Мұнай өңдеу және маркетинг
Бүгінгі таңда Компанияның Қазақстан Республикасы мен Румыниядағы мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту бойынша ірі жобалары аяқталды. Жаңғырту жұмысының нәтижесінде мұнай өңдеу тереңдігінің жаңа деңгейіне қол жеткізілді. 2022‑2031 жылдарға арналған даму стратегия аясында мынадай мақсаттар белгіленді:
- қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарында өңдеу тереңдігінің көрсеткішін кемінде 89%‑ға жеткізу;
- қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарында маржиналдығы жоғары мұнай химия өнімдерін өндіру көлемін ұлғайту;
- KMGI тиімділігін жоғарылату үшін қызметін жүргізетін елдерде ЖМҚС санын арттыру есебінен компанияның вертикалды интеграциясын кеңейту.

Мұнай мен конденсат маркетингі
Ішкі нарықтың сұранысын өтеу үшін ҚМГ өндірген мұнай мен газ конденсатын ішкі нарыққа жеткізу көлемі 8 311 мың тоннаға жетті, соның ішінде операциялық активтердің («Өзенмұнайгаз», «Ембімұнайгаз», «Қазақтүрікмұнай» және «Өріктау Оперейтинг») шикі мұнайы өңдеу және мұнай өнімдерін сату мақсатында 4 980 мың тонна көлемінде Атырау мұнай өңдеу зауытына (АМӨЗ), Павлодар мұнай‑химия зауытына (ПМХЗ) және Шымкент мұнай өңдеу зауытына (ПҚОП) жөнелтілді.
Мұнай мен конденсат экспорты
2023 жылы KEBCO бағасы тұрақты оң үрдісті көрсетті. KEBCO (Platts) маркалы мұнайы мен Brent премиум сұрыпының мұнайы арасындағы нарық айырмашылығы (сыйлықақы) есепті жылдың басындағы теріс мәнінен жылдың екінші жартысынан бастап оң мәнге дейін өсті, кейіннен жыл соңына дейін тек өсіп отырды.
2022 жылмен салыстырғанда аталған кезеңде Brent маркалы шикі мұнай бағасының төмендеуіне ағымдағы геосаяси және экономикалық факторлар ықпал етті.
Мұнай мен конденсатты ішкі нарыққа жеткізу
Мемлекет басшысының мұнай өңдеу зауыттарын аралас схемаға көшіру жөніндегі тапсырмасын және Қазақстан Республикасы Үкіметінің осы бағыттағы тапсырмаларын орындау үшін ҚМГ «Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына Қазақстан мұнай өңдеу зауыттарына мұнай жеткізуге қатысты қазіргі кезде енгізіліп жатқан түзетулерді назарға ала отырып, мұнай өңдеу зауыттарын аралас схемаға көшіру бойынша жұмыс атқарып жатыр.
Аралас схема бойынша және заңға түзетулерге сай жер қойнауын пайдаланушымен (ЖҚП) байланысты тұлға төменде көрсетілген талаптардың кемінде біреуін сақтаған кезде ғана мұнай жеткізушісі болып танылады:
- жер қойнауын пайдаланушының акцияларының (қатысу үлесінің) 50 және одан да көп пайызы мұнай жеткізушіге тиесілі;
- мұнай жеткізушінің акцияларының (қатысу үлесінің) 50 және одан да көп пайызы жер қойнауын пайдаланушыға тиесілі;
- мұнай жеткізуші мен жер қойнауын пайдаланушыны оған/оларға мұнай жеткізушінің және жер қойнауын пайдаланушының акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы ікелей немесе жанама түрде жиынтықты тиесілі тұлға/тұлғалар басқарады.
ҚМГ‑ның өз мұнайынан мұнай өнімдерін өндіруге шикізат ӨМГ, ЕМГ, ҚТМ мен ӨО кәсіпорындарынан АМӨЗ, ПМХЗ және ПҚОП‑қа жеткізіледі. Өндірілген мұнай өнімдері ішкі нарық пен экспортқа көтерме бағамен өткізіледі.
Мұнай өңдеу активтері
ҚМГ активтерінің құрылымында сұйық көмісутек шикізатын, көбіне мұнайды Қазақстанда төрт МӨЗ және Румынияда екі МӨЗ өңдейді.

