Төмен көміртекті даму бағдарламасы

Декарбонизация, технологиялық жаңғырту және ESG қағидаттарын корпоративтік басқару процестеріне интеграциялау қағидаттарына негізделген жаһандық энергетикалық ауысу мәселесі дамыған елдермен қатар, дамушы мемлекеттердің де ұзақ мерзімді экономикалық даму стратегиясын жаңғыртудың өзегіне айналды.

Бүгінгі таңда бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ұмтылатын елдерге декарбонизация әлеуетін және төмен көміртекті технологияларды қолдану мүмкіндігін бағалау керек, сондай‑ақ шығарындыларды азайту мәселесін шешуде еңсеруді қажет ететін кедергілер мен сын‑қатерлерді анықтау міндеті тұр.

Әлемдегі көміртегі нарықтарын талдау негізінде алдағы онжылдықтарда климатқа теріс әсерді азайтуға және энергия тиімділігін арттыруға негізделген төмен көміртекті саясат озық экономиканың негізгі сипаттамасына айналатыны анықталды. Мұнай‑газ компаниялары жаңартылатын энергия көздері, төмен көміртекті отын, көміртекті тұту және сақтау (CCUS), төмен шығарынды сутегі және парник газдары шығарындыларын азайтудың басқа технологиялары сияқты болашақ энергетикалық жүйелерге инвестиция салу арқылы энергия ауысуын жеделдетуде маңызды рөл атқаруы керек.

ҚМГ климат мәселесінің күн тәртібіндегі маңызын ескере отырып, 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу және елдің парник газдары шығарындыларын 1990 жылғы деңгейден 15%‑ға төмендету жөніндегі мақсаттарын қолдай отырып, өз қызметінде декарбонизацияны қалыпты, өлшемді әрі бірізді түрде енгізуді көздейді. Бұл міндетті орындау үшін ҚМГ 2022‑2031 жылдарға арналған Төмен көміртекті даму бағдарламасын (ТКДБ) қабылдады. 2021 жылы қарашада бекітілген бағдарламаны іске асыру үшін 2022 жылдан 2031 жылға дейінгі кезеңге арналған «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Іс‑шаралар жоспары әзірленіп, бекітілді. Іс‑шаралар жоспары төрт бағыт бойынша парник газдары шығарындыларын азайтуға бағытталған бірқатар іс‑шараны қамтиды: энергия тиімділігі, ЖЭК, метан шығарындыларын бақылау, ұйымдастыру шаралары. Осы шараларды іске асыру ҚМГ‑ның Төмен көміртекті даму бағдарламасында қойылған парник газдары шығарындыларын 2031 жылға қарай 15%‑ға төмендету жөніндегі мақсатқа қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Директорлар кеңесі өз құзыреті шегінде тұрақты даму саласындағы тиісті жүйені қалыптастыруды және оны іске асыруды қамтамасыз етеді, ал барлық деңгейдегі лауазымды тұлғалар мен барлық қызметкер төмен көміртекті дамуға өз үлесін қосады.

Директорлар кеңесі климаттың өзгеруі саясаты мен стратегиясы, энергетика және климаттың өзгеруі саласындағы мақсаттарды бекітеді.

2023 жылы Директорлар кеңесінің тұрақты даму мәселелері жөніндегі жыл сайынғы отырыстары өткізілді, онда ҚМГ‑ның Төмен көміртекті даму бағдарламасын іске асыру барысы, сондай‑ақ TCFD ұсынымдары және ҚМГ үшін қаржылық есептіліктің жаңа стандарттары бойынша ақпаратты жария ету мәселелері қаралды.

