ҚМГ даму стратегиясы
Контекст
ҚМГ даму стратегиясының басты басымдықтарының бірі – басты бизнес‑процестерімен тұрақты даму қағидаттарын біріктіруді жалғастырады, себебі Компания өзінің экономикаға, экологияға және қоғамға әсер ету маңызын жете түсінеді. Алдағы он жылда Компанияның өсуі ресурстық базаны толықтыру, өндіріс тиімділігі, құн тізбегін ұзарту, озық технологияларды енгізу және көміртегі ізін қысқарту есебінен қамтамасыз етілетін болады.
Компания инвестициялық жобаларды жан‑жақты зерттеп барып іріктеп, олардың басымдығын анықтайды. Инвестицияларды ҚМГ‑ның тиімділігі жоғары әрі стратегиялық маңызды жобаларға ғана құяды. ҚМГ акционерлер үшін барынша көп пайданы қамтамасыз етуге және мемлекеттің мұнай‑газ секторында мүддесін сақтауға назар аудара отырып, капиталды бөлудің орынды саясатын ұстануды жалғастырады. Компания қарыздың теңгерімді деңгейін ұстап тұру және өтімділіктің күшті позициясын қамтамасыз ету мақсатында консервативті қаржы саясатын ұстануға тырысады.
ҚМГ стратегиялық міндеттерді орындауға жеткілікті ақша ағымын қалыптастыратын көмірсутекті өндіру, тасымалдау және өңдеу бойынша тұрақты өндірістік циклды жүзеге асыру бөлігінде бәсекелестік артықшылыққа ие. Компания ресурстық базаны толықтыру үшін Каспий құрлығы мен қайраңында жер қойнауын пайдалану активтерін алудың өзінің басым құқығын пайдаланады.
Арзан шикізатқа қолжетімділік ҚМГ‑ның мұнай‑газ химия саласын барынша еркін дамытуға жол ашады, ол өз кезегінде Компанияның қосылған құн тізбегі түрлері және сапасын кеңейтеді.
Табысты өсу тарихының басты факторлары – өндіріс көлемін арттыру есебінен тұрақты ақша қаражатын қалыптастыру және тұрақты даму стратегиясын іске асыру. ҚМГ таза энергия көздеріне көшудің ұзақ мерзімді тенденцияларын ескере отырып, қаржылай табысты сақтау мақсатында шығарындылары «нөлдік» деңгейдегі төмен көміртекті жобалар портфелін жасақтап жатыр.
Компанияның өсуін қамтамасыз ету үшін жеткілікті ресурстық база
Компанияның өсуін қамтамасыз ету үшін жеткілікті ресурстық база
ҚМГ алдағы он жылда тұрақты өндіріс деңгейін қамтамасыз ету үшін құрлықта да, Каспий қайраңында да геологиялық барлау жобаларын жүзеге асырады.
Осы стратегиялық мақсат аясында ҚМГ органикалық және бейорганикалық өсу арқылы дәстүрлі қызмет, сондай‑ақ перспективалы бағыттар үшін де жеткілікті қорлардың өсімін қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.
Қазақстан Республикасында жаңа қорларды барлау мен игеру жұмыстарын ҚМГ, соның ішінде халықаралық мұнай‑газ компанияларымен стратегиялық серіктестік арқылы іске асырады.
2023 жылы Компания «Абай» теңіз жобасы, құрлықтағы «Торғай Палеозой», «Қаратон Подсолевой», «Тайсойған» жобалары бойынша белсенді жұмыс жүргізе бастады.
«Қаратон Подсолевой» – перспективті барлау жобасы, мұнда бірінші кезектегі барлау объектісі – Теңіз және Королев кен орындарына жақын орналасқанға ұқсас, терең тұзасты шоғыры. 2023 жылғы маусымда ҚМГ Қаратон Подсолевой учаскесінде көмірсутектерді барлауға және өндіруге келісімшарт алды. 2023 жылы қыркүйекте Karaton Operating Ltd. еншілес компания ашылып, оған жер қойнауын пайдалану құқығы берілді.
Тайсойған барлау учаскесі ҚМГ‑ге 100% тиесілі еншілес кәсіпорын – «Ембімұнайгаз» АҚ қызметі аймағында орналасқан. 2022 жылы Тайсойған‑1 және Тайсойған‑2 учаскелері бойынша барлау мен өндіруге келісімшарттар алынды. 2023 жылдың мамыр айында бұл келісімшарттар бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы геологиялық барлау жұмыстарын жалғастыру үшін Ембімұнайгазға берілді. Геологиялық жұмыстардың нәтижесі табысты болған жағдайда, қордың сарқылуын ескерсек, бұл жоба ЕМГ‑де өндірудің тұрақты деңгейін ұстап тұруға мүмкіндік беретін болады.
2023 жылы ҚМГ мен «ЛУКОЙЛ» ЖАҚ Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы «Қаламқас‑теңіз, Хазар, Әуезов» учаскесінің жер қойнауын игеру жобасы бойынша бірқатар келісімге қол қойды. Қаламқас‑теңіз, Хазар, Әуезов кен орындары ЖАҚ Каспий теңізінің қазақстандық секторында орналасқан. Тереңдігі – 8 метрге жуық.
Компанияның құн тізбегі тиімділігін арттыру
Компанияның құн тізбегі тиімділігін арттыру
ҚМГ мұнай өндіру, өңдеу, тасымалдау және маркетинг сияқты қызмет бағыттарынан түсетін пайданы барынша көбейту және барлық басты сегменттердегі операциялық жұмысты жақсарту мақсатында негізгі қызметіне ден қояды.
Операциялық активтердегі өндіру деңгейінің табиғи төмендеуінің орнын толтыру мақсатында Компания мұнайдың игерілу коэффициентін жоғарылату және жөндеу жұмыстарының аралық кезеңі көрсеткіштерін ұлғайту, сондай‑ақ ұңғымалардың ең жоғары өнімділігіне қол жеткізу үшін өндірістік қызметтің тиімділігін арттыру жөніндегі басқа да шараларды іске асыру бойынша жұмысты жалғастырады.
Компания «Теңіз», «Қарашығанақ» және «Қашаған» ірі жобалары бойынша өндіру деңгейін көтеру, ұзарту және ұстап тұру жобаларын табысты іске асыруға назар аударады.
2023 жылы ҚМГ Шығыс Өріктау кен орнын өнеркәсіптік пайдалануға берді. «Өріктау Оперейтинг» ЖШС Қазақстанда алғашқылардың бірі болып жақсартылған модельдік келісімшарт аясында кен орнын өнеркәсіптік игеруге көшті. Шығыс Өріктау кен орнын одан әрі дамыту мақсатында қосымша тағы тоғыз пайдалану ұңғымасын бұрғылау жоспарда бар, бұл мұнай өндіру көлемін жылына 200 мың тоннаға дейін, ал ілеспе газ өндірісін жылына 100 млн текше метрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Шығыс Өріктау кен орнын іске қосу арқылы Орталық Өріктау кен орнын толық көлемде игеруге маңызды қадам жасалды. Орталық Өріктау газ конденсатты кен орны және табиғи газдың едәуір қорын қамтиды. Бұл учаскеде жылына 1 млрд текше метр көлемінде газ өндіру жоспарлануда.
Компания сонымен қатар экспорттық және транзиттік бағыттарды кеңейту үшін құрылған мұнай‑көлік инфрақұрылымын тиімді пайдалануды мақсат етеді. ҚМГ сыртқы факторлар мен геосаяси сын‑қатерлерді ескере отырып, Қазақстан мұнайын экспорттайтын қосымша маршруттарды дамыту бағытындағы жұмысты жалғастыруда. Компания оңтүстік дәлізді ашу және Қытайға жөнелтілетін өнім көлемін ұлғайту бойынша серіктестерімен келіссөз жүргізуде.