Қазақстанда мұнай өңдеу
Қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарында КСШ өңдеу көлемі 0,4%‑ға азайып, 14 206 мың тонна болды. Өңдеу көрсеткішінің төмендеуіне негізінен есепті жылдың ортасында ПҚОП зауытында каталитикалық риформинг және катализатордың регенерациясы қондырғысында жылу алмастырғышты жоспардан тыс жөндеуге байланысты жүктеменің азаюы себеп болды. Атырау мұнай өңдеу зауытында есепті жылы өңдеу көлемінің өсуі ПҚОП‑тағы өңдеу көлеменің азаюын ішінара өтеді.
Мұнай өңдеу зауыттарын дамыту жоспарлары
Қазақстандағы МӨЗ‑дерде маржиналды өнім өндірісін кеңейту есебінен операциялық тиімділікті арттыруға бағытталған бірқатар бастама жоспарланып отыр.
- үш жылдық жөндеу аралық кезеңіне көшу бойынша техникалық аудит жүргізу;
- энергия мен ресурстарды сақтау және 2031 жылға дейін ауаға зиянды заттардың шығарылуын азайту бойынша мақсатты көрсеткіштері қамтылған іс‑шаралар жоспарын жүзеге асыру.
АМӨЗ
- Жобалау‑іздестіру жұмыстары (риформинг қондырғысының жұмыс қабілетін қалпына келтіру, газ‑турбиналық электр станциясын салу, Prime D гидротазарту мен депарафиндеу қондырғысының өнімділігін кеңейту, АТҚҚ‑да құюға толығымен ауысу үшін жаңа сорғы станциясын салу, тікелей айдалған нафта мен КГФ‑ны ағызу эстакадасының құрылысы).
- Техникалық экономикалық негіздеме (баяу кокстеу қондырғысын реконструкциялау, деасфальттау қондырғысын салу).
- Теңіз кен орнының мұнайын өңдеуге қабылдау үшін резервуарларда мұнайды есепке алудың коммерциялық торабын және понтондарды монтаждау.
- «Тазалық» жобасы бойынша «АМӨЗ‑де механикалық тазарту құрылыстарын реконструкциялау» жобасының бірінші кезеңі аяқталды, «булану алқаптарын рекультивациялау» жобасының булану алқаптарының 1‑ші және 2‑ші секторын рекультивациялау аяқталды. Атырау облысы әкімдігінен зауыттан шыққан сарқылмалы суларды Атыраудың жаңа кәріздік тазарту құрылыстарына жіберу туралы рұқсат алғаннан кейін 3‑ші және 4‑ші секторды рекультивациялау жұмыстарын аяқтау жоспарлануда.
ПМХЗ
- «Дизель отынын гидротазарту қондырғысын депарафиндеу блогымен біріктіре отырып, реконструкциялау» жобасы бойынша қабылданған ЕРС келісімшарты аясында ЕРС мердігер жұмыс жобасын әзірлеп, ұзақ уақыт жасалатын жабдыққа тапсырыс беруде.
- «Сұйытылған көмірсутек газын тазарту қондырғысын салу» жобасы бойынша ЕРС мердігер жабдықтар мен материалдарды жеткізуді аяқтады, құрылыс‑монтаждау жұмыстары жүруде.
ПҚОП
- «ПҚОП өндірістік қуатын жылына 12 млн тоннаға дейін кеңейту» жобасы: 2023 жылы «ПҚОП өндірістік қуатын жылына 12 млн тоннаға дейін кеңейту» жобасының алдын ала техникалық‑экономикалық негіздемені әзірлеу жұмыстары аяқталды. Зауыттың екінші акционері — CNPC компаниясының шикі мұнайдың құрамын нақтылау талабын ескере отырып, алдын ала техникалық‑экономикалық негіздемені түзету жоспарда бар. Қазақстан мен Қытай Үкіметтері арасында «ПҚОП өндірістік қуатын жылына 12 млн тоннаға дейін кеңейту» жобасын іске асыру келісімін әзірлеу бойынша жұмыс жалғасуда. Бұл келісім мемлекеттік қолдау шаралары мен тараптардың міндеттемелерін көздейді.
Caspi Bitum
- «Қолданыстағы ЭЛОУ‑АВТ қондырғысын жаңғырту жолымен «CASPI BITUM» БК» ЖШС зауытының мұнай өңдеу қуатын жылына 1,5 млн тоннаға дейін ұлғайту» жобасы: техникалық аудит аяқталды, жұмыс жобасын әзірлеу (егжей‑тегжейлі жобалау) басталды.
Перспективті жобалар мен жаңа технологиялар
АМӨЗ
Жеңіл мұнай өнімдерін тұтыну көлемінің өсуін қамтамасыз ету және зауытты Теңіз кен орны мұнайын қабылдауға дайындау мақсатында «Атырау МӨЗ‑нің тиімділігін арттыру» жобасын қолға алды.
Жоба мақсаттары:
- жеңіл мұнай өнімдерінің өндірісін ұлғайту;
- қолданыстағы қондырғылардың олқылықтарын жою;
- зауытты Теңіз кен орны мұнайын қабылдауға дайындау.
Жоба басымдықтары:
- жобаға жеңіл мұнай өнімдерінің өндірісін ұлғайту мақсатында тар жерлерді кеңейтуді көздейтін сегіз шағын жоба енді:
- Теңіз мұнайын өңдеу;
- сұйытылған көмірсутек газының өндірісін ұлғайту;
- ЛГ‑35‑11/300‑95 каталитикалық риформинг қондырғысын жаңғырту;
- Prime D қондырғысында қосымша компрессор орнату (Дизель отыны өндірісін арттыру);
- баяу кокстеу қондырғысын реконструкциялау;
- жеңіл мұнай өнімдерінің өндірісін ұлғайту және мазут сапасын жақсарту үшін ЭЛОУ АТ‑2 қондырғысын жаңғырту;
- қолданыстағы АТҚҚ‑ға құю үшін жаңа сорғы станциясын салу;
- тікелей айдалған нафта мен КГФ‑ны ағызу эстакадасының құрылысы.
Ашық түсті (жеңіл) мұнай өнімдеріне мыналар жатады: автобензиндер, дизель отыны, реактивті отын, бензол, параксилол, сұйытылған газ. Ашық түсті мұнай өнімдері (автобензиндер, дизель отыны, реактивті отын, сұйытылған газ) – халыққа арналған әлеуметтік маңызы бар өнім, ал бензол мен параксилол – мұнай химиясы саласы үшін шикізат ретінде пайдаланылады.
Аталмыш жоспар аясында АМӨЗ 2031 жылға қарай тікелей және жанама шығарындыларды 2019 жылдың деңгейінен кемінде 12%‑ға қысқарту бойынша жұмыс атқарып жатыр.
Іске асыру мерзімі: 2023‑2027 жылдар.
ПМХЗ
- «Дизель отынын гидротазарту қондырғысын депарафиндеу блогымен біріктіре отырып, реконструкциялау» жобасы. Бұл жобаны жүзеге асыру нәтижесінде жылына 155 мың тонна көлемінде қысқы дизель отыны шығарылатын болады.
- «Сұйытылған көмірсутек газын тазарту қондырғысын салу» жобасы.
Жобаны іске асыру жылына 100 мың тонна көлемінде тауарлық сұйытылған көмірсутек газын тазартуды көздейді.
- Энергия мен ресурстарды сақтау және 2031 жылға дейін ауаға зиянды заттардың шығарылуын азайту бойынша мақсатты көрсеткіштері қамтылған іс‑шаралар жоспары.
Аталған жоспар аясында ПМХЗ 2031 жылға қарай тікелей және жанама шығарындыларды 2019 жылдың деңгейінен кемінде 15%‑ға қысқарту бойынша жұмыс атқарып жатыр.
ПҚОП
- Энергия мен ресурстарды сақтау және 2031 жылға дейін ауаға зиянды заттардың шығарылуын азайту бойынша мақсатты көрсеткіштері қамтылған іс‑шаралар жоспары.
Аталған жоспар аясында ПМХЗ 2031 жылға қарай тікелей және жанама шығарындыларды 2019 жылдың деңгейінен кемінде 13%‑ға қысқарту бойынша жұмыс атқарып жатыр.
Мұнай өңдеу тарифтері
Қазақстандық мұнай өңдеу зауыттары бекітілген тарифтер бойынша мұнай өңдеу қызметтерін (бизнестің процессинг кестесі) ғана көрсетеді. Мұнай жеткізушілері дайын мұнай өнімдерін өздері сатады. Мұнай өіңдеу зауыттары өндіріс мәселелеріне ден қояды, осының нәтижесінде өңдеу жұмысы оңтайландырылады және шығын азаяды.
Қазақстан Республикасының МӨЗ‑дерінде мұнай өңдеу қызметінің тарифтері өндіріске және инвестицияға жұмсалған нақты операциялық шығыннан ғана (өндірістің ағымдағы деңгейін ұстап тұруға арналған күрделі салымдар, жаңғыртуға тартылған қарызды төлеу) қалыптасады.