ҚМГ 2022-2031 жылдарға арналған төмен көміртекті даму бағдарламасы

The Carbon Disclosure Project (CDP) Климаттық бағдарламасының көміртегі бойынша есебіне сәйкес, ҚМГ 2019 жылдан бастап парник газдарының тікелей және жанама шығарындылары туралы деректерді, парник газдары шығарындыларын басқару мәселелерін, ҚМГ‑ның барлық активтері бойынша, соның ішінде Румыния мен Грузиядағы халықаралық активтерді қоса алғанда, негізгі тәуекелдер мен мүмкіндіктер туралы ақпаратты жариялайды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша ҚМГ‑ге Климаттық рейтингте «С» бағасы берілді. ҚМГ‑ның 2022‑2031 жылдарға арналған Төмен көміртекті даму бағдарламасын іске асыру шеңберінде Компания CDP Климаттық рейтингін біртіндеп жақсартуды жоспарлап отыр және климаттық өзгерістерді басқару бойынша ең үздік қолжетімді технологияларды енгізетін көшбасшы компанияларға берілетін «А» деңгейіне қол жеткізуді көздейді.

2023 жылдың шілдесінде 2022 жылдың қорытындысы бойынша ҚМГ Климаттық сауалнамасы жарияланды. Есепке сәйкес, 2022 жылдың нәтижелері бойынша ҚМГ компаниялар тобындағы көмірқышқыл газының тікелей шығарындыларының көлемі 7,6 млн тонна СО2 (8,1 млн тонна СО2 экв.) жетті. СО2 эквивалентіндегі деректер IPCC Fifth Assessment (метан — 28, азот оксиді — 265) жаһандық жылыну потенциалының коэффициенттерін пайдалана отырып ұсынылған.

Әрбір ЕТҰ бойынша парник газдарының тікелей шығарындылары туралы деректер тәуелсіз аккредиттелген ұйымдармен расталды. 2023 жылғы ақпарат CDP есебінде 2024 жылдың 3‑тоқсанында ашылады. Ақпаратты жариялау кезінде ҚМГ жүйелілік пен салыстырмалылық қағидатын ұстанады және ақпаратты жария ету толықтығын арттыру және үшінші деңгейдегі жанама шығарындылар бойынша есептілік салаларын кеңейту бойынша үздіксіз жұмыс жүргізеді.

Көрсеткіш Өлшем бірлігі 2020 2021 2022
Тікелей шығарындылар (Scope 1) млн тонна СО2 ‑экв. 15,8 10,6 8,1
Жанама шығарындылар (Scope 2, нарық әдісі) млн тонна СО2 ‑экв. 3,5 3,3 3,2
Жанама шығарындылар (Scope 2, географиялық әдіс) млн тонна СО2 ‑экв. 3,5 3,3 3,3
Жанама шығарындылар (Scope 3) млн тонна СО2 ‑экв. 61,3 62,1 61,8

Тұрақты авиация отынының өндірісі (SAF)

2023 жылы қыркүйекте Air Astana‑мен бірлесіп, Еуропалық қайта құру және даму банкінің қолдауымен экологиялық таза авиаотын нарығын (SAF) техникалық‑экономикалық тұрғыдан және Қазақстан Республикасындағы өндіріс перспективаларын зерттеу жұмыстар басталды. Бүгінгі күні байқауда жеңіске жеткен және зерттеуді жүзеге асыратын ICF SH&E Limited компаниясы авиация саласындағы жаһандық және жергілікті декарбонизация стратегияларына жүргізілген зерттеудің нәтижелерін ұсынды, сондай‑ақ SAF нарығын зерттеу қорытындыларын, соның ішінде сұранысқа талдау, SAF өндірісі үшін шикізаттың қолжетімділігін талдау, тұрақты авиациялық отын өндірісінде қолданылатын технологияларға шолу нәтижелерін ұсынды.

2023 жылы 23‑24 қарашада зерттеуге қатысушыларымен өткен кездесуде Қазақстан үшін перспективалы SAF өндіру технологиялары бірлесіп айқындалды. Зерттеудің келесі кезеңдерінде ҚМГ үшін SAF өндірісінің тұрақтылығын анықтау мақсатында SAF өндірісінің таңдалған технологияларын одан әрі зерделеу, сондай‑ақ SAF өндіру үшін Қазақстан Республикасының нормативтік‑құқықтық базасын зерделеу жоспарлануда. ТЭЗ нәтижелері 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында ұсынылатын болады.