ҚМГ мен SOCAR арасындағы бұдан бұрын қол жеткізілген келісімдерге сай 2023 жылы Ақтау‑Баку‑Джейхан бағыты бойынша жыл сайынғы көлемі 1,5 млн тонна қазақстандық мұнайды тасымалдау басталды. Қазіргі уақытта Әзербайжан тарапымен бірлесіп, Әзербайжан Республикасының аумағы арқылы Қазақстан мұнайы транзитінің көлемін ұлғайтудың жоспары әзірленді. Мұнай өндіру көлемінің өсуіне қарай ҚМГ Баку‑Тбилиси‑Джейхан мұнай құбыры арқылы мұнай тасымалының көлемін ұлғайту мүмкіндігін қарастыруда. Тасымалдау көлемінің ұлғаюын сақтау осы бағыт бойынша мұнай жөнелтудің экономикалық тиімділігіне байланысты болады. 2023 жылы Атырау‑Самара мұнай құбыры, әрі қарай Дружба құбыры арқылы Германияға бағытындағы маршрут бойынша мұнай тасымалдай бастадық. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Германияға 993 мың тонна мұнай жеткізілді.
Теңіз тасымалының технологиялығын дамыту аясында 2023 жылдың қаңтарында Біріккен Араб Әмірліктеріндегі серіктесіміз Abu Dhabi Ports (ADP) компаниясымен бірлескен кәсіпорын ашылды. Кәсіпорын Taraz және Liwa екі танкерін сатып алды. Танкерлер Каспий теңізінде Қазақстан мұнайын тасымалдауға жұмылдырылды. Бұдан бөлек, 2023 жылдың ортасынан ҚМГ/ADP компанияларының бірлескен танкерлер пулы Теңіз кен орны мұнайын ашық теңіздерде тасымалдай бастады. Атап айтқанда, «Теңізшевройл» компаниясымен келісімшарт қабылданды. Танкерлер мұнайды Новороссийск теңіз портынан бастап бүкіл әлемге тасымалдайды. Бұдан бұрын бұл тасымалды тек Chevron Tankers Limited іске асырған болатын.
ҚМГ‑ның маңызды міндеті — мұнай өңдеу зауыттарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету және ішкі нарықтың мұнай өнімдеріне қажеттілігін өтеу. Бүгінгі таңда ел аумағындағы мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту есебінен Компания еліміздің бұл стратегиялық міндетін атқарып қана қоймай, мұнай өнімдерінің бір бөлігін экспортқа жөнелтеді.
Компания операциялық шығындарды оңтайландыру және жеткізу тізбегінің тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстарды тұрақты негізде жүргізеді.
Бизнесті әртараптандыру және өнімдер портфелін кеңейту
Бизнесті әртараптандыру және өнімдер портфелін кеңейту
ҚМГ Қазақстан Республикасы Үкіметінің қолдауымен еліміздіңмұнай‑газ химиясы саласын дамыту процесіне барынша тартылған. Мұнай‑газ химиясы ұлттық экономика өсуінің тағы бір қозғаушы күшіне айналмақ, себебі мұнай‑газ химиясының бүкіл еліміз үшін мультипликативті әсері бар.
Мұнай‑газ химиясы мұнайға әлемдік сұраныстың ірі драйверіне айналуда. Компания мұнай‑газ химиясы жобаларын және ұзақ мерзімді перспективада мұнайға әлемдік сұранысты қайта бөлу жағдайында құны жоғары мұнай‑химия өнімдерін шығаруды қамтамасыз ету үшін қосымша көмірсутек ресурстарын пайдаланатын және тартатын болады.
2023 жылы Мұнай‑газ химиясы кешенін дамыту тұжырымдамасы әзірленіп, 2024 жылы бекітуі жоспарланып отыр.
Тұрақты даму және өндірісте көміртегі сыйымдылығын жүйелі төмендету
Тұрақты даму және өндірісте көміртегі сыйымдылығын жүйелі төмендету
ҚМГ өзінің экономикаға, қоршаған ортаға және қоғамға әсерінің маңыздылығын жете түсінеді және экономикалық, экологиялық, әлеуметтік басымдықтардың, сондай‑ақ корпоративтік басқару саласындағы міндеттердің үйлесімдігін қамтамасыз ету мақсатында Компанияның негізгі бизнес‑процестерін тұрақты даму қағидаттарымен біріктіруді жалғастырады. ҚМГ ESG мақсаттарын Компания менеджментінің тиімділігін бағалау жүйесімен біріктіру жұмысын тұрақты жүргізіп келеді.
2023 жылдың қараша айында ҚМГ‑ге 2022 жылға жаңартылған ESG тәуекел рейтинг берілді, ол 32,3 балға тең. Sustainalytics агенттігі компаниядағы ESG тәуекелін басқару жұмысын «мықты» деп бағалады. ҚМГ мақсаты – 2031 жылға қарай ESG тәуекел‑рейтингінің орташа деңгейінде өз позицияларын нығайту.
Компания ESG көрсеткіштерін жақсартуға және ESG мақсаттарын корпоративтік және функционалдық басты қызмет көрсеткіштеріне интеграциялауға ұмтылады. ҚМГ қызметкелерімен және кәсіподақтармен серіктестік орнату қағидаттарына негізделген жоғары әлеуметтік жауапкершілік нормаларына ұмтылады.
Компания сондай‑ақ қызметкердің денсаулығын және өмір сүру сапасын тиімді басқарудың деңгейін көтеруге ұмтылады. Қызметкерлердің денсаулығын қорғау бойынша ортақ тәсілдерді енгізу және көрсеткіштерді жақсарту мақсатында ҚМГ компаниялары тобында Персоналдың денсаулығын басқару жөніндегі бағдарлама әзірленді.
Компания климаттық жай‑күйінің стратегиялық маңыздылығын ескере отырып, 2022‑2031 жылдарға арналған Төмен көміртекті даму бағдарламасын іске асырып келеді. Бұл құжат Компанияның климаттық амбицияларын, көміртегі ізін төмендету бойынша негізгі тәсілдер мен шараларын айқындайды.
ҚМГ көміртегі ізін төмендетуге сараланған тәсілді таңдайды және 2031 жылы парник газ шығарындыларын 2019 жылғы деңгеймен салыстырғанда 15%‑ға төмендетуді мақсат етіп қойды.
Сондай‑ақ Компанияда жалпы қуаты кемінде 300 МВт жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) жобаларын іске асыруды жоспарлап отыр.
2024 жылы 18 қаңтарда Римде (Италия) ҚМГ және Eni S.p.A. Жаңаөзен қаласында гибридті электр станциясын салу жобасын іске асыру туралы шешімге қол қойды. Жоба Eni Plenitude еншілес компаниясымен бірлесіп Жаңаөзенде жел (77 МВт) және күн электр станциясын (50 МВт), сондай‑ақ қуаты 120 МВт газ электр станциясын салуды көздейді. Бұл бастама ҚМГ‑ның өңірдегі өндірістік нысандарын электр қуатымен тұрақты түрде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар 2023 жылдың жазында «Қазақстан Республикасында 300 МВТ/600 МВТс электр энергиясын жинақтау жүйесі бар жиынтық қуаты 1 ГВт ЖЭС салу» жобасына бастама жасалды. «Мирный» деп аталатын бұл жобаны ҚМГ, Самұрық‑Қазына және Total Eren бірлесіп іске асырып жатыр. «Мирный» жобасы Қазақстан Республикасының оңтүстік өңірлерінде электр энергиясын ірі көлемде өндіруге, ҚМГ төмен көміртекті даму бағдарламасы аясында СО2 шығарындыларын азайтуға және офсет бірліктерін өндіруге бағытталған.
Белгіленген төрт стратегиялық мақсатты жүзеге асыру нәтижесінде ҚМГ ұлттық экономиканы әртараптандыруға және Қазақстан Республикасының көміртегі ізін азайтуға үлес қосады, осылайша Компанияның өсіміне және қазақстандықтардың әл‑ауқатын арттыруға, сондай‑ақ болашақ ұрпақ үшін экологияның сақталуына ықпал етеді. ҚМГ қосымша жаңа активтерді іздеу мен сатып алуды M&A мәмілелері, олардың құны мен нарықтың жалпы конъюнктурасы бойынша ұсыныстар түскен кезде жүзеге асырады.
ҚМГ Даму стратегиясы, стратегиялық мақсаттары мен міндеттері мүдделі тараптар үшін корпоративтік сайтта (