Қазақстанда көмірсутек шикізатын өңдеу және мұнай өнімдерін өндіру көлемдері
2023 жылы еліміздің үш мұнай өңдеу зауытында жоспарлы‑алдын алу жұмыстары жүргізіліп, технологиялық қондырғылар кестеде белгіленген мерзімнен бұрын режимге шықты. Еліміздің Энергетика министрлігі ҚМГ және мұнай өңдеу зауыттарымен бірлесіп, «Атырау, Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттарында апаттарды азайту жөніндегі кешенді жоспарды» бекітті. Іс‑шараларды іске асыру мерзімі: 2023‑2027 жылдар. Аталмыш жоспар мұнай өңдеу зауыттарында кешенді техникалық аудит жүргізіліп, нәтижесінде техникамен қайта жабдықтау бағдарламасын әзірлеу іс‑шараларын қамтиды. Сондай‑ақ есепті жылы АМӨЗ К‑5 экологиялық класты АИ‑92 маркалы автобензин өндірісіне көшті.
PETROSUN. ҚМГ және мұнай өнімдерінің маркетингі
ҚМГ Қазақстандағы мұнай өнімдері маркетингі нарығында өз позициясын жақсарту мақсатында елімізде 2012 жылдың 17 қаңтарынан бері жұмыс істеп келе жатқан PETROSUN ЖШС компаниясын сатып алды.
PETROSUN ЖШС үлесінің 49% сатып алу нәтижесінде ішкі нарықта мұнай өнімдерін бөлуде ҚМГ үлесі 80%‑ға жетті.
Компанияның негізгі қызмет түрлері:
- сыртқы экономикалық қызмет, сауда коммерциялық және экспорттық‑импорттық операциялар;
- көмірсутек шикізатын және көмірсутек шикізатынан өңделген өнім сату;
- көмірсутек шикізатын және одан өндірілген өнімдерді өңдеу;
- табиғи монополия саласын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында және одан тыс жерлерден мұнай, газ, мұнай өнімдерін және жанар‑жағармай материалдарын сатып алу және өңдеу, соның ішінде мұнай және мұнай өнімдерін, көмірсутек шикізатын және одан өндірілген өнімдерді дайындау, сақтау, олардың маркетингі мен саудасы, бөлу, импорт пен экспорт, материалдық техникалық жабдықтау.
- мұнай өнімдерін сатып алу, сақтау және ауыстырып тиеу;
- мұнай өнімдерін тасымалдау.
PETROSUN ЖШС мақсаты – Қазақстан Республикасының мұнай өнімдерінің нарығында тиімді жұмыс істеу, елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жанар‑жағармай материалдарын ішкі нарық пен экспортқа сату кезінде барынша көп пайда табу.
PETROSUN ЖШС сатып алған шикі мұнайды мұнай өңдеу зауыттарында өңдейді. 2023 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша жалпы өңдеу көлемінде PETROSUN ЖШС‑нің нақты үлесі мынадай:
- ПҚОП (үлесі — 66 %);
- ПМХЗ (үлесі — 45 %);
- АМӨЗ (үлесі — 31 %).
PETROSUN ЖШС жоғарыда аталған зауыттарда өңделген мұнай өнімдерін көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізу кезінде ауыл шаруашылығы өндірушілері – операторларына, локомотив бөлімшелерінің қажеті үшін «ҚТЖ‑Жүк тасымалы» АҚ‑ға, Қазақстанның ірі ЖМҚС желілеріне, биржа сауда‑саттығы арқылы сатып алушыларға, өнеркәсіптік қала құраушы кәсіпорындарына сатады.
Қазіргі уақытта Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарында мұнай жеткізу мен өңдеу аралас схема бойынша жүріп жатыр, яғни мұнай өңдеу зауыттарына мұнайды жеткізу мен өңдеуді тікелей жер қойнауын пайдаланушылар, жер қойнауын пайдаланушылармен үлестес және өзара байланысты маркетинг құрылымдары және мұнай өнімдерін өндіруші – МӨЗ‑дің өзі жүзеге асырады. МӨЗ мұнай өңдеу қызметтерін көрсетіп, әрі қарай МӨЗ‑ден тиіп әкету үшін мұнай иелеріне (ресурс ұстаушылар) мұнай өнімдерін қайтарады немесе әрі қарай зауыттан жөнелту үшін мұнай өнімдерін өзі сатады.
ҚМГ мұнайынан мұнай өнімдерін өндіру және маркетинг
ҚМГ мұнайынан мұнай өнімдерін өндіру үшін шикізат ӨМГ, ЕМГ, ҚТМ және ӨО компанияларынан АМӨЗ, ПМХЗ және ПҚОП‑қа жеткізіледі. Өңдеуден кейін мұнай өнімдері көтерме нарық бағаларымен ішкі нарықта және экспортқа сатылады.