ЕМГ, ӨМГ, ММГ, ҚБМ мұнай өндіруші компаниялардың технологиялық пештері мен қазандық жабдықтарының мақсатты энергия аудиті

Биыл технологиялық пештер мен қазандық жабдықтарының нақты жай‑күйін, сондай‑ақ қазандық‑пеш отынын нақты тұтынуды бағалау және отын ресурстарын тұтынуды азайтудың қосымша әлеуетін айқындау мақсатында ММГ, ӨМГ, ЕМГ, ҚБМ қазандықтарының технологиялық пештері мен қазандық жабдықтарына мақсатты аудит жүргізілді. Аналитикалық кезеңнің қорытындысы бойынша 56 894 тонна ш.о. энергия үнемдеуге мүмкіндік беретін 20 іс‑шара әзірленді. Бұл іс‑шараларды енгізу арқылы СО2 көлемін 87 212 тонна СО2 төмендетуге мүкіндік туады. Нәтижесінде, 23 іс‑шара әзірленіп, оның 14‑і экономикалық және техникалық тұрғыдан орынды деп қабылданып, төмен көміртекті даму бағдарламасын іске асыру бойынша зерттелген ЕТҰ‑лардың іс‑шаралар жоспарына енгізілетін болады. Қосымша шаралардың жалпы әлеуеті 32,1 мың тонна ш.о. немесе 42,9 тонна СО2 құрайды.

I‑REC

Парник газдарының (ПГ) жанама шығарындыларын азайту мақсатында ҚМГ 10,0 млн кВтсағ‑қа тең келетін I‑REC (International Renewable Energy Certificate) халықаралық жаңартылатын энергия көздерінің сертификаттарын сатып алды. Бұл ҚМГ корпоративтік орталығы 2023 жылы тұтынатын электр энергиясына тең келеді.

I‑REC ерікті сертификаттары жаңартылатын энергия (ЖЭК) арқылы электр энергиясын өндіру дерегін растайды. Сертификат 1 МВт*сағ таза электр энергиясына, электр станциясының географиялық орнына және электр энергиясын өндірудің уақыт аралығына тіркелген. «ҚазМұнайГаз» 2023 жылы Алматы және Түркістан облыстарында орналасқан күн және гидроэлектростанциялардан шығарылған сертификаттарды сатып алды. Сертификаттар The International REC Foundation әзірлеген халықаралық стандарт негізінде шығарылады және оларды GHGP, CDP, RE100, ISO секілді басқа да халықаралық ұйымдар мойындайды. I‑REC сертификаттары бүкіл әлемде сатылады және 51 елде шығарылады.

Зауыт

Көмірқышқыл газын тұту, сақтау және пайдалану жобасы (CCUS)

ҚМГ СО2 (CCUS) тұту, сақтау мен пайдалану және мұнай беруді ұлғайту үшін өндірілген мұнай қабаттарына қайта айдау мүмкіндігін айқындау мақсатында пилоттық жобаны іске асыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Бүгінгі таңда жобаның бірінші «зерттеу және жобалау» кезеңі аяқталды.

ҚМГ‑ның еншілес және тәуелді ұйымдары бойынша СО₂ шығарындылары көздерін скрининг талдау бойынша жұмыс жүргізілді. СО₂ тұту, пайдалану және сақтау технологиясы бойынша пилоттық жобаны жүзеге асыруға жарамды шығарындылар көздерінің «негізгі топтары» анықталды.

Бөлінетін СО₂‑ны айдау және сақтау мақсатында перспективалы тұзақтар ізделді, аталған шығарындылар көздерінен 100 км радиуста ең көп шығарындылары бар аймақтар таңдалды. Барлық анықталған перспективалы тұзақтар бойынша жақын жердегі шығарындылар көзі ескеріле отырып, ықтимал сақтау көлемі және болжамды максималды айдау ұзақтығы айқындалды.

Мұнайдың игерілу коэфицентін (МИК) арттыру үшін СО₂ пайдалануға болатындықтан, қолайлы кен орындарының скринингі жүргізілді, игеру объектілері бойынша мәліметтер базасы жиналды. Осы объектілер бойынша СО₂ айдауды ескере отырып, әзірлеменің болжамды көрсеткіштері есептелген.

