Корпоративтік басқару жүйесін дамыту

Даму стратегиясын қалыптастыратын және іске асыратын, оның ішінде өндірістік процестерді басқарудың дивизиондық құрылымы арқылы ЕТҰ‑ның операциялық қызметіне тарту арқылы корпоративтік орталық бола отырып, Компания корпоративтік басқару саласындағы үздік практикаларға сай болуға ұмтылады және корпоративтік басқарудың жоғары стандарттарына жауап беру мен ашықтық — бұл болашақ инвесторлардың, контрагенттердің және өзге де стейкхолдерлердің сенімін нығайтуға, компания ресурстарын тиімсіз пайдалану тәуекелдерін төмендетуге, құнының өсуіне және әл‑ауқатының ұлғаюына ықпал ететін инвестициялық тартымдылық пен қызметтің экономикалық тиімділігін арттырудың аса маңызды факторлары екенін түсінеді.

Компанияның Директорлар кеңесі ҚМГ‑дегі корпоративтік басқару тәжірибесінің тиімділігін бақылайды, ал корпоративтік хатшы оны үздіксіз жетілдіруді ұйымдастырады.

ҚМГ‑ның корпоративтік басқару тәжірибесін қалыптастыру мен жақсарту басты құжат – «Самұрық‑Қазына» АҚ Басқармасының 2015 жылғы 27 мамырдағы шешімімен бекітілген ҚМГ корпоративтік басқару кодексіне (бұдан әрі – Корпоративтік басқару кодексі, Кодекс)28 негізделеді. Кодекс Қазақстан Республикасының заңнамасына, Қазақстанда және әлемде дамып келе жатқан корпоративтік басқару тәжірибесін, «Самұрық‑Қазына» АҚ трансформациялау бағдарламасын ескере отырып, «Самұрық‑Қазына» АҚ‑ның ішкі құжаттарына сәйкес әзірленді.

Кодекс компаниядағы корпоративтік басқару жүйесі негізделетін қағидаттарды бекітеді, бұл «Самұрық‑Қазына» АҚ компаниялар тобының корпоративтік басқару қағидаттарымен бірдей. Директорлар кеңесі мен Аудит жөніндегі комитет Кодекстің ережелерін ҚМГ‑ге енгізуді бақылауды жүзеге асырады.

Кодекстің талаптарына сәйкес, Корпоративтік хатшы жыл сайын компанияның comply or explain («ұстан немесе түсіндіре») тәсілін қолдана отырып, оның қағидаттары мен ережелерінің сақтауын талдайды. Қазіргі уақытта Кодекс талаптарының басым бөлігі сақталған. Оның жекелеген ережелерін ішінара ұстанбау жағдайлары себептерімен бірге Кодексті ұстану туралы есепте көрсетілген. ҚМГ‑ның 2023 жылы Кодекстің қағидаттары мен ережелерін ұстану туралы есебімен жылдық Есепке берілген қосымшада танысуға болады.

Бірнеше жыл бойы ҚМГ Корпоративтік хатшысының қызметіне сәйкес корпоративтік басқару тәжірибесін жетілдіру бойынша ҚМГ қызметін дәйекті және жүйелі негізде ұйымдастырып келеді. Корпоративтік басқару саласын жақсарту мақсаттарын белгілеу мен процесті қадағалау үшін компания 2016 жылдан бастап дауыс беретін акцияларының 50%‑дан астамы тікелей немесе жанама түрде «Самұрық – Қазына» АҚ‑қа тиесілі заңды тұлғаларда корпоративтік басқаруды диагностикалау әдістемесін (бұдан әрі – Әдістеме) пайдаланады.

Әдістеме тәуелсіз тараптың компанияны корпоративтік басқару бойынша сараптамасының (аудитінің) нәтижелері бойынша рейтинг беруді көздейді. Мұндай сараптама тұрақты негізде жүзеге асырылады.

Сараптама нәтижелері бойынша әдістеме негізінде ҚМГ Корпоративтік хатшысының қызметі корпоративтік басқаруды жетілдіру бойынша жоспар жасайды, оны орындау нәтижелері тұрақты негізде Директорлар кеңесінің және Компанияның Директорлар кеңесінің Аудит жөніндегі комитетінің назарына жеткізіледі.

2021 жылы тәуелсіз консультант «PricewaterhouseCoopers» ЖШС компаниясы жүргізген корпоративтік басқарудың кезекті тәуелсіз сараптамасының нәтижелері бойынша Әдістеме негізінде ҚМГ‑ге «ВВВ» деңгейінде корпоративтік басқару рейтингі берілді, бұл компания қол жеткізген прогресті көрсетті (2018 жылы жүргізілген алдыңғы сараптаманың нәтижелері бойынша компанияға «ВВ» рейтингі берілген) және Компанияның корпоративтік басқару жүйесінің барлық маңызды аспектілерде белгіленген критерийлердің көпшілігіне жауап беретінін және бұл ретте компанияда жүйенің тиімді жұмыс істейтінін растады.

Компания корпоративтік басқару бойынша жүргізілген тәуелсіз сараптаманың нәтижелері бойынша берілген ұсыныстар мен кеңесті есепке ала отырып, оларды корпоративтік басқаруды жетілдіру жөніндегі жоспарға енгізді және 2023 жылы ҚМГ корпоративтік басқару жүйесін: ашықтық; акционерлердің құқықтары; тәуекелдерді басқару, ішкі бақылау аудит; Директорлар кеңесі мен атқарушы орган қызметінің тиімділігі; тұрақты даму және т.б. салалар бойынша одан әрі жетілдіруге бағытталған іс‑шараларды жоспарлы іске асыруға арнады. Қалыптасқан тәжірибеге сәйкес, ҚМГ корпоративтік хатшысы корпоративтік басқаруды жетілдіру жөніндегі жоспардың орындалуына тұрақты мониторинг жүргізеді және осы жоспардың орындалуы туралы есептерді, Аудит жөніндегі комитет пен Директорлар кеңесі қарап, ҚМГ менеджментіне кері байланыс беріп отыратын болады.

Корпоративтік басқаруды жетілдіру мақсатында «Самұрық‑Қазына» АҚ және ҚМГ‑ның 2031 жылға дейінгі даму стратегияларында «Корпоративтік басқару рейтингі» ПӘК бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша негізгі кезеңдер айқындалды. Бұл ҚМГ‑ның негізгі акционері, Директорлар кеңесі, Компанияның аудит және менеджмент жөніндегі комитеті тарапынан корпоративтік басқаруға жоғары көңіл бөлінгенін айғақтайды.

Жалпы, компаниядағы корпоративтік басқаруды жетілдіру – үздіксіз жүретін процесс, оның маңызды бөлігіне тәуелсіз тараптан рейтингке қол жеткізу және жақсарту бойынша тиісті ұсыныстар алу жатады.

Акционерлердің жалпы жиналысы

Акционерлердің жалпы жиналысы – «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ‑ның жоғары басқару органы. Акционерлердің жалпы жиналысының құзыреті, шақыру, өткізу және қорытындылау тәртібі заңдармен және Компания Жарғысымен айқындалады. Акционерлердің жалпы жиналыстары жылдық және кезектен тыс болып бөлінеді. ҚМГ акционерлерінің жылдық жалпы жиналысын ҚМГ Директорлар кеңесі шақырады. ҚМГ акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысы ҚМГ Директорлар кеңесінің немесе ҚМГ акционерлерінің кез келгенінің бастамасы бойынша шақырылуы мүмкін.

Акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібін Директорлар кеңесі қалыптастырады және талқылауға шығарылатын нақты тұжырымдалған мәселелердің толық тізбесін қамтуға тиіс. 2023 жылы ҚМГ акционерлерінің 5 жалпы жиналысы өтті, онда 14 мәселе қаралды, оның ішінде 5 мәселе ҚМГ Директорлар кеңесінің құрамына қатысты:

  1. 2023 жылы 6 сәуірде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысының шешімімен (№1\\2023 хаттама) «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі – «Самұрық‑Қазына» АҚ мүдделерінің өкілі Ауғанов Ғибрат Қайратұлы және «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Директорлар кеңесінің Мүшесі – тәуелсіз директор Әсел Әнуарқызы Хаированың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды.
  2. 2023 жылы 6 сәуірде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысының шешімімен (№1\\2023 хаттама) Бердіғұлов Ернат Құдайбергенұлы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі – «Самұрық‑Қазына» АҚ мүдделерінің өкілі болып сайланды және Жұбаев Арманбай Сапарбайұлы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Директорлар кеңесінің Мүшесі – тәуелсіз директор болып сайланды.
  3. 2023 жылы 6 сәуірде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысының шешімімен (№1\\2023 хаттама) сандық құрамы, өкілеттік мерзімі айқындалды, сондай‑ақ «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ акционерлерінің жалпы жиналысы есеп комиссиясының мүшелері сайланды.
  4. 2023 жылы 14 тамызда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысының шешімімен (№4\\2023 хаттама) Мыңшәріпова Сая Найманбайқызы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі — Тәуелсіз директор болып сайланды.

Сондай‑ақ, акционерлердің жылдық жалпы жиналысы шеңберінде 2022 жылғы жылдық қаржылық есептілікті бекіту, 2022 жылғы ҚМГ таза кірісін бөлу тәртібі және ҚМГ‑ның бір жай акциясына шаққандағы дивиденд мөлшері, акционерлердің ҚМГ және оның лауазымды адамдарының 2022 жылғы әрекеттеріне өтініші мәселелері қаралды.

2023 жылы ҚМГ Жарғысы жаңа редакцияда және ҚМГ Директорлар кеңесі туралы ереже жаңа редакцияда бекітілді, кейін ҚМГ Директорлар кеңесінің ережесіне өзгерістер енгізілді.