жеткізу нұсқасы үшін алдын ала базалық жобалау жұмыстарын аяқтады. Үшінші тарап анықталмағандықтан, базалық жобалау кезеңіне көшу кейінге шегерілді.
Каспий құбыр консорциумының мұнай айдау станцияларының тар жерлерін жою жобасын іске асыру аясында жылына 81,5 млн тоннаға дейін (соның ішінде Қазақстан учаскесінде – жылына 72,5 млн тонна) мұнай тасымалдау дайындығы қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар 2023 жылы Қазақтеңізкөлікфлоты мен International Maritime Investments Ltd компанияларының «Дедвейті 8 000 тонналық екі мұнай құю танкерін сатып алу» бірлескен жобасы аяқталды. Су кемелері нидерландық «Damen» концернінің верфінде салынған. Танкерлердің ұзындығы – 140 метр, ені – 16,7 метр, суда шөгуі — 4,2 метр, жылдамдығы — 10 түйін. Олар озық басқару жүйелерімен жабдықталған, жоғары техникалық мүмкіндіктерге ие, заман талабына сай болғандықтан берік әрі тиімді. Танкерлер халықаралық қауіпсіздік стандарттарына, экологиялық талаптарға сай жасалған.Бұл жоба Мемлекет басшысының қазақстандық көмірсутек тасымалы экспортының бағыттарын әртараптандыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылды. Taraz және Liwa танкерлері қазақстандық тараптың Ақтау‑Баку бағытымен жылына 750 мың тонна мұнай тасымалдау жөніндегі міндетін толық өтеуге мүмкіндік береді. 2023 жылдың наурыз ауынан Қазақстан мұнайы Ақтау – Баку – Тбилиси – Джейхан бағыты бойынша тасымалдана бастады. 2023 жылы Ақтау портынан тиелген мұнай көлемі 1 057 мың тоннаға жетті.
ҚМГ‑ның алдағы жылдарға арналған басты міндеттерінің бірі – тұтынудың болжамды өсуі салдарынан туындаған Қазақстанның ішкі нарығын отандық мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету мәселесін шешу болып отыр. Бұл өз кезегінде зауыттардың қуатын арттыру қажеттілігіне әкеледі. Бұл мақсатта зауыттардың жұмысын үш жыл бойы тоқтатпауға мүмкіндік беретін жабдықтардың беріктігі деңгейін арттыру үшін іс‑шаралар кешенін жүргізу қажет. Бұл міндетті іске асыру үшін ҚМГ Атырау мұнай өңдеу зауытын, Павлодар мұнай‑химия зауытын, ПҚОП зауытын үш жылдық жөндеуаралық кезеңге көшіру жобаларын бастап кетті.
«АМӨЗ» ЖШС тиімділігін арттыру» жобасын іске асыру арқылы АМӨЗ‑де ашық түсті мұнай өнімдерінің өндірісін ұлғайту жоспарланған. Жобаға ашық түсті мұнай өнімдерінің өндірісін ұлғайту мақсатында осал жерлерді кеңейтуді көздейтін сегіз шағын жоба енгізілген. 2025 жылы «Теңіз мұнайын өңдеу» шағын жобасын іске асыру жоспарда. Шағын жобаны іске асырғаннан кейін АМӨЗ жылына 1 млн тоннаға дейін Теңіз мұнайын өңдеп, ал қалған қуаттарды нарықтан сатып алынатын қосымша жартылай фабрикаттармен жүктей алатын болады. Нафта және керосинді‑газойлды фракция сияқты жартылай фабрикатты өңдеу ашық түсті мұнай өнімдерінің қосымша көлемін өндіруге мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасының солтүстік және шығыс өңірлерінің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Павлодар мұнай‑химия зауытында сұйытылған көмірсутек газын тазарту және қысқы дизель отынын өндіру бағытындағы жобалар іске асырылып жатыр. Қондырғыларды іске қосу тиісінше 2024‑2025 жылдарға жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда жылына 750 мың тонна жол битумын шығара отырып, жылына 1 млн тоннадан 1,5 млн тоннаға дейін мұнай өңдеуге қауқарлы болатындай «CASPI BITUM» БК» ЖШС‑нің қуатын күшейту мәселесі қаралып жатыр. Бұл жобаны жүзеге асыру жол құрылысы кезінде елдің автожол саласын битуммен үздіксіз қамтамасыз етуге (соның ішінде құрылыс‑монтаждау жұмыстары жүріп жататын жобаны іске асыру кезеңінде), импортты өндірілетін өніммен алмастыруға және елдің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.Бұған зауыттағы шикі мұнайды бастапқы өңдеу қондырғысын (ЭЛОУ‑АВТ) жаңғырту арқылы қол жеткізу жоспарлануда. Жобаны іске асыру мерзімі – 2023‑2024 жылдар.
Мұнай маркетингін дамыту бағытында 2023 жылы ҚМГ инвестициялық портфеліне «ҚазМұнайГаз‑Аэро» ЖШС іске асыратын жобалар енгізілді. ҚМГ‑ның бұл еншілес компаниясы 2014 жылдың ортасынан бастап Қазақстан Республикасының авиаотынмен қамтамасыз ету нарығында жұмыс істейді. 2018 жылдан бері «ҚазМұнайГаз‑Аэро» ЖШС шетелдік серіктестерді қатыстыра отырып, отын инфрақұрылымының жай‑күйі мен пайдалануға дайындығын, сондай‑ақ Jet‑A1 маркалы жанармайды пайдалануға көшу үшін шарттардың орындалуына бағалау жүргізді. Саладағы жетекші әлемдік компаниялармен отандық әуежайларды дайындау бойынша бірлескен қызметті көздейтін келісімдер қабылданды. Жобалар Jet‑A1, РТ/ТС‑1 маркалы авиаотынды сақтау үшін елдің негізгі әуежайларында жанармай құю кешендерін салуға және/немесе жаңғыртуға инвестиция құюды көздейді, сонымен қатар отынды сақтау және отандық әрі шетелдік авиакомпанияларға отынды ұшақ қанаттарына делдалсыз құю бойынша қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
ҚМГ 2023 жылы Атырау қаласындағы мұнай‑газ‑химия кешенінің бірінші кезеңін (полипропилен өндірісі) аяқтау, стратегиялық серіктестердің кіруі және мұнай‑газ‑химия жобаларын қаржыландыру мәселелерін шешу бағытында қарқынды жұмыс атқарды. Кешен ресми іске қосылғаннан бері 210 мың тоннадан астам полипропилен өндірді. Өндірілген шикізат Қазақстаннан бөлек, Еуропаға, Қытайға, Ресейге және Түркияға экспортқа жөнелтіледі. 2023 жылы отандық полимер бизнесінде сұранысқа ие полипропиленнің бес түріне тапшылық толығымен шешілді. 2024 жылдың ақпанында тағы екі жаңа полипропилен маркасының өндірісі жоспарда бар.
2022 жылғы 8 қарашада жылына 500 мың тонна өнім шығаруға мүмкіндік беретін зауыт іске қосылды. 2022 жылғы 7 қарашада Полипропилен өндіру зауытына және «Полиэтилен» жобасына «СИБУР» ЖАҚ‑тың кіруін көздейтін «Самұрық‑Қазына» АҚ, ҚМГ және «СИБУР» ЖАҚ арасындағы міндеттеуші құжатқа қол қойылды. 2022 жылы 32,3 мың тонна полипропилен өндірілді. Қазіргі таңда «KPI Inc.» компаниясы CNCEC мердігерімен және Lummus Technology лицензиарымен бірлесіп, жобалық көрсеткіштерге қол жеткізуді растау үшін барлық кешеннің технологиялық процесін тұрақты технологиялық режимге шығару, технологиялық қондырғылар жұмысындағы «олқы тұстарды» анықтау, кейіннен кепілдікті пайдалану сынақтарын жүргізе отырып, технологиялық жабдықтарды/блоктарды кешенді сынақтан өткізу бойынша іс‑шаралар жүргізуде. Қазақстан Республикасында Теңіз кен орнының шикізатынан қосылған құны жоғары, экспортқа бағдарланған өнімдерді шығара отырып, мұнай‑химия кластерін құру көзделген. 2024 жылы пайдалану‑кепілді сынақ жұмыстары аяқталғаннан кейін кәсіпорынды пайдалануға беру актісіне қол қою жоспарланған.