Жабдықтау бойынша есептеулер мен жобалық шешімдер жүргізілді, соның ішінде жабдықтар мен құбырлардың жер үсті бөлігінің шешімдері СО₂ көздерінен шығатын газдарды жинау және салқындату жүйелері, СО₂ тұту, кептіру және СО₂ есепке алу, сығымдау және тасымалдау, сондай‑ақ айдау ұңғымаларына СО₂ айдау бар.

2024 жылы СО2‑ні жерастында сақтау мақсатында қабатқа айдау технологиясын зерттеу бойынша 2‑кезең өткізіледі, сондай‑ақ СО2‑ні тұту, пайдалану және сақтау бойынша әдіснамалар әзірленеді.

Сутегі энергетикасын дамыту

Сутегі энергетикасын дамыту жөніндегі жұмыс шеңберінде төмен көміртекті сутекті өндіру үшін ресурстық, техникалық мүмкіндікті, инвестициялардың коммерциялық және экономикалық тиімділігін айқындау және бағалау, сондай‑ақ мұнай беруді арттыру үшін кейіннен мұнай‑газ кен орындарында көмірқышқыл газын айдай отырып, «көгілдір» сутекті өндіру мүмкіндіктерін айқындау үшін техникалық‑экономикалық есептеу жүргізілуде.

«Көгілдір» сутекті өндіру көмірсутектерді, атап айтқанда, табиғи газды құрамынан сутекті алу арқылы өңдеуді білдіреді және бұл – ірі тоннада табиғи газды өңдеу технологияларының негізі. Бүгінгі күні бұл процесс үш тәсілмен жүзеге асырылады:

  • бу конверсиясы (бу риформингі);
  • көмірқышқыл газының конверсиясы (құрғақ реформа);
  • ішінара тотығу (тотығу конверсиясы).

Әрі қарай көмірқышқыл газын тұту және сақтау технологиялары қолданылады.

Парник газдары шығарындыларын азайту талаптарына сәйкес, сутегі өндірісінде табиғи газды бумен конверсиялау технологиясында көмірқышқыл газын тұту – міндетті шарттардың бірі. Бұл сутекті «көгілдір» етеді. Көмірқышқыл газын алу технологияларының ауқымы өте кең.

Осылайша, классификацияға сай болу үшін «көгілдір» сутегі өндірісі мен көмірқышқыл газын тұту, тасымалдау және сақтау технологиялары қатар жүреді.

ҚМГ көмірсутек шикізатын өндіру операторы ретінде сутегін өндірісін процестердің көміртекті қажетсіну талаптарына сәйкес көмірқышқыл газын тұту мен көмуді қамтамасыз ете отырып, табиғи және (немесе) ілеспе мұнай газын бу риформингі немесе пиролиздеу әдістерімен жүргізе алады.

ҚМГ компаниялар тобында энергияны үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласын басқару жөніндегі регламент

2022 жылы ҚМГ басқармасы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Энергетика саласындағы саясатын бекітті. Энергетикалық саясаттың 3‑тармағына сәйкес Компанияның бизнес‑процестеріне энергетикалық менеджмент жүйесі талаптарының интеграциясын қамтамасыз ету үшін ҚМГ компаниялар тобында энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласын басқару жөніндегі Регламент әзірленді.

Регламент энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласын басқару шеңберінде ҚМГ компаниялар тобы бөлімшелері мен қызметкерлерінің өзара іс‑қимыл тәртібін, өкілеттіктерін, міндеттері мен жауапкершілігін айқындайды, ол келесі процестерден тұрады:

  1. 1) заңнамалық талаптарды басқару;
  2. 2) энергияны үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы жұмыстарды жоспарлау;
  3. 3) энергияны үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы басқару жүйесін құру/ оңтайландыру;
  4. 4) энергияны үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы жұмыстар мен іс‑шаралардың нәтижелілігі мен тиімділігін талдау.

Регламент – «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ‑ның 2022‑2031 жылдарға арналған Төмен көміртекті даму бағдарламасын іске асыру тетігі және мақсаттар мен энергетикалық міндеттерді белгілеу және талдауға негіз болады.