2023 жылы ӨМГ, ЕМГ, ҚТМ және ӨО өңдеу үшін 4 980 мың тонна мұнай, оның ішінде АМӨЗ‑ге 2 452 мың тонна, ПМХЗ‑ға 1 830 мың тонна және ПҚОП‑қа 698 мың тонна жеткізді. МӨЗ‑дер 4 474 мың тонна мұнай өнімін өндірді, бұл ретте ашық түсті мұнай өнімдерінің өндірісі 71%‑ға, қою мұнай өнімдері — 19%, мұнай‑химия өнімдері ‑ 0,5% және өзге де мұнай өнімдері 9%‑ға жетті.
ӨМГ, ЕМГ, ҚТМ және ӨО‑дан алынған мұнайды өңдегеннен кейін ҚМГ өндірілген мұнай өнімдерін Қазақстанның МӨЗ‑дерінен көтерме саудада өткізеді. 2023 жылы 4 940 мың тонна мұнай өнімдері сатылды, олардың басым бөлігі – ашық түсті мұнай өнімдері мен мазут (79%).
Мұнай өнімдері негізінен ішкі нарықта сатылды (4 940 мың тоннаның 4 224 мың тоннасы немесе 86%‑ы), ал қалғаны экспортқа жөнелтілді (716 мың тонна). 2022 жылмен салыстырсақ, 2023 жылдың 12 айында ашық түсті мұнай өнімдерін экспорттауға тыйым салуына байланысты сатылған жалпы көлемінен мұнай өнімдерін экспортқа жеткізу үлесі 12%‑ға төмендеді.

Кеден одағының 013/2011 «Автомобиль және авиациялық бензинге, дизель және кеме отынына, реактивті қозғалтқыштарға арналған отын мен мазутқа қойылатын талаптар туралы» техникалық регламентіне сай өндірілетін отынның сапасы К‑4 және К‑5 экологиялық кластарына («Еуро‑4» және «Еуро‑5» аналогтары) сәйкес келеді.
Аталмыш техникалық регламентке сәйкес автомобиль бензині мен дизель отыны құрамында металл бар қоспаларды (құрамында марганец, қорғасын және темір бар) қолдануға жол берілмейді, күкірт мөлшері 50 мг/кг‑нан аспайтын мөлшерде белгіленген, бензол 1%‑дан аспайды.
Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарында жүргізілген жаңғыртудың мақсаты – өндірілетін мотор отындарының сапасын К‑5 (Еуро‑5 стандартының аналогы) класына дейін арттыру.
Бұл ретте өндірілетін мотор отындарында (көлік құралының қозғалтқышы жұмыс істеген кезде шығатын газдардан адам денсаулығына антропогендік әсер ететін негізгі отын түрлері) зиянды заттардың мөлшері азайды:
- күкірт 10 есеге (одан күкірт тотығы түзеледі);
- ароматикалық заттар 1,5 есеге (одан күйе пайда болады);
- бензол 5 есеге (бензопиреннің пайда болу көзі – канцероген, қауіптіліктің 1‑класына жатады).
ҚМГ ауыл шаруашылық дала жұмыстарын жүргізу үшін дизель отынын жөнелтеді, сондай‑ақ әлеуметтік өндірістік нысандар мен мекемелерді жылыту маусымы кезінде мазутпен қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар ҚМГ 2023 жылы еншілес ұйымы «ҚМГ‑Аэро» ЖШС арқылы және биржадағы сауда‑саттық арқылы Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі, ҰҚК және Ұлттық ұланның авиациялық қызметтеріне, жергілікті әуежайлар мен елдің әуекомпанияларына авиаотын сатты.
Мұнай өнімдерінің қалған бөлігі Қазақстан Республикасының ішкі нарығындағы басқа сатып алушылар мен экспортқа көтерме партиялармен өткізіледі.
Мұнай өнімдерін экспортқа жеткізу құрылымында 2023 жылы Еуропаға қою түсті мұнай өнімдерін жөнелту басым болды. Параксилол, бензол, кокс, күкірт Еуропаға, Қытайға, Ресейге, Тәжікстан мен Түркияғаға жеткізілді.
ҚМГ 2023 жылы үш мұнай өңдеу зауытында (АМӨЗ, ПМХЗ және ПҚОП) өңдеу үшін елдің батысында орналасқан төрт 100% еншілес мұнай өндіруші компаниялардан (ӨМГ, ЕМГ, ҚТМ және ӨО) мұнай сатып алды.
Мұнайды сатып алу және оны өңдеу бойынша қызмет көрсетудің жалпы құны – 685 млрд теңге.
Мұнай кен орнында пайдаланудың сынақ кезеңінің аяқталуына және жер қойнауын пайдалануға жақсартылған модельдік келісімшарттың қабылдануына дайындық жұмыстарына байланысты «Өріктау Оперейтинг» ЖШС 2023 жылдың екінші жартыжылдығында ПМХЗ‑ға мұнай жеткізуді тоқтатты. 2023 жылдың қорытындысы бойынша ҚМГ ПМХЗ‑да «Өріктау Оперейтинг» ЖШС‑нің барлығы 16,4 мың тонна мұнайын өңдеді, жоспар бойынша 28,3 мың тонна еді.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасында еліміздің Энергетика министрлігі бекітетін мұнай өнімдерін жеткізу жоспарларына сәйкес автобензин, авиаотын және битум биржалық сауда‑саттық арқылы сатылды. 2023 жылдың қарашасынан бастап мұнай өнімдерін жеткізу жоспары бойынша жалпы сатудың 10% көлеміндегі қосымша дизель отыны биржалық сауда‑саттыққа шығарыла бастады.
Импорт
2023 жылы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Қазақстан Республикасының ішкі нарығында шекаралас мемлекеттермен баға диспаритеті және соған байланысты отынды құйып әкету себебінен туындағын тапшылықты өтеу үшін дизель отынын импорттады. Импортталған отын көлемінің 100%‑ы «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ‑ның еншілес компаниясы – «ҚТЖ‑Жүк тасымалы» ЖШС‑не сатылды.
Реттелетін баға бойынша жалпы ұсыныс көлемінен жалпы сұраныстың көп болуы Қазақстан Республикасының барлық МӨЗ толық қуатында жұмыс істесе де, ел ішінде дизель отынына деген жоғары сұранысты қамтамасыз етпейтін жағдайға әкеп соқтырды.
Осылайша, «Самұрық‑Қазына» АҚ Басқарма төрағасының 2023 жылғы 30 қаңтардағы тапсырмасын орындау кезінде 2023 жылы ақпан мен мамыр аралығында Ресей Федерациясының мұнай өңдеу зауыттарынан 148 665 тонна дизель отыны импортталды.
ҚТЖ қорының қажетті деңгейін қамтамасыз ету үшін «Самұрық‑Қазына» қоры 2023 жылдың соңына дейінгі кезеңде Ресейдегі дизель отыны жеткізушілерінен 150 мың тоннаға дейін көлемде ҚТЖ өзі сатып алсын деген қосымша тапсырма берді. Тапсырма аясында ҚМГ бастапқы кезеңінде ҚТЖ‑ға өзі сатып алуы үшін консультациялық қолдау көрсетті.
Нарықта дизель отынының елеулі тапшылығын болдырмау мақсатында Қазақстан Республикасының мұнай өңдеу зауыттарында қор қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Сондай‑ақ Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігімен бірлесіп, паритетке қол жеткізу және басқа елдерге отын ағымын қысқарту үшін мұнай өнімдеріне шекті бағаларды кезең‑кезеңімен ұлғайту үшін ЕАЭО елдерінің бағаларына тұрақты талдау жүргізіледі.
Румынияда мұнай өңдеу
KMG International негізгі қызметі – КСШ өңдеу мен мұнай өнімдерін көтерме және бөлшек саудада өткізу. Шикізатты бастапқы өңдеумен ҚМГИ‑дің меншікті МӨЗ‑і «Петромидия» айналысады, ал қайталама өңдеуді «Вега» МӨЗ‑і жүзеге асырады. «Петромидия» мен «Вега» зауыттары мынадай схема бойынша жұмыс істейді: зауыт балансына КСШ сатып алады, оны өңдейді, содан кейін өзінің ЖМҚС бөлшек желісі арқылы көтерме немесе бөлшек саудада сатады.
Сондай‑ақ ҚМГИ тығыздығы жоғары және төмен полипропилен мен полиэтилен (LDPE мен HDPE) өндіретін ірі мұнай‑химия кешеніне иелік етеді. Жоғарыда аталғаннан бөлек, ҚМГИ‑дің тағы бір еншілес ұйымы – «ҚМГ Трейдинг АГ» шикі мұнай мен ҚМГИ‑дің МӨЗ‑дерінде, сондай‑ақ үшінші тарап өндірген мұнай өнімдерінің трейдингімен айналысады.