ҚМГ сондай‑ақ жылына 1 250 мың тонна полиэтилен өндіретін зауыт салу жобасын іске асыруда. Бүгінгі таңда жобаның техникалық‑экономикалық негіздемесі әзірленді. Полиэтилен өндіру және мұнай‑химия өнімдерін сату жөніндегі жобаны іске асыру үшін стратегиялық әріптес ретінде «СИБУР Холдинг» ЖАҚ және Sinopeс компаниялары тартылды. «Полиэтилен» жобасының алдын ала құны – 7,7 млрд АҚШ доллары. Жоба қатысушыларының 2023 жыл соңындағы құрылымы: ҚМГ – 49,9%, СИБУР – 40% және KMG PetroChem – 10,1%. Мақсатты құрылымы: ҚМГ – 29,9%, СИБУР – 30%, Sinopec – 30% және KMG PetroChem – 10,1%. «Полиэтилен» жобасын қаржыландыру құрылымы пысықталу сатысында және қарыз алу мен жеке қаржы есебін көздейді. Қазіргі уақытта жобалау жұмыстары белсенді жүргізілуде. Бұдан басқа, полиэтилен өндіру зауытын қажетті ресурстармен және инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін ҚМГ магистральды құбырлардың газ бөлу кешенін салу жөніндегі жобаларды (этан, пропан) іске асыру бойынша жұмысты қатар жүргізеді. Полиэтилен өндірісі жобасының және ілеспе инфрақұрылымдық жобалардың аяқталу мерзімі 2028 жылға жоспарланған.
ҚМГ ұлттық компания ретінде мынадай бағыттағы жобаларды іске асырады:
- еліміздің батыс өңірлерде «Астрахань‑Маңғышлақ магистральды су құбырын реконструкциялау және кеңейту», «Қашаған кен орнында газды кешенді дайындау қондырғысы үшін су құбырын салу» және «Кендірліде қуаты тәулігіне 50 000 текше метр теңіз суын тұщыту зауытын салу» сияқты сумен қамтамасыз ету мәселелерін шешетін жобалар. «Астрахань‑Маңғышлақ магистральды су құбырын реконструкциялау және кеңейту» жобасы «Астрахань‑Маңғышлақ» су құбырының өткізу қабілетін арттыру және халықты, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерін, өнеркәсіп және мұнай‑газ өндіруші кәсіпорындарды сумен қамтамасыз ету үшін тозған жабдықтарды жаңарту мақсатында 2023 жылдың желтоқсанында іске асырылды. Су құбырын реконструкциялау белгіленген мерзімнен 1 жылға ерте орындалды. 2023 жылы 13 желтоқсанда Атырау облысында жоба салтанатты түрде іске қосылды. Жобаның құрылысына 500‑ден астам адам жұмылдырылды. Нәтижесінде «Астрахань‑Маңғышлақ» су құбырының өткізу қабілеті тәулігіне 110 мың текше метрден 170 мың текше метрге дейін артады. Атырау облысында «Қашаған кен орнында газды кешенді дайындау қондырғысы үшін су құбырын салу» жобасы «Қашаған» кен орнында ілеспе газды өңдеу зауыты» объектісін сумен тұрақты қамтамасыз ету үшін іске асырылды. Су құбырының өткізу қабілеті тәулігіне 3 408 текше метрге немесе жылына 815 000 текше метрге тең, су құбырының жалпы ұзындығы 25,15 шақырым. Құрылыс‑монтаждау жұмыстары аяқталды, объектіні пайдалануға қабылдау актісіне 2023 жылғы 31 тамызда қол қойылды. «Кендірліде қуаты тәулігіне 50 000 текше метр теңіз суын тұщыту зауытын салу» жобасының инфрақұрылымы бойынша жобалау‑сметалық құжаттаманы дайындау аяқталды, 2023 жылдың желтоқсанында оң қорытынды алынды. Инфрақұрылым бойынша құрылыс‑монтаждау жұмыстары басталды. Су тарту зауыты мен қосалқы объектілердің жобасын іздестіру, әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Тұщыту зауыты бойынша жобалау‑сметалық құжаттама 2024 жылы наурыз айында аяқталады деп күтіледі.
