Директорлар кеңесі төрағасының үндеуі

ЕРНАТ БЕРДІҒҰЛОВ
Фон

ҚМГ Қазақстанның мұнай‑газ саласындағы ірі компания мәртебесін сақтап келеді.

Ернат Бердіғұлов «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы

Құрметті акционерлер, инвесторлар және серіктестер!

ҚМГ Қазақстанның мұнай‑газ саласындағы ірі компания мәртебесін сақтап, еліміздің мұнай‑газ операторының қызметін табысты жалғастырып келеді.

2023 жылдың қорытындысы бойынша Компания көптеген бизнес сегменттерінде өсім көрсете отырып, жақсы өндірістік нәтижелерге жетті. Мұнай бағасының 2022 жылғы рекордтық деңгейден төмендеуі Компанияның қаржы көрсеткіштеріне де әсерін тигізді. Дегенмен бұл көрсеткіштер тұрақты әрі қаржылық орнықтылықты қамтамасыз етуде. Жалпы кіріс көлемі 18,2 млрд АҚШ долларына, ал EBITDA 4,4 млрд АҚШ долларына жетті.

Көптен күткен тарихи оқиға – ҚМГ акциялары алғаш рет көпшілікке ұсынылып, қатысушылар саны бойынша да, отандық қор нарығында бағалы қағаздарды орналастыру көлемі бойынша да табысты болды. IPO өткізілген сәттен бастап бірінші есепті жыл өтті, енді қорытындысын шығаруға болады. ҚМГ акциясының бағасы ұсынылған күннен бастап 2023 жылдың соңындағы жағдай бойынша 37,3%‑ға өсті, 2023 жылы акционерлерге рекордтық 300 млрд теңге дивиденд төленді. Төленген дивиденд мөлшерін қоса есептегенде, акциялар ұсынылған күннен бастап ҚМГ акцио–нерлерінің кірісі есепті жылдың соңында шамамен 43,1% болды. 2023 жылдың соңындағы жағдай бойынша ҚМГ нарықтық капиталдандыруы 7,0 трлн теңгеге немесе 15,5 млрд АҚШ долларына жетті.

Жеткілікті ресурстық базаны қамтамасыз ету

ҚМГ кэрри‑қаржыландыру талаптары мен қағидаттары негізінде жаңа учаскелерді барлау үшін халықаралық тәжірибелі серіктестерді тарта отырып, геологиялық барлау жобалары арқылы ресурстық базаны ұлғайтып келеді. Мысал ретінде Қаламқас‑теңіз, Хазар, Әуезов және Қаратон Подсолевой жобаларын атап өтуге болады. Сонымен қатар өз күшімен іске асырылып жатқан барлау жобалары, соның ішінде «Торғай Палеозой» жобасы бойынша жұмыстар жалғасуда. Торғай Палеозой аясында жоспарға сай 2024 жылы тереңдігі 5 500 метр болатын алғашқы барлау ұңғымасы бұрғыланады.

Компанияның құн тізбегінің тиімділігін арттыру

ҚМГ үшін мұнай‑газ өндіру көлемін ұлғайту стратегиялық басымдық болып қала береді. Мемлекет басшысы өз сөздерінде елдің экономикалық өсуін қамтамасыз ететін драйверлердің бірі – газ саласын дамытудың маңызын бірнеше рет айтқан болатын. Бұл міндетті орындау аясында есепті жылы Оңтүстік Ақсай, Шығыс Өріктау және Рожков үш кен орны іске қосылды.

2023 жылы компания Қашаған кен орнындағы үлесін ұлғайту нәтижесінде мұнай өндіру бойынша 1,7 млн тонна көлемінде елеулі деңгейге жетті. Қашағандағы үлесі 2022 жылдың екінші жартысында кері сатып алынған болатын. Сондай‑ақ ҚМГ өндіруші активтер портфеліне тағы бір маңызды жоба қосылды – француздық TotalEnergies компаниясынан Доңға кен орнының 60% үлесі сатып алынды.

ҚМГ экспорттық және транзиттік мүмкіндігін кеңейту үшін өзінің мұнай тасымалдау инфрақұрылымын тиімді пайдаланып келеді. Мұнай экспортының жаңа маршруттары пайда болды: Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы Бакуге және әрі қарай Баку‑Тбилиси‑Джейхан мұнай құбырына және Дружба мұнай құбыры арқылы Германияға жөнелтіледі. Бұл бағыттар бойынша мұнай жеткізу көлемін арттыру жөнінде жұмыс–тар жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Каспий құбыр консорциумы мұнайымызды экспорттық нарыққа жеткізудің басты әрі экономикалық тиімді бағыты болып қала беретінін атап өткен жөн.

ҚМГ алдына қойылған басты міндеттердің бірі – Қазақстанның ішкі нарығын отандық мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету мәселесін шешу. Бірнеше жыл бұрын барлық мұнай өңдеу зауытында жүргізілген ауқымды жаңғыртудың арқасында соңғы жылдары ҚМГ‑ның мұнай өңдеу қуаттары айтарлықтай артты. Мұнай өнімдерін тұтыну көлемінің өсетінін ескеріп, CNPC серіктесімізбен бірге Шымкент МӨЗ‑нің қуатын 2030 жылға қарай 6 млн тоннаға, яғни жылына 12 млн тоннаға дейін кеңейту мәселесін қолға алдық.