Румыниядағы KMG International («Петромидия», «Вега») зауыттарында өңдеу көлемі 4,3%‑ға азайып, 5 387 мың тонна болды. Өңдеу көлемі 2023 жылы жаз мезгілінің ортасында жұмсақ гидрокрекинг қондырғысындағы оқиғадан кейін төмендеді. Қазіргі кезде қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда, оларды аяқтау мерзімі 2024 жылдың бірінші тоқсанының соңына шегерілді. Бұған жабдықтың тұтастығын қамтамасыз етуге және қондырғыны қауіпсіз пайдалануға байланысты реакторларды қалпына келтіруге жөндеу жұмыстарының ауқымды көлемі себеп болды.
2023 жылы Urals сортының шикі мұнайына белгіленген баға мен өндірілген мұнай өнімдеріне (бензин, дизель, нафта, сұйытылған газ, авиаотын, мазут, пропилен, күкірт және мұнай коксы) белгіленген баға арасындағы айырма ретінде есептелген «Петромидия» МӨЗ‑нің өңдеу маржасы барреліне 87 долларға тең болды. Бұған «Петромидия» ЖШС‑нің нарық өзгерісіне дер кезінде қимылдап, қымбат өнім өндірісін оңтайландыруы/барынша ұлғайтуы себеп болды.
ҚМГИ‑дің трейдинг операциялары аясында 2023 жылы қайта сатуға арналған шикі мұнай көлемі 7,64 млн тоннаға жетті.
ҚМГИ бөлшек сауда желісі
KMG International‑дың ұзақ мерзімді стратегиясы аясында «44 станция» бөлшек сауда желісін салу жобасы көзделген және бөлшек сауда сегментін дамытудың негізгі бағыты – бөлшек сауда үшін ең тартымды болып саналатын Румыния нарығындағы экспансия. Жобаның негізгі мақсаты – Румыниядағы мұнай өнімдерінің бөлшек сауда нарығында үлесін арттыру. Бүгінгі таңда атқарылған іс‑шаралар:
- 2023 жылы ақпанда ҚМГ Инвестициялық комитеті CNAIR 2 тендері аясында 12 автомагистральды ЖМҚС құрылысын аяқтауды және пайдалануға беруді бекітті, сондай‑ақ Spectrum жобасы бойынша шешім қабылданғанға дейін стандартты ЖМҚС құрылысын тоқтатты. Сонымен қатар CNAIR 2 тендері аясында 6 жанармай құю станциясына материал/жабдық сатып алу, ол жердегі құрылыс‑монтаждау жұмыстары тоқтатылды.
- 2023 жылы тамызда ҚМГ 42/6438 хатының негізінде локациясына 70 мың АҚШ доллары бюджетімен CNAIR 2 пакетіне енгізілген локацияларға рұқсат алу процестерін бастау туралы шешім қабылдады.
- 2023 жылы қарашада «Самұрық‑Қазына» АҚ, ҚМГ және KMG International N. V. жұмыс топтарының бірлескен отырысында Spectrum жобасын уақытша тоқтату туралы шешім қабылданды. Осыған байланысты 2022 жылы ұйымдастырылған CNAIR 2 тендері аясында автожолдарда алты ЖМҚС құрылысы құнның ұлғаюын ескере отырып жалғастырылды, стандартты ЖМҚС құрылысы 1 ЖМҚС салуға 1,8 млн АҚШ долларынан асырмау талабымен жалғасады.
- CNAIR 1 аясында 12 ЖМҚС‑тың құрылысы аяқталды, 11 станция ашылды. Соңғы магистральды жанармай құю станциясының құрылысы 2023 жылдың желтоқсанында аяқталып, 2024 жылдың ақпанында ашылды.
«Петромидияда» өндірістің тоқтауы
Есепті жылдың жаз мезгілінде «Петромидия» зауытында оқыс оқиға болып, бұл өндірісті ішінара тоқтатуға әкелді. ҚМГИ комиссиясы жүргізген тергеу қорытындысына сәйкес өрттің негізгі себебі – операциялық қызметкерлердің тиісті процедураларды бұзуы болды. Жауапты адамдарға және рәсімдерге қатысты тиісті шаралар қабылданды. Жұмсақ гидрокрекинг қондырғысында болған өрт салдарынан статикалық және динамикалық жабдықтар ішінара істен шықты. Оқиға кезінде қаза тапқандар болған жоқ. Зардап шеккендер – Global Security Systems компаниясының өрт сөндіру машинасының жүргізушісі машина баспалдағынан секірген кезде тобығы жарақаттанған. Қазіргі уақытта жұмсақ гидрокрекинг қондырғысы іске қосылып, штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
ҚМГИ‑ға қарасты мұнай өңдеу зауыттарын дамыту жоспары
Румыния Үкіметі әзірлеген жаңа заңнамалық актілер аясында 2023 жылы ҚМГ, соның ішінде бұл заңнамалық актілерді орындауға бағытталған, инвестициялық бастамаларды пысықтау және жаңарту жұмыстарын жүргізді:
- 2023 жылы 1 қаңтарда Румынияда жаңа буын биоотынның ең аз мөлшеріне қатысты талап қолданыла бастады. 2022 жылы 6 желтоқсанда жаңартылатын көздерден алынған энергияны пайдалануды ілгерілету жөніндегі құқықтық базаны толықтыру туралы Үкіметтің №163/2022 қаулысы бекітілді. Сонымен қатар 2023 жылы кемінде 0,2%, 2025 жылы кемінде 1% және 2030 жылы кемінде 3,5% жаңа буын биоотынның минималды мөлшері туралы талап енгізілді.
- 2023 жылы 20 шілдеде Румынияда отын жеткізушілері 2025 жылдан бастап жасыл сутекті өндіруге немесе сатып алуға міндетті болатын заң қабылданды.
- 2023 жылы 13 қыркүйекте Еуропарламент жаңа ережелерді бекітті, оған сай 2026 жылға қарай Еуроодақтың негізгі магистральдарында автомобильдерге арналған қуаты кемінде 400 кВт, ал 2028 жылға қарай кемінде 600 кВт электр қуаттау станцияларын орнату қажет. Жүк көліктері мен автобустар үшін әр 120 шақырым сайын қуаттау құрылғылары болуы тиіс.
- 2023 жылы 9 қазанда Еуроодақ кеңесі авиакеросин жеткізушілері 2025 жылдан бастап 2% SAF, 2030 жылдан бастап 6% пайдалануға міндетті болатын жаңа регламент қабылдады.
Жаңа жобалар
Жылу электр орталығын салу жобасы – Петромидия МӨЗ қажеттіліктері үшін бу мен электр энергиясының қажетті көлемін қамтамасыз ететін болады. Жобаны ҚМГ Инвестициялық комитеті 2020 жылы 16 наурызда бекітті.
2023 жылы EPC келісімшартына қатысты жалпы жұмыс барысында белгілі бір кідірістер болды. 2023 жылы 22 наурызда бас мердігер ‑ Calik Energy (Calik) түрік компаниясы EPC келісімшартының жұмыстарын тоқтатты, бұған EPC келісімшартына № 2 қосымша келісімге қой қойылмай, бұл келісім бойынша төлемнің кешігуі себеп болды.
2024 жылы 19 қаңтарда EPC келісімшартына № 3 қосымша келісімге қол қойылды – барлық жұмыс 37 ай ішінде, 2024 жылдың 30 маусымына дейін аяқталуы тиіс.
Жобаның пайдасын есептегенде, бастапқы күн 2024 жылдың 1 қазаны болып саналады, бұл жұмысқа немесе басқа да іс‑шараларға рұқсат беруді аяқтау үшін белгілі бір уақыт қорын қамтамасыз етеді.
«Дельфин» жобасы
Өндіріс блогының негізгі бағыттары бойынша тиімділікті арттыру бағдарламасы: үздіксіз жақсарту, энергия тиімділігі, техникалық қызмет көрсету, ұйымдық тиімділік.
2012 жылы «Инвестициялық пакет 2010» іске асырылғаннан кейін 2014 жылы Rompetrol Rafinare‑де қолға алынған «Дельфин» бағдарламасы әзірлене бастады. Басты мақсаты – «Петромидия» және «Вега» платформаларының толық әрі жан‑жақты мүмкіндігін ашу. Бұл мақсатқа жету жолында жыл сайын тұрақты әрі ауқымды жақсартылған процестер енгізіліп, ағымдағы процестер жетіле түсті. Бұл өз кезегінде оң қаржылық нәтижелерге қол жеткізе отырып, өнімділікті арттыруға және технологиялық шығындарды азайтуға жол ашты.
2024 жылы «Дельфин 8» жобасы аясында энергия тиімділігін арттыруға және өндірістің операциялық қызметін жақсартуға бағытталған идеялар мен шығыны аз жобаларды енгізу жұмыстарын жалғастыру жоспарда бар.