- «жасыл» электр энергиясын өндіру есебінен төмен көміртегі ізін азайтуға бағытталған мәселелерді шешу: «Eni S.p.A. компаниясымен бірлесіп, қуаты 120 МВт ЖЭК гибридті электр станциясын салу» жобасына 2023 жылдың көктемінде Өзенмұнайгаз және ҚазГӨЗ кәсіпорындарына электр энергиясын тұрақты жеткізуді қамтамасыз ету, сондай‑ақ Қазақстан Республикасында көміртегі ізін азайту үшін стратегиялық серіктес Eni S.p.A. бірлесіп бастама жасалды. Жоба жаңартылатын энергия көздерінен (жел мен күн) және газ станциясынан электр энергиясын өндіруді көздейді. Бүгінгі таңда жел мен күннің әлеуетін есептеу жұмыстары, жобаның орналасуын анықтау, жобаның техникалық‑экономикалық бағасы аяқталды. 2024 жылы жоба объектілерінің құрылысын бастау көзделіп отыр, жоспарға сай жоба 2025 жылы толық пайдалануға берілмек. «Eni S.p.A. компаниясымен бірлесіп, қуаты 120 МВт ЖЭК гибридті электр станциясын салу» жобасының алдын ала құны – 306 млн АҚШ доллары (ҚМГ 49% үлесіне ‑ 105 млн АҚШ доллары тиесілі). Сонымен қатар ҚМГ «Самұрық‑Қазына» АҚ мен Total Eren компаниясымен бірлесіп іске асыратын «Қазақстан Республикасында 300 МВТ/600 МВТс электр энергиясын жинақтау жүйесі бар жиынтық қуаты 1 ГВт ЖЭС салу. «Мирный жобасына» да 2023 жылдың жазында бастама жасалды. Жоба Жамбыл облысының Мойынқұм ауданындағы Мирный кентінде салынатын болады. «Мирный» жобасы Қазақстан Республикасының оңтүстік өңірлерінде электр энергиясын ірі көлемде өндіруге, СО2 шығарындыларын азайтуға және ҚМГ төмен көміртекті даму бағдарламасы аясында офсет бірліктерін өндіруге бағытталған. Бүгінгі таңда техникалық‑экономикалық зерттеу, соның ішінде жел электр станциясы құрылысының орналасуы анықталған аймақтағы желдің есу әлеуетін зерттеу жүргізіліп жатыр. «Қазақстан Республикасында 300 МВТ/600 МВТс электр энергиясын жинақтау жүйесі бар жиынтық қуаты 1 ГВт ЖЭС салу. «Мирный жобасының» алдын ала құны – 1 173 млн АҚШ доллары (ҚМГ 20% үлесіне ‑ 235 млн АҚШ доллары тиесілі). Жоба екі кезеңге бөлініп жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, алдымен 300 МВт қуаты, одан кейін 700 МВт салынады. Жел‑электр станциясында электр энергиясын жинақтайтын жүйе орнатылады, бұл жел генерациясының үзіктігі салдарынан тұрақсыз болу тәуекелін азайтады.
- сарқынды суларды мұнай өнімдерінен тазарту мәселелерін шешу. Атырау мұнай өңдеу зауытында Tazalyq жобасы аясында жабық типтегі сарқынды суларды механикалық тазарту қондырғыларын реконструкциялаудың екінші кезеңі жалғасуда. Кезең барысында біркелкілеу резервуарларды, сорғы станцияларының ғимараттарын, өзі жуылатын сүзгілер мен флотатор алаңдарын салу бойынша жұмыс атқарылып жатыр. Жоспар бойынша іске қосу‑баптау жұмыстары 2024 жылдың басында жүргізіледі. Бірінші кезең аяқталғаннан кейін жаңартылған механикалық тазарту қондырғыларында айына орта есеппен 12 мың текше метр мұнай шламы өңделеді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша сарқынды суларды мұнай өнімдерінен тазарту тиімділігі 83%‑ға жетті. Сарқынды суларды қалқымалы заттардан тазарту тиімділігі 20%‑ға ұлғайды. Мұнай шламын тұрақты өңдеу есебінен өңдеуге қайтып келген мұнай көлемі айына орта есеппен 3 280 тоннаға жетті. Осылайша, 2023 жылы 38 994 тонна тауарлық мұнай өнімі өңдеуге қайтарылды. Сонымен қатар «АМӨЗ» ЖШС Tazalyq жобасы аясында булану алқаптарын қалпына келтіру және нормативті‑тазартылған сарқынды сулардың ашық арнасын реконструкциялау шараларын қолға алды. Бүгінгі таңда зауыт сарқынды суларды ағызатын құбырларды бас кәріздік сорғы стациясына және кәріз‑тазарту станциясына дейін салу жұмыстарын аяқтады. Сондай‑ақ буланы алқаптарының 1‑2‑ші секторларын қалпына келтіру жұмыстары аяқталды. 3‑4‑ші секторларды кептіру мен қалпына келтіру жұмыстары АМӨЗ сарқынды суларын Атырау қаласының кәріз‑тазарту станциясына ағызуға рұқсат берілгеннен кейін басталады.