Ішкі аудит
Ішкі аудитті ҚМГ Ішкі аудит қызметі (ІАҚ) жүзеге асырады.
ІАҚ ҚМГ Директорлар кеңесіне бағынып, соған есеп береді және оған ҚМГ Директорлар кеңесінің Аудит жөніндегі комитеті жетекшілік етеді.
ІАҚ өз қызметін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасын, ҚМГ Жарғысын, ҚМГ органдарының шешімдерін, ІАҚ жұмысын регламенттейтін ішкі құжаттарды, ҚМГ Ішкі аудит қызметі туралы ережені және ҚМГ ішкі аудитін ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты және ҚМГ‑ның өзге де ішкі құжаттарын басшылыққа алады. Сондай‑ақ ІАҚ өз қызметін Ішкі аудиторлар институты (The Institute of Internal Auditors Inc) әзірлеген Ішкі аудиттің халықаралық кәсіптік стандарттарының базалық қағидаттарына, Ішкі аудиттің кәсіптік практикасының негізгі қағидаттарына, Этика кодексіне және Ішкі аудиттің кәсіптік практикасына қойылатын негізгі талаптарды белгілейтін ішкі аудитті айқындауға, сондай‑ақ ішкі аудит қызметінің тиімділігін бағалау негізінде жатқан қағидаттарға негізделе отырып жүзеге асырады. ІАҚ‑тың негізгі мақсаты – Директорлар кеңесіне тәуекелдерді басқару, ішкі бақылау және корпоративтік басқару процестерін жетілдіруге жүйелі тәсілді енгізу арқылы ҚМГ мен оның ЕТҰ‑ларын тиімді басқаруды қамтамасыз етуге арналған тәуелсіз және объективті ақпарат беру.
Ішкі аудиттің жылдық жоспары ҚМГ‑ның негізгі тәуекелдерін, аудит процесінің барлық кезеңдерін және басшылықтың сұрауларын ескере отырып әзірленеді және Аудит жөніндегі комитеттің, Директорлар кеңесінің және ҚМГ басшылығының арнайы сұраулары негізінде түзетіледі.
ІАҚ қызметін жылдық аудиторлық жоспарға сәйкес жүзеге асыра отырып, келесі міндеттерді орындайды:
- қолданылатын ішкі бақылау және тәуекелдерді басқару рәсімдерінің сенімділігі мен тиімділігін бағалау;
- ҚМГ мен ЕТҰ‑дағы бухгалтерлік есеп жүйесінің дұрыстығын, толықтығын, объективтілігін бағалау және оның негізінде қаржы есептілігін жасау;
- ҚМГ мен ЕТҰ ресурстарын пайдаланудың ұтымдылығын және активтердің сақталуын қамтамасыз етудің қолданылатын әдістерін бағалау;
- Қазақстан Республикасы заңнамасы талаптарының, корпоративтік нормалар мен операциялық, инвестициялық және қаржылық қызмет қағидаларының сақталуын бақылау.
ІАҚ аудиттердің қорытындысы бойынша Компанияның қызметін жетілдіруге бағытталған ұсыныстар береді, ұсыныстарды орындау жөніндегі шаралардың әзірленуі мен іске асырылуына мониторинг жасап, бақылауды жүйелі негізде қамтамасыз етеді.
Аудит жөніндегі комитеттің отырыстарында ішкі аудиттің келесі мәселелері қаралады:
- ІАҚ жылдық есебі;
- ІАҚ тоқсандық есептері, оның ішінде жүргізілген аудиттердің нәтижелері бойынша елеулі тұжырымдар, сондай‑ақ ішкі аудиторлар ұсыныстарының орындалуына мониторинг жүргізу;
- жылдық аудиторлық жоспар мен оған толықтырулар;
- ІАҚ пен басшының ПӘК картасының нақты мәндері;
- ІАҚ стратегиялық жоспары;
- ІАҚ бюджеті;
- ІАҚ кадр мәселелері.
Аудит жөніндегі комитет ІАҚ қызметінің нәтижелеріне мониторинг жүргізіп қана қоймай, кәсібилікті дамытуға және оның қызметкерлерінің кадрлық әлеуетін ашуға назар аударады. Осы мәселелер ІАҚ есептеріне енгізіледі және Аудит жөніндегі комитет оларды тоқсан сайын қарайды.
ІАҚ қызметкерлерінің кәсібилігі ҚМГ‑ның ішкі аудит функциясы тиімділігінің кепілі болғандықтан, оқыту және біліктілікті арттыру процесінің маңызы жоғары.
Ішкі аудит жүргізу процесінің тиімділігін бағалау
ІАҚ жұмысының сапасын қамтамасыз ету және арттыру бағдарламасының талаптарына сәйкес, әрбір аудиторлық тапсырмадан кейін, аудиттелетін тарап ІАҚ жұмысын бағалай отырып, сауалнаманы толтырады. Осы бағалаулардың нәтижелері шоғырландырылады және ІАҚ‑тың тоқсандық және жылдық есептеріне енгізіледі, оны ҚМГ‑ның Аудит жөніндегі комитеті мен Директорлар кеңесі қарайды және мақұлдайды.
Халықаралық ішкі аудиттің кәсіптік стандарттарына сәйкес, бес жылда бір рет Ішкі аудит қызметіне тәуелсіз сыртқы бағалау жүргізіледі. ІАҚ қызметінің Халықаралық ішкі аудиттің кәсіби стандарттарына, үздік халықаралық тәжірибелерге, ҚМГ ішкі аудит қызметі туралы ережеге, ҚМГ іскерлік этика кодексіне және ішкі аудит функцияларын реттейтін басқа да қолданылатын сыртқы және ішкі нормативтік актілерге сәйкес келу мәніне 2020 жылы жүргізілген тәуелсіз сыртқы бағалау нәтижелері бойынша, ІАҚ‑тың стандарттар талаптарына сәйкестігі 100%‑ды құрады.
Осылайша, компанияның ІАҚ жұмысы Халықаралық ішкі аудиттің кәсіби стандарттарының талаптарына толық сәйкес келеді деп танылды.