Ішкі көміртекті баға белгілеу бағдарламасы

2022 жылы желтоқсанда ҚМГ Басқармасының шешімімен «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Ішкі көміртекті баға белгілеу бағдарламасы бекітілді, ол ішкі көміртекті баға белгілеу тетігін енгізу жөніндегі халықаралық тәжірибені сипаттайды.

ҚМГ Басқарма Төрағасының 2023 жылғы бұйрығына сәйкес ішкі көміртекті баға белгілеу тетігін әзірлеу жөніндегі құрылған жұмыс тобы ҚМГ‑ның көміртекті реттеуден қаржылық шығындарын бағалау мақсатында көміртегіге жасырын баға қолдану тетігін әзірледі. Топ құрамына ҚМГ‑ның барлық мүдделі құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері кірді.

2023 жылғы желтоқсанда ҚМГ Басқармасы ішкі көміртекті баға белгілеудің жаңартылған бағдарламасын бекітті, онда жасырын баға мөлшерін айқындау тетігі көрсетілген.

Ашық түсті мұнай өнімдеріне арналған бенчмарк әзірлеу

Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне сәйкес көміртегі квоталарын бөлу Қазақстан Республикасы Экология, Геология және табиғи ресурстар министрінің м.а. 2021 жылғы 19 шілдедегі № 260 бұйрығымен бекітілген бенчмаркті қолдану арқылы есептеледі. Мұнай өнімдері бойынша қолданыстағы бенчмарк көбіне қою мұнай өнімдеріне қатысты мәліметтерге негізделген. Бұл ретте ашық түсті мұнай өнімдерін өндіру технологиялық жағынан анағұрлым күрделі процесс, өнімді тазарту бірнеше кезеңнен тұрады, нәтижесінде қою мұнай өнімдерін өндірумен салыстырғанда энергия мен көміртекті көп қажет етеді, соның негізінде ашық түсті мұнай өнімдерін өндіруші үш ірі зауыт – АМӨЗ, ПҚОП және ПМХЗ жыл сайын қосымша квота сұрауға, оған негіздеме беруге мәжбүр.

Әділ бенчмарк орнату және ҚМГ зауыттарында квота тапшылығын қысқарту мәселесіне негіздеме ұсыну мақсатында 2023 жылы ашық түсті мұнай өнімдеріне арналған бенчмаркті есептеу бойынша жұмыс жүргізілді. 2024 жылы Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігімен жаңа бенчмарктердің жобасын келісу және бекіту бойынша жұмысты жалғастыру жоспарда.

Климат бойынша есеп беру

Парниктік газдары бойынша есептілікті жетілдіру және ҚМГ компаниялар тобы бойынша парник газдары шығарындыларын басқару жүйесін жақсарту мақсатында жанама шығарындыларын (Scope 3) тексеру бойынша жұмыс жүргізілді, сондай‑ақ алдағы уақытта есеп беру үшін ақпарат жинау әдістемесі әзірленді.

Сондай‑ақ, 2023 жылы ҚМГ климаттың өзгеруіне байланысты қаржылық ақпаратты жария ету бойынша есептілікті енгізу бойынша жұмыс жүргізілді (Task Force on Climate‑related Financial Disclosures (TCFD). CFD ұсынымдарына сәйкес бастапқы ақпарат жариялауға дайындалды, сондай‑ақ климатты корпоративтік басқаруды жақсарту жоспары (Corporate Climate Governance Plan) әзірленді.

Метан шығарындылары бойынша бастамалар

ҚМГ офсетті (ағылш. carbon offset — көміртекті өтеу) сату саясатын орындау құралы және компанияның көміртегі ізін азайту жолы ретінде метан шығарындыларын азайтуға ерекше назар аударады. Мәселен, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ‑ның 2031 жылға дейінгі Төмен көміртекті даму бағдарламасындағы негізгі мақсаттарының біріне 2031 жылға дейін ҚМГ‑ның барлық өндіруші активінде метанның ағуын анықтау және жою жүйелерін енгізу кіреді.

2023 жылы желтоқсанда БҰҰ Климаттың өзгеруі бойынша өткен конференция (COP‑28) барысында ҚМГ метанды басқару саласында бірқатар маңызды келісімге қол қойды. Осылайша, ҚМГ мұнай‑газ компаниялары арасында метан шығарындылары бойынша есеп беруге бағытталған OGMP 2.0 (The Oil & Gas Methane Partnership) бастамасына қосылды. OGMP 2.0 бастамасына қосылу компанияға метанның ағуын басқару және азайту бойынша озық халықаралық компаниялармен тәжірибе алмасу, метан шығарындыларын тексеру және есептеу мәселелерінде әдістемелік көмек, метанның ағуын азайту бойынша техникалық шешімдерді таңдау сияқты мүмкіндіктер ұсынады. Сондай‑ақ, ҚМГ өз активтеріндегі метан шығарындыларының көздерін анықтау және шығарындылар көлемін одан әрі азайту мақсатында TetraTech компаниясымен ынтымақтастық туралы Меморандум қабылдады, TetraTech USAID қаржыландыруымен «Орталық Азия энергетикасы» жобасын іске асырады. Бірлескен іс‑қимыл жоспары әзірленді.

2023 жылы Carbon Limits компаниясымен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. 2023 жылдың қыркүйегінде ҚМГ компаниялар тобының мамандарына метан шығарындыларын басқару мәселелері бойынша, оның ішінде метан шығарындыларын сандық бағалау, газды утилизациялау және негізгі ағып кету көздерін анықтау, сондай-ақ оларды жою тәсілдері бойынша семинар өткізілді. 2024 жылы 26 ақпан-1 наурыз аралығында ҚМГ-ның екі өндірістік нысанында ММГ және ҚазГӨЗ LDAR бойынша жұмысты жүргізу технологиялары мен рәсімдерінің жүйесі көрсетілді. Сондай-ақ, Carbon Limits MIST бағдарламасын қолдана отырып, парник газдары шығарындыларын есептеу жөніндегі жұмыс шеңберінде OGMP 2.0 бойынша ақпаратты алғаш рет жариялау кезінде ҚМГ-ге қолдау көрсетеді.

Сонымен қатар, конференция алаңында ҚМГ 50 мұнай‑газ компаниясымен қатар мұнай мен газды декарбонизациялау бастамасына – жоғары нәтижелерге қол жеткізуге және саладағы климаттық іс‑қимылдарды жеделдетуге бағытталған жаһандық салалық хартияға қосылғаны туралы жарияланды. Бастаманың негізгі мақсаттары – 2050 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу, 2030 жылға қарай күнделікті факелде жағуды азайту және метан шығарындыларын шамамен нөлге жеткізу.

2024 жылға жоспарланған жобалар:

  • «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ‑ның 2060 жылға дейінгі төмен көміртекті даму бағдарламасын және оны іске асыру жөніндегі іс‑шаралар жоспарын әзірлеу;
  • «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ төмен көміртекті даму бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс‑шаралар жоспарына технологиялық пештер мен қазандық жабдықтарының нысаналы аудитінің қорытындылары бойынша ұсынылған шараларды орындау;
  • SAF өндіру нарығын зерделеу бойынша зерттеу жүргізу;
  • Төмен көміртекті технологияларды қолдана отырып, табиғи және/немесе ілеспе мұнай газын өңдеу жөніндегі жобаны әзірлеу;

CO2 тұту, пайдалану және сақтаудың «толық тізбегін» құру бойынша пилоттық жобаны іске асыру мүмкіндігін бағалау (2‑кезең);

  • Төмен көміртекті сутекті (ілеспе мұнай газынан/ табиғи газдан, кен орындарында пайда болатын утилизацияланатын қабат және/ немесе сарқынды сулардан) өндіру мүмкіндігін талдау;
  • «Қазақстанда электромобильді көлікке арналған электр қуаттау станцияларының инфрақұрылымын дамыту» жобасын іске асыру мүмкіндігін қарастыру.
  • ҚМГ компаниялар тобында метан менеджментін енгізуге бағытталған іс‑шараларды өткізу;
  • Офсеттік жобаларды іске асыру.
Мұнай жылыту қондырғысы