2023 жылдың басты қаржы көрсеткіштеріСомалар ыңғайлы болу үшін тиісті кезеңдегі орташа айырбастау бағамы бойынша АҚШ долларымен көрсетілген (2022 және 2023 жылдардағы орташа бағам бір АҚШ долларына шаққанда тиісінше 460,23 және 453,21 теңгені құрайды; 2022 жылғы 31 желтоқсанда және 2023 жылғы 31 желтоқсанда — кезең соңындағы бағам АҚШ долларына шаққанда тиісінше 462,65 және 454,56 теңгені құрайды).
Түсім
Түсім 2023 жылы 8 320 млрд теңгені (18 236 млн АҚШ доллары) құрап, 2022 жылғы көрсеткіштен 4,3%‑ға төмен болды. Түсім динамикасына Brent маркалы мұнайдың орташа бағасының 2022 жылмен салыстырғанда 2023 жылы 18,4%‑ға төмендеуі теріс әсерін тигізді.
Бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялар пайдасындағы үлес
2023 жылы бірлескен кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялар пайдасындағы үлес негізінен «Теңізшевройл» ЖШС‑нен түсетін пайданың 402 млрд теңгеге (864 млн АҚШ доллары) және Каспий құбыр консорциумынан түсетін пайданың 53 млрд теңгеге (114 млн АҚШ доллары) азаюы салдарынан 46,1%‑ға төмендеп, 534 млрд теңге (1 171 млн АҚШ доллары) болды.
Өзіндік құн
Есепті кезеңде сатып алынған мұнайдың, газдың, мұнай өнімдерінің және басқа да материалдардың өзіндік құны 6,8%‑ға төмендеп, 4 622 млрд теңгеге (10 131 млн АҚШ доллары) жетті. Өзіндік құнның төмендеуі көбіне қайта сату үшін сатып алынған мұнайдың орташа бағасының төмендеуіне байланысты болды.
Басқа шығын түрлері
Өндірістік шығын 6,6%‑ға артып, 1 220 млрд теңгеге (2 674 млн АҚШ доллары) жетті. Бұл көрсеткішке негізінен ҚМГ қызметін жүзеге асыратын өңірлердегі жұмысшылардың жалақысын индексациялау, сондай‑ақ көлік қызметтеріне және қысқа мерзімге жалға алуға жұмсалған шығынның көбеюі себеп болды.
Есепті кезеңде тасымалдау және сату бойынша шығыстар 246 млрд теңгені (538 млн АҚШ доллары) құрады, бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 19,6%‑ға жоғары. Бұл көрсеткіштің өсуіне KMG Kashagan B. V. бойынша мұнай сату көлемінің ұлғаюы, сондай‑ақ KMG International мұнай өнімдерін сату көлемінің ұлғаюы себеп болды.
Жалпы және әкімшілік шығыстар 10,8%‑ға артып, 178 млрд теңгеге (390 млн АҚШ доллары) жетті. Бұл көрсеткіш жалақыға жұмсалатын шығынның көбеюіне және ХҚЕС талаптарына сәйкес қалыптасатын дебиторлық берешек қорының артуына байланысты өсті.
Табыс салығынан басқа, салық түрлері әсіресе шикі мұнай экспортына рента салығының, мұнай бағасының төмендеуі салдарынан пайдалы қазбаларды өндіру салығының төмендеуі, сондай‑ақ экспорттық кеден бажы бойынша шығыстардың азаюы есебінен 594 млрд теңгеге (1 302 млн АҚШ доллары) жетіп, 12,4%‑ға қысқарды.
Жалақы төлеуге жұмсалатын шығын 2023 жылы 612 млрд теңгеге (1 341 млн АҚШ доллары) жетіп, бір жылда 15,6%‑ға өскенін көрсетті және жиынтық кіріс туралы шоғырландырылған есепте өндірістік шығындар, тасымалдау және сату шығындары, жалпы және әкімшілік шығыстар құрамында көрсетілді.
2023 жылы қаржылық шығын 322 млрд теңгеге (706 млн АҚШ доллары) жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда 4,6%‑ға артық болды. Бұл көрсеткішке негізінен теңге бағамының әлсіреуіне байланысты қарыздар мен облигациялар бойынша пайыздық шығыстың ұлғаюы, сондай‑ақ кейбір пайыздық мөлшерлеменің өсуі әсер етті.
Активтердің құнсыздануы
2023 жылы жүргізілген бағалау нәтижесінде ҚМГ тобы бойынша активтердің құнсыздануынан болған шығын 230,6 млрд теңгеге (505 млн АҚШ доллары) жетті, бұл 2022 жылы анықталған 19,9 млрд теңге (43 млн АҚШ доллары) құнсыздану көлемінен 1 058%‑ға артық. «Жеңіс» жобасында бұрғылау жұмысының теріс нәтижелеріне, сондай‑ақ Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігінен Ақтоты және Қайран учаскелеріне жер қойнауын пайдалану құқығын тоқтату туралы хабарлама алуына байланысты активтердің құнсыздануынан 114,5 млрд теңге мөлшерінде шығын анықталды. Сонымен қатар Компанияның еншілес ұйымы – KMG International мұнай‑газ нарығында мұнай өңдеу маржасының құбылмалығын қоса алғанда, құнсыздану индикаторларына байланысты негізгі құралдар мен материалдық емес активтердің құнсыздануынан 95 млрд теңгеге залал анықтады. 2023 жылғы маусымда KMG International‑ға қарасты «Петромидия» мұнай өңдеу зауытында «Жеңіл гидрокрекинг» қондырғысы жұмысының уақытша тоқтауына әкеп соққан оқыс оқиға болып, соның салдарын бағалау нәтижесінде негізгі құралдардың құнсыздануынан 2,7 млрд теңге сомаға залал анықталды.
Таза пайда
Компанияның таза пайдасы 2022 жылмен салыстырғанда 29,2%‑ға төмендеп, 924 млрд теңгені (2 026 млн АҚШ долларын) құрады. Таза пайданың азаюының басты факторы – есепті жылы мұнай бағасының төмендеуі.
Есепті кезеңде Бас компанияның акционерлеріне таза пайда 960 млрд теңгеге (2 105 млн АҚШ доллары) жетті.
Күрделі шығындар
2023 жылы Компанияның күрделі шығындары (есептеу тәсілі бойынша, сегменттік есепте жария етілген) 804 млрд теңгені (1 761 млн АҚШ доллары) құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 50,2 %‑ға артты. Бұл көрсеткішке негізінен ӨМГ, ЕМГ‑де ұңғымаларды бұрғылауға, Өзен‑Атырау‑Самара құбырының учаскесін ауыстыруға, сондай‑ақ Астрахань‑Маңғышлақ магистральды су құбырын реконструкциялау мен кеңейтуге жұмсалған шығын әсерін тигізді.
EBITDA
EBITDA шоғырландырылған көрсеткіші бір жыл бұрынғы 2 536 млрд теңгемен (5 502 млн АҚШ доллары) салыстырғанда 1 995 млрд теңгені (4 372 млн АҚШ доллары) құрап, 21,4%‑ға төмендеді.
EBITDA түзетілген көрсеткіші 2022 жылдағы 2 007 млрд теңгемен (4 355 млн АҚШ доллары) салыстырғанда, 3,6%‑ға артып, 2 080 млрд теңгеге (4 560 млн АҚШ доллары) жетті.
ҚМГ‑ның тігінен интеграцияланған қызметін ескере отырып, EBITDA көрсеткішін төмендегі сегменттерге бөле отырып талдаймыз. Сегменттік ақпаратты ХҚЕС негізінде талдаймыз және жариялаймыз. Сегменттердің пайдасы кіріс пен таза пайда көрсеткіштері негізінде қаралады. ҚМГ компаниялар тобының операциялық сегменттерінің өндірілетін өнім мен көрсетілетін қызмет түрлеріне сай жеке құрылымы мен басқаруы бар, барлық сегмент небір өнім түрлерін ұсынатын және түрлі нарыққа қызмет көрсететін бизнестің стратегиялық бағыттарынан тұрады. ҚМГ қызметі мынадай операциялық сегменттерді қамтиды: мұнай мен газды барлау және өндіру, мұнай тасымалдау, шикі мұнай мен мұнай өнімдерін өңдеу және сату, ҚМГ корпоративтік орталығының қызметі және т.б. (мұнай сервистік және басқа да ұйымдар). Компания корпоративтік орталықтың қызметін бөліп көрсетеді, өйткені ҚМГ бас компанияның функцияларын орындап қана қоймай, операциялық қызметті де жүзеге асырады (АМӨЗ және ПМХЗ‑да шикі мұнайды өңдеп, өндірілген мұнай өнімдерін ішкі және экспорттық нарыққа сатады).
2023 жылы сегменттер бойынша EBITDA көрсеткіші өсуінің негізгі факторы – Brent маркалы мұнайдың орташа бағасының төмендеуі салдарынан «Мұнай‑газды барлау және өндіру сегментінің» 21,9%‑ға азаюы.
Ақша қаражаты мен олардың баламалары
Шоғырландырылған ақша қаражаты мен олардың баламалары, соның ішінде депозит түріндегі ақша қаражаты 2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша 2022 жылғы 31 желтоқсандағы көрсеткішпен салыстырғанда 5,6%‑ға ұлғайып, 2 112 млрд теңгеге (4 646 млн АҚШ доллары) жетті. Ақша қаражаты мен олардың баламаларының ұлғаюы негізінен операциялық қызметтен түскен 1 668 млрд теңге (3 655 млн АҚШ доллары) сомасындағы оң таза ақша ағымымен байланысты, бұл күрделі шығынмен және акционерлерге дивиденд төлеумен ішінара теңестірілді. Шоғырландырылған ақша қаражаты мен олардың баламалары доллармен есептегенде 2022 жылғы 31 желтоқсандағы 4 324 млн АҚШ доллары деңгейіндегі көрсеткішпен салыстырғанда, 4 646 млн АҚШ долларына, яғни 7,4%‑ға артты.
Алынған дивиденд
ҚМГ компаниялар тобы үшін – ҚМГ бас компания және өзінің еншілес және тәуелді ұйымдарынан, бірлескен кәсіпорындарынан және қауымдасқан компаниялардан дивиденд алады. 2023 және 2022 жылдары Компания тиісінше 620 млрд теңге (1 359 млн АҚШ доллары) және 462 млрд теңге (1 003 млн АҚШ доллары) алды. 2023 жылы ТШО‑дан түскен дивиденд 427 млрд теңгеге (936 млн АҚШ доллары), Каспий құбыр консорциумынан 114 млрд теңгеге (250 млн АҚШ доллары) жетті.
Төленген дивиденд
«Самұрық‑Қазына» АҚ‑ның 2023 жылғы 30 мамырдағы шешіміне сәйкес ҚМГ 302 млрд теңге (679 млн АҚШ доллары), соның ішінде «Самұрық‑Қазына» АҚ мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне 300 млрд теңге сомасында (675 млн АҚШ доллары) дивиденд төледі.
Қарызды басқару
Компанияның қаржылық міндеттемелері облигация мен қарыздан тұрады. Борыштық портфель негізгі кіріс валютасы – АҚШ долларымен жасақталады. Тиісінше, туынды қаржы құралдарын пайдаланбай‑ақ валюталық тәуекелді органикалық хеджирлеу әсеріне қол жеткізіледі.
Жалпы қарыз
2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша жалпы қарызКепілді міндеттемелерді қоспағанда. 3 757 млрд теңгеге (8 265 млн АҚШ доллары) жетіп, 2022 жылғы 31 желтоқсандағы көрсеткішпен салыстырғанда теңгемен 9,6%‑ға (доллармен есептегенде 8 %‑ға) азайған.
2023 жылы сәуірде ҚМГ 2025 жылға дейінгі өтеу мерзімімен 500 млн АҚШ доллары сомасына еурооблигацияларды мерзімінен бұрын толық өтеді.
2023 жылы желтоқсанда «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС ВТБ Банкінен алған 42 371 млрд рубль (213 729 млрд теңгеге тең) сомасындағы қарызды сыйақысымен бірге толық өтеді, сондай‑ақ Халық банкінен алған жалпы сомасы 102 674 млн теңге қарызын сыйақысымен бірге ішінара өтеді.
Жалпы қарыздың азаюы KMG International‑дің айналым капиталын қаржыландыру мақсатында 307 млн АҚШ доллары синдикатталған қарыз (140 млрд теңгеге тең) тарту есебінен, Bank of Tokyo Mitsubishi UFJ. Ltd банкінен 101 млн АҚШ доллары сомасында (46 млрд теңгеге тең) және Banque de Commerce et de Placements‑тен 83 млн АҚШ доллары көлемінде (38 млрд теңгеге тең) қарыз алуымен ішінара өтелді.
Таза қарыз
2023 жылғы 31 желтоқсанда таза қарыз 1 645 млрд теңгені (3 620 млн АҚШ доллары) құрап, 2022 жылғы 31 желтоқсанмен салыстырғанда теңгемен 23,6%‑ға азайған.