Өнім портфелін кеңейту

Өнім портфелін кеңейту жөніндегі стратегиялық міндет аясында 2022 жылдың соңында іске қосылған KPI газ‑химия кешенінде полипропиленнің алты маркасының өндірісі игерілді. Жоба стратегиялық серіктес СИБУР компаниясымен (40%) бірге іске асырылуда. Қазақстандық полипропилен Қытайға, Түркияға, Еуропаға және Ресейге экспортқа жөнелтіледі. Бірақ біз үшін орта мерзімді кезеңдегі маңызды міндет – ішкі нарықтың отандық полипропиленге қажеттілігін өтеу. Бұл жалпы экономиканың дамуы үшін мультипликативті әсер береді.

Мұнай‑газ‑химия кешенін дамытудың және тиімділігі жоғары өнім өндірудің келесі кезеңі – жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіруге қауқарлы зауыт салу жобасы. Жобаның күрделілігі мен көп капитал қажет ететінін ескеріліп, ол СИБУР (30%) және Sinopec (30%) серіктестерімізбен бірге жүзеге асырылады. Кәсіпорынды шикізатпен қамтамасыз ету үшін ҚМГ Теңізшевройл компаниясымен бірлесіп, құрғақ газдан этан алу үшін қажетті инфрақұрылым – қуаты 9,7 млрд текше метр болатын газ бөлу кешенін салуды жоспарлап отыр.

Мұнай‑газ‑химия жобаларын іске асыру елімізге экономикалық пайда әкелумен қатар, өңірлердің тұрақты дамуына және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ететін болады: құрылыс кезінде 9,6 мыңнан астам және іске қосылғаннан кейін 940‑қа жуық тұрақты жұмыс орны ашылады.

Директорлар кеңесі төрағасының үндеуі

Тұрақты даму

Жаңа жария мәртебесі компанияның дамуына, әлемнің озық стандарттарына сай корпоративтік басқаруды жетілдіруге және ашықтықты арттыруға жаңа серпін берді. ҚМГ негізгі бизнес‑процес–теріне тұрақты даму қағидаттарын енгізіп келеді. 2023 жылы Sustainalytics рейтинг агенттігі ҚМГ‑ның ESG‑тәуекелдерін басқаруын «мықты» деп бағалап, ESG‑рейтингін 32,3 балға теңеді. Сарапшылардың пікірінше, ESG‑тәуекел рейтингіне берілген баға сала бойынша орташа мәндерге, яғни бүкіл мұнай‑газ саласына тән тәуекелдерге сай келеді.

ҚМГ көміртегі ізін төмендетудің әбден сарапталған тәсілін таңдап, 2031 жылға қарай парник газдары шығарындысын 2019 жылмен салыстырғанда 15%‑ға қысқартуды мақсат етіп қойды. 2023 жылы 2 ақпанда бекітілген Қазақстан Республикасының көміртегі бейтараптығына қол жеткізуінің 2060 жылға дейінгі стратегиясын негізге алып, Компания 2024 жылдың соңына дейін өзінің төмен көміртекті даму бағдарламасының көкжиегін 2060 жылға дейін жоспарлап, оны кеңейтуді көздеп отыр.

Сонымен қатар көміртегі ізін төмендетудегі маңызды қадам – ҚМГ UNEP OGMP 2.0 (The Oil & Gas Methane Partnership) метан бастамасына қосылды. Бұл бастама метан шығарындысын азайтуды және метан шығарындысы бойынша есеп беруді қарастырады.

Климаттық бастамаларды іске асырумен қатар біз адам құқықтарының сақталуына, әлеуметтік жауапкершілікке және адам капиталын басқару бағытын жетілдіруге ерекше назар аударамыз. Түпкілікті мақсат – Компания қызметкерлерінің әлеуетін ашу. Себебі компанияның құндылықтарын басшылыққа алып, білікті де ынталы қызметкерлер кез келген ұйымның басты байлығы болып саналады. ҚМГ жұмысшылардың өкілдерімен сындарлы диалог жүргізу арқылы кәсіпорындарда әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге және ықтимал еңбек дауларын алдын ала реттеуге ұмтылады. Жыл сайын жүргізілетін әлеуметтік зерттеудің нәтижесі интегралды көрсеткіштің алдыңғы жылмен салыстырғанда жақсарғанын көрсетті. Есепті жылы корпоративтік орталық еншілес ұйымдарға бару және әлеуметтік тұрақтылық деңгейін арттыру жөніндегі іс‑шаралар жоспарын әзірлеуге атсалысу тәжірибесін енгізді.

Корпоративтік басқару аясында 2023 жылы тамызда ҚМГ Директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы, тәуелсіз директор Кристофер Уолтон Директорлар кеңесінің құрамынан шыққанын атап өткен. Директорлар кеңесінде тоғыз жыл жұмыс істеген Уолтон мырза қауіпсіздікті, корпоративтік басқаруды және қаржылық тұрақтылықты жақсартуға зор үлес қосты. Уолтон мырзаға шын жүректен алғыс білдіріп, мол табыс тілейміз.

Есепті жылды қорытындылай келе, қызметкерлерге, Басқармаға, акционерлерге және барлық мүдделі тарапқа компанияның дамуына қосқан үлесі және көрсеткен қолдауына алғыс білдіремін. Алдамызда өршіл міндеттер, мүмкіндіктер мен сын‑қатерлер тұр, оларды іске асыру топ‑менеджменттен және әрқайсымыздан жоғары кәсіби шеберлік пен ортақ жұмысты талап етеді.

Ернат Бердіғұлов

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы