Геологиялық барлау

ҚМГ геологиялық барлау бағытында 2021 жылы бекітілген 2031 жылға дейінгі даму стратегиясын басшылыққа алады. Бұл құжатта «Компанияның өсуін қамтамасыз ету үшін жеткілікті ресурстық база» стратегиялық мақсаты көзделген. Осы мақсат аясында теңізде жеті, құрлықта жеті жоба бойынша барлау жүргізіліп, негізгі жұмыс істеп тұрған кен орындары шегінде қосымша барлау жұмыстары көзделген. ҚМГ‑ның игеріліп жатқан кен орындарында жоспарлы геологиялық барлау және қосымша барлау жұмыстарының нәтижесі бойынша 2031 жылға дейін ABC1 өндірілетін қор өсімі 253 млн тонна көлемінде күтіледі. Тиісінше 2031 жылға дейін қорды толтыру коэффициентін органикалық өсу есебінен 105% деңгейінде сақтап тұру жоспарда бар.

Орта мерзімді перспективада ҚМГ геологиялық барлау жұмыстарына салатын инвестицияны ұлғайта береді. 2024‑2028 жылдар аралығында шамамен 426 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салу жоспарланған. Геологиялық барлау жұмыстарының жоспарланған көлемі 5 мың қума шақырымнан астам және 1,3 мың аудандық шаршы шақырымнан астам сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізуді қамтиды. Бұл мерзімде 30 барлау және бағалау ұңғымасын бұрғылау жоспарланған, соның ішінде: Қаратон Подсолевой, Торғай палеозой, Тайсойған, Абай барлау учаскелеріндегі алғашқы барлау ұңғымалары, кейіннен тәуелді бағалау ұңғымаларын бұрғылау көзделген. Сондай‑ақ қолданыстағы кен орындарының қорын тағы барлап, толықтыру үшін 20‑дан астам бағалау ұңғымасы бұрғылау жоспарлануда.

Жер қойнауына геологиялық зерттеу жүргізу қорытындысы бойынша екі келісімшартқа (Болашақ пен Қаражар), сондай‑ақ төрт жаңа келісімшартқа қол қою жоспарда бар.

2023 жылы геологиялық барлау саласындағы басты оқиғалар

2023 жылы геологиялық барлауға алдын ала есеп бойынша шамамен 135 млн АҚШ доллары инвестиция салынды (ҚМГ үлесі 52 млн АҚШ доллары, қалғаны серіктестердің кэрри‑қаржыландыруы есебінен):

  • 400 шаршы километр 3D және 1 613 қума километр 2D далалық сейсмикалық барлау жұмыстары жүргізілді, 3 200 қума шақырымнан астам және 440 шаршы километрден астам сейсмикалық деректер өңделді;
  • 17 барлау және бағалау ұңғымасы бұрғыланып, сыналды;
  • Органикалық өсуді (1,9 млн тонна), бейорганикалық өсуді (33,8 млн тонна), ЕМГ‑нің рентабельді емес кен орындарын (Доссор, Сағыз, Таңатар) мемлекетке қайтаруды (‑0,9 млн тонна) ескере отырып және Өріктау кен орны бойынша бағалау кезеңінің аяқталуы (КТ‑2 мен Девон шоғырлары) ескеріліп, игерілетін сұйық көмірсутек қорының күтілетін өсімі 34,8 млн тоннаға жуық, бұл бір жылда 23,5 млн тонна өндіру кезінде қорды толтыру ABC1 санаты бойынша коэффициентінің 148%‑на тең.
  • 2023 жылы қаңтар айында Жеңіс теңіз учаскесінде барлау ұңғымасын бұрғылау аяқталды. Жоба «ЛУКОЙЛ» ЖАҚ стратегиялық серіктеспен бірлесіп іске асырылды. Бұрғылау және зерттеу нәтижесі бойынша мұнай‑газ шоғыры табылған жоқ, геологиялық тәуекел расталды.
  • 2023 жылы «Қаратон Подсолевой» учаскесі (Р50 нұсқасы бойынша геологиялық қоры 353 млн тонна) бойынша «Татнефть» ЖАҚ стратегиялық серіктеспен бірге жер қойнауын пайдалануға келісімшарт алынды. Серіктес барлау кезеңінің жұмысын 100% қаржыландыру туралы міндеттеме қабылдады. Жоба операторы қызметін атқару үшін Karaton Operating Ltd. компаниясы ашылып, оған жер қойнауын пайдалану құқығы берілді. Жобалық құжаттарды және оператордың ұйымдық мәселелерін келісу бойынша жұмыс жалғасуда. 2024 жылы жоспарға сай тереңдігі 5 500 метр болатын барлау ұңғымасын бұрғылау жұмыстары басталады.
  • 2023 жылы Қаламқас‑теңіз — Хазар учаскесі бойынша да «ЛУКОЙЛ» ЖАҚ стратегиялық серіктеспен бірлесіп келісімшарт қабылданды. Kalamkas Khazar operating ЖШС құрылып, жер қойнауын пайдалану құқығы осы серіктестікке берілді. Тарихи сейсмикалық деректерді өңдеу және қайта түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
  • 2022 жылы негізгі шөгінді алаптарды модельдеу бағытындағы талдау жұмыстары аясында қосымша зерттеуді талап ететін перспективті бес учаске анықталды (Жарқын, Болашақ, Солтүстік Өзен, Березовский, Мұғалжар). 2023 жылы ҚМГ‑ның жүз пайыз еншілес компаниясы KMG Barlau ЖШС үш учаскеде (Жарқын, Солтүстік Өзен, Березовский) далалық сейсмикалық барлау жұмыстарын аяқтады. Жиналған нәтижелер өңделіп, зерделеніп жатыр. Тағы бір перспективті учаске бойынша далалық жұмыстар жалғасып жатыр. Қалған бір учаскеде тарихи сейсмикалық деректерді өңдеу және зерделеу кезеңі аяқталды, оның нәтижесі бойынша далалық жұмыстар бойынша жоспарларға түзету енгізілді. Сейсмикалық деректерді өңдеу мен зерделеудің нәтижесі бойынша және геологиялық‑техникалық бағалау жұмыстары жүргізілгеннен кейін 2025 жылы жер қойнауын пайдалануға келісімшарт алу жөнінде шешім қабылданады. Барлық жұмыстар 2022 жылы жер қойнауын геологиялық зерттеуге алынған лицензиялар аясында жүргізілуде.

2024 жылға арналған жоспар

2024 жылы геологиялық барлау жұмыстарына шамамен 191 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салу жоспарда. ҚМГ шығыны – 79 млн АҚШ доллары.

2024 жылы мынадай іс‑шаралар жоспарланып отыр:

  • ҚМГ меншікті қаражаты есебінен Торғай палеозой учаскесінде тереңдігі 5 500 метр болатын алғаш барлау ұңғымасын бұрғылауды бастау. Геологиялық қоры (Р50) – 399 млн тонн.
  • Абай теңіз учаскесінде тереңдігі 2 500 метр болатын алғаш барлау ұңғымасын бұрғылау және сынау. Геологиялық барлау жұмыстарын ҚМГ‑ның стратегиялық серіктесі Eni S.p.A. компаниясы қаржыландырады.
  • Қаражар барлау учаскесі бойынша келісімшарт алу. Учаскенің геологиялық қоры (Р50) – 32 млн тонна.
  • стратегиялық серіктеспен бірлесіп Болашақ барлау учаскесі бойынша келісімшарт алу. Учаскенің геологиялық қоры (Р50) – 344 млн тонна.

Сонымен қатар тарихи геологиялық‑геофизикалық деректерді талдау және алаптарды модельдеу нәтижелері бойынша жер қойнауын пайдалануға келісімшарттар алу туралы мәселені одан әрі пысықтау үшін мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына енгізу үшін бес жаңа перспективті учаске анықталды.

2024 жылға арналған жоспар

Геологиялық барлау және бұл саладағы ынтымақтастық бойынша жаңа жобалар

2023 жылы Компания геологиялық барлау саласында халықаралық мұнай‑газ компанияларымен ынтымақтастықты кеңейту бойынша белсенді жұмысын жалғастыруда. Инвестиция тарту және геологиялық барлау кезінде тәуекелдерді бөлісу мақсатында ҚМГ стратегиялық әріптестерді тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізеді. Осы мақсатта өзара түсіністік туралы меморандумдар қабылданды және CNOOC, CNPC, Sinopec, Shell, Total, SOCAR, JOGMEC, Petrovietnam, SOVICO Group, Caspian explorer үшін саладағы деректерді көруге рұқсат берілді. Компанияда виртуалды дата‑рум жұмыс істейді, ол әлеуетті серіктестерге ҚМГ‑ның перспективті және жұмыс істеп тұрған активтері бойынша геологиялық‑техникалық ақпарат ұсына алады. Серіктестер перспективті учаскелер бойынша тарихи деректермен танысып, стратегиялық серіктестік орнату туралы шешім қабылдай алады. Дата‑рут негізінде инвестицияны салудан басқа, компаниялар учаскелердің болашағы туралы өз ойларын ортаға салады, сондай‑ақ шетелдік және отандық жетекші мамандар тәжірибе мен білім алмасады.

Болашақ учаскесі бойынша стратегиялық серіктесті іріктеу бойынша ашық конкурс өтті. 2024 жылы жер қойнауын пайдалануға келісімшарт алу жоспарда бар. Стратегиялық серіктес барлау кезеңіндегі жұмысты 100% қаржыландыруды қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар тарихи геологиялық‑геофизикалық деректерді талдау және алаптарды модельдеу нәтижелері бойынша жер қойнауын пайдалануға келісімшарттар алу туралы мәселені одан әрі пысықтау үшін мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына енгізу үшін үш жаңа перспективті учаске анықталды.

2023 жылы аз зерттелген шөгінді алаптардың перспективасын қарастыру жұмысы жалғастырылды. Далалық сейсмикалық барлау жұмыстарының параметрлерін және тиісті құнын жоспарлау мақсатында Солтүстік Торғай шөгінді алабы бойынша кешенді бақылдау жұмыстары жүргізілді. Қорытындысы бойынша аз зерттелген шөгінді алаптар шегінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу жоспарларына қатысты шешім қабылданатын болады.

Қаламқас‑Теңіз, Хазар
Каламкас-море, Хазар

Қаламқас‑теңіз, Хазар және Әуезов жер қойнауының учаскелері Ақтау қаласынан 60 км қашықтықта орналасқан. Олар Каспий теңізінің қазақстандық секторында орналасқан жер қойнауының стратегиялық учаскелері болып саналады (Жер қойнауы туралы кодекстің 43‑бабы). Учаскелер Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына және көмірсутек саласындағы ұлттық компанияға жер қойнауын пайдалануға құқығын беру үшін көмірсутекті барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған жер қойнауы учаскелері аумақтарының тізбесіне енгізілген (Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2018 жылғы 28 маусымдағы № 478 бұйрығы). Бұл учаскелердің ауданы – 1 707, 17 км.

Қаламқас‑теңіз, Хазар және Әуезов кен орындары сәйкесінше 2002, 2007 және 2008 жылдары ашылған. Өнім беретін көкжиектердің орналасқан тереңдігі – теңіз түбінен 1 500‑2 000 метр төмен.

Коммерциялық өндіру және қоры:

Қаламқас‑теңіз, Хазар кен орнында алғашқы коммерциялық мұнай өндіру 2028‑2029 жылдарға жоспарланған. Жиынтықты игеру қоры 48,5 млн тонна мұнай және 19 млрд текше метр газ деңгейінде бағаланады. Өндіріс көлемі – шамамен жылына 4 млн тонна (тәулігіне 80 мың баррель). Өндірудің ең жоғары деңгейіне шығу мерзімі – кемінде 5 жыл.

Жоба бойынша инвестиция көлемі:

ҚМГ‑ның алдын ала бағалауына сай жоба бойынша инвестиция көлемі – шамамен 6,4 млрд АҚШ доллары (4‑ші санат).

2023 жылы атқарылған жұмыстар:

Жобаны іске асыру мақсатында Kalamkas‑Khazar Operating ЖШС (бұдан әрі – ККО) құрылды (2023 жылы 7 ақпан).

Жобаға «ЛУКОЙЛ» ЖАҚ‑тың кіруі бойынша келісімдерге (сатып алу‑сату келісімшарты, қатысушылардың келісімі, қаржыландыру туралы келісім) қол қойылды (2023 жылы 9 ақпан).

Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен ҚМГ арасында 45 жылға арналған өндіру келісімшарты қабылданды (2023 жылы 27 ақпан).

ҚМГ мен ККО арасында өндіру келісімшарты бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын 100% беру туралы шартқа қол қойылды (2023 жылы 30 наурыз).

ККО‑ға (жер қойнауын пайдаланушы) жер қойнауын пайдалану құқығы берілуіне байланысты келісімшартқа № 1 толықтыру қабылданды (2023 жылы 11 сәуір).

Қоғамдық тыңдаулар өткізілді, оның нәтижесі бойынша кен орынды игеру жобасына және инженерлік‑геологиялық зерттеу жөніндегі техникалық жобасына қатысты Экология департаментінің әсер етуді бағалау бойынша оң қорытындысы алынды (2023 жылы 19 шілде).

ККО‑ның 50% үлесін «ЛУКОЙЛ» ЖАҚ пайдасына сату мәселесі бойынша рәсімдер аяқталды (ҚМГ Директорлар кеңесінің 2023 жылғы 26 шілдедегі № 16/2023 хаттамасы).

Жалпы қатысушылар жиналысының № 1 құрылтайшы отырысы өтті, оған жаңа үлескер – «ЛУКОЙЛ» ЖАҚ қатысты (2023 жылы 4 қыркүйек).

ККО мемлекеттік тіркеуден қайта өтті, кәсіпорын үлескерлері ҚМГ (50%) және «ЛУКОЙЛ» ЖАҚ (50%) (2023 жылы 11 қыркүйек).

Қазақстан Республикасының Көмірсутек кен орындарын барлау және игеру комиссиясы Кен орынды игеру жобасын бекітті (2023 жылғы 29 қыркүйектегі № 43/11 хаттама).

ҚМГ Инвестициялық комитеті 2‑ші фазадан (PreFEED тұжырымдамасын таңдау) 3‑ші фазаға (Белгілеу) өтуге және 3‑ші фазаның бюджетіне келісімін берді (2023 жылы 10 қараша).

ККО Бақылау кеңесі ұйымдық құрылымды, 2024 жылдың бюджетін, сондай‑ақ жоба бойынша бірқатар келісім мен құжаттарды (ҚМГ, ККО және ЛУКОЙЛ арасындағы қызметкерлерді іс‑сапарға жіберу туралы келісім, еңбекақы төлеу ережелері, лауазымдық жалақының кестесі, іс‑сапар лимиттері) бекітті (2023 жылы 4 желтоқсан).

Жүріп жатқан жұмыстар:

2023 жылы ККО бюджеті аясында жобаның іске асырылуын тездету аясында озыңқы жұмыстар атқарылды (ҚМГ мен ЛУКОЙЛ‑дың Басқарушы комитеті келісімін берді), соның ішінде:

  • теңізде және құрлықта инженерлік‑геологиялық зерттеу;
  • өндірістік‑экологиялық мониторинг;
  • 3D сейсмикалық деректерді өңдеу және зерделеу.
  • Қазір жобалау кезеңінің жұмыстары атқарылуда.
2024 жылға арналған жоспарлар:

2024 жылдың ішінде 3‑ші фаза аясында мердігер компанияны таңдау нәтижесі бойынша Базалық жобалауды (FEED Engineering) іске асырып, жыл соңына дейін оны аяқтау көзделген.

Жоба бойынша соңғы инвестициялық шешім (FID) 2025 жылы қабылданады деп күтіледі.

«Әл‑Фараби» жобасы
«Әл-Фараби»

Келісімшар бойынша жер қойнауын пайдаланушы – «Әл‑Фараби Оперейтинг» ЖШС, оның үлескерлері:

  • «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ – «Әл‑Фараби Оперейтинг» ЖШС Басқарушы комитетіне қатысу үлесу 50,01%,
  • «ЛУКОЙЛ» ЖАҚ – «Әл‑Фараби Оперейтинг» ЖШС Басқарушы комитетіне қатысу үлесу 49,99%.

Кен орнын игеру жобасы бекітілгенге дейінгі барлау жұмыстарын 2021 жылғы 11 қарашадағы ҚМГ мен «ЛУКОЙЛ» ЖАҚ арасындағы қаржыландыру туралы келісімнің талаптарына сәйкес «ЛУКОЙЛ» ЖАҚ кэрри‑қаржыландыру қағидаты бойынша жоба шығыстарының 100% мөлшерінде қаржыландырады.

«Шығыс Бектұрлы» жобасы
«Шығыс Бектұрлы»

Жоба үлескерлері:

  • «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ – жер қойнауын пайдалану құқығының 50%;
  • «Көкел Мұнай» ЖШС – жер қойнауын пайдалану құқығының 50%.

Жоба операторы – «Bekturly Energy Operating» ЖШС.

Барлау жұмыстарын «Көкел Мұнай» ЖШС кэрри‑қаржыландыру қағидаты бойынша жоба шығыстарының 100% мөлшерінде қаржыландырады.

Қазіргі уақытта көмірсутектің ашық кен орнын бағалау жұмыстары жүріп жатыр.

«Абай» жобасы
«Абай»

Жоба үлескерлері:

  • «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ – жер қойнауын пайдалану құқығының 50%;
  • «Эни Исатай б.в.» – жер қойнауын пайдалану құқығының 50%.

Жоба операторы – «Исатай Оперейтинг Компани» ЖШС.

Кен орнын игеру жобасы бекітілгенге дейінгі барлау жұмыстарын ҚМГ мен «Эни Исатай б.в.» компаниясы арасындағы қаржыландыру туралы келісімнің талаптарына сәйкес «Эни Исатай б.в.» кэрри‑қаржыландыру қағидаты бойынша жоба шығыстарының 100% мөлшерінде қаржыландырады.

Қазіргі уақытта барлау ұңғымасын салу үшін дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

«Торғай Палеозой» жобасы
«Торғай Палеозой»

Жоба үлескері:

  • «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ – 100%.

ҚМГ жобаны өз күшімен және меншікті қаражаты есебінен іске асыруда.

Қазіргі уақытта барлау ұңғымасын салу үшін дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

«Хвалынск» жобасы
«Хвалынск»

2005 жылы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының уәкілетті ұйымдары – «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және «ЛУКОЙЛ» ЖАҚ бірлескен кәсіпорын (50/50%) – «Каспий мұнай‑газ компаниясы» ЖШҚ ашты. «Хвалынск» жобасы бойынша өнімді бөлу туралы келісімге (ӨБК) қол қойылғаннан кейін бұл бірлескен кәсіпорын жер қойнауын пайдалану құқығына ие болады.

  • ӨБК қабылданғанға дейін лицензияның иесі «ЛУКОЙЛ‑Нижневолжскнефть» ЖШС болып қала береді.

Жобаны ҚМГ және «ЛУКОЙЛ» ЖАҚ паритет негізінде пайыздық қарыз арқылы қаржыландырады.

«Орталық» жобасы
«Орталық»

Жоба үлескерлері:

  • «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ – 50%;
  • «Центркаспнефтегаз» ЖШҚ («ЛУКОЙЛ» ЖАҚ пен «Газпром» ЖАҚ‑тың бірлескен кәсіпорны 50%/50%) – 50%.

Жоба операторы әрі жер қойнауын пайдаланушы Ресей Федерациясында тіркелген ‑ «Орталық мұнай‑газ компаниясы» ЖШҚ.

Барлау жұмыстарын «Центркаспнефтегаз» ЖШҚ кэрри‑қаржыландыру қағидаты бойынша жоба шығыстарының 100% мөлшерінде қаржыландырады.

«Жер қойнауын геологиялық зерттеу» жобасы
«Жер қойнауын геологиялық зерттеу»

Жер қойнауын геологиялық зерттеу жобасы бойынша бес лицензияның иесі – KMG Barlau ЖШС (ҚМГ‑ның 100% еншілес ұйымы).

Іске асыру мерзімі – 2022‑2025 жылдар.

Жобаны ҚМГ меншікті қаражаты есебінен қаржыландырады.

Қазіргі уақытта төрт учаске бойынша далалық сейсмикалық барлау жұмыстары аяқталды, алынған деректерді өңдеу және зерделеу жұмыстары жүріп жатыр.

«Құрманғазы» жобасы
«Құрманғазы»

Жобаның үлескерлері:

  • «ҚазМұнайТеңіз» ТМК АҚ – ӨБК‑дағы үлесі 50%;
  • «РН‑Эксплорейшн» ЖШҚ («Роснефть» ЖАҚ‑тың 100% еншілес ұйымы) – ӨБК‑дағы үлесі 50%.

Жоба операторы – «Құрманғазы Петролеум» ЖШС. «Құрманғазы Петролеум» ЖШС‑нің жарғы капиталындағы 100% үлесі ҚМГ‑ға тиесілі.

Жобаны ҚМГ және «РН‑Эксплорейшн» ЖШҚ паритет негізінде қаржыландырады. Әр компания жұмсалған шығынның 50% көтереді.

«Қаратон подсолевой» жобасы
«Қаратон подсолевой»

Келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдаланушы – Karaton Operating Ltd (ҚМГ‑ның 100% еншілес ұйымы).

  • 2024 жылы 21 ақпанда Ресей Федерациясы, Татарстанның «Татнефть» ЖАҚ Karaton Operating Ltd. компаниясының 50% үлесін ресми түрде сатып алды.
  • Өндірістің басталу мерзімі – 2028 жыл, болжамды мұнай өндіру көлемі – жылына 2,5 млн тонна.

Кен орнын игеру жобасы бекітілгенге дейінгі барлау жұмыстарын «Татнефть» ЖАҚ кэрри‑қаржыландыру қағидаты бойынша жоба шығысының 100% мөлшерінде қаржыландыратын болады.

Бес жылдағы жетістіктер

  • 2019‑2023 жылдар аралығында геологиялық барлау жұмыстарына шамамен 178,5 млрд теңге инвестиция салынды, ҚМГ шығыны шамамен 89,5 млрд теңге болды. Осы кезеңде Батыс Қарасор және Шығыс Бектұрлы жаңа кен орындары ашылды. 3D жоғары сейсмикалық барлау және барлау ұңғымасын сынау жұмыстарының нәтижесінде Шығыс Бектұрлы учаскесінде құрылымдық емес тұзақтардың әлеуеті дәлелденді.
  • 2019 жылы Тайсойған‑1 және Тайсойған‑2 учаскелерінде 3D сейсмикалық барлау жұмыстары бұрын‑соңды болмаған ауқымды көлемде жүргізіліп, нәтижесінде жалпы әлеуетінің геологиялық қоры (Р50) 328 млн тоннаға тең 26 перспективті нысан анықталды. 2022 жылы аталмыш учаскелер бойынша барлау мен өндіруге келісімшарттар алынды, олар геологиялық барлау жұмыстарын жалғастыру үшін ЕМГ‑ге беріледі.
  • Стратегиялық серіктестермен бірге Әл‑Фараби, Қаратон подсолевой, Қаламқас‑теңіз, Хазар, Әуезов учаскелері бойынша жер қойнауын пайдалануға жаңа келісімшарттар жасалды. Геологиялық барлау жұмыстары стратегиялық әріптес тарапынан кэрри‑қаржыландыру қағидаты бойынша жүргізіледі.
  • Қызылорда облысындағы Торғай палеозой учаскесі бойынша жер қойнауын пайдалануға келісімшарт жасалды. 2024 жылы тереңдігі 5 500 метр болатын барлау ұңғымасын бұрғылау жоспарда бар
  • Өзен (+39,9 млн тонна) және Қаламқас (+32,6 млн тонна) кен орындарының мұнай қоры едәуір ұлғайды. Кен орындарының қорын қайта бағалау 3D сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізуді, кен орнының геологиялық тұжырымдамасын түзетуді, жаңа ұңғымаларды бұрғылауды, негізгі үлгілерге зертханалық талдау алуды, ұңғымалардың бүкіл қоры бойынша ұңғымаларды геофизикалық зерттеу материалдарын қайта зерделеуді қажет етті.
  • Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарында орналасқан бес перспективті учаске бойынша жер қойнауын геологиялық зерттеу жобасына бастама жасалды. 2023 жылы 2D және 3D аймақтық далалық сейсмикалық барлау жұмыстары жүргізілді, алынған нәтижелер өңдеу және зерделеу кезеңіне жіберілді. Нәтижелері бойынша егжей‑тегжейлі барлау жұмыстарын жүргізу үшін жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарды алу туралы шешім қабылданатын болады.
  • 2019 жылдан бастап 2023 жылға дейінгі кезеңде игерілетін мұнай қорының ҚМГ‑ге тиесілі жиынтық органикалық өсімі 115 млн тоннаға жетті, Қазақстан Республикасының Пайдалы қазбалар қоры жөніндегі мемлекеттік комиссиясының жүйесіне сай санаттары А+В+С1.

Ресейлік серіктестерге салынған санкциялардың қауіпі

Ресейлік компаниялар мен банктерге салынған санкциялар Каспий теңізінде қызмет көрсететін мердігерлердің тізімін тарылтып, жұмыс құнының қымбаттауына әкеледі. Осыған байланысты санкцияға ілікпеген өнім жеткізушілер мен сервистік компанияларды тарту мүмкіндіктеріне талдау жүргізілді. Ақпарат әлі де жиналып жатыр. Сонымен қатар ресейлік серіктестермен бірлескен қызмет туралы құжаттарға АҚШ, Еуропалық Одақ және Ұлыбритания санкция салған кезінде жобадан және бірлескен кәсіпорыннан шығуды көздейтін баптар енгізілген.

Жаңа технологияларды енгізу, геологиялық барлауды оңтайландыру, тиімділікті арттыру

ҚМГ 2023 жылы компания тарихында алғаш рет 20 км тереңдікті қамтуға мүмкіндік беретін Каспий маңы шөгінді алабының терең құрылысын зерттеу мақсатында далалық жабдықтарды бірегей орналастыра отырып, тәжірибелік сейсмикалық жұмыстар жүргізді.

Компанияның 2024 жылғы жоспарында сейсмикалық барлау жұмыстарында сымсыз сенсорлар технологиясына сынақ жүргізу бар, мұндағы мақсат – бұл технологияны жер қойнауын геологиялық зерттеу көзделген аумақтарға одан әрі тарату. Бұл технология сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізу мерзімдерін және сейсмикалық зерттеулермен үлкен аумақтарды қамту мүмкіндігін оңтайландыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар 2024 жылы Каспий теңізінің экологиялық сезімтал транзиттік аймақтарында сейсмикалық барлау жұмыстарын жүргізу кезінде импульс көздерінің технологиясын сынақтан өткізу жоспарлануда. Технология қоршаған ортаға әсерді барынша азайтады және экологиялық талаптарды сақтай отырып, транзиттік аймақтар жағдайында кондициялық сейсмикалық деректерді алуға мүмкіндік береді.

Жақсартылған модельдік келісімшарт

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша күрделі жобалардың бәсекелестігін арттыру және геологиялық барлау жұмыстарына қосымша инвестиция тарту үшін жағдай жасау, сондай‑ақ көмірсутек қорын толықтыру мақсатында 2023 жылы үкімет тиісті заңнамалық актілерге («Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы», «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодекстер және басқа да заңдарға) жаңа жақсартылған модельдік келісімшарты (бұдан әрі – ЖМК) тетігін көздейтін өзгерістер мен толықтырулар әзірледі.

ЖМК бойынша жинақталған түзетулер бірқатар реттеуші және фискалды артықшылықтарды қамтиды, олар күрделі жобаларда геологиялық барлау жұмыстарының тиімділігін арттыруға ықпал етеді:

  • күкіртті сутектің құрамы жоғары (3,5% және одан да көп);
  • тұз қалыңдығы кемінде 100 метр тұзды шөгінділері астында орналасқан;
  • тереңдігі 4 500 метрден асатын құрылымдық емес тұтқыштары, терең шөгінділері бар;
  • шамадан тыс жоғары қысымды шөгінділер (шамадан тыс коэффициенті 1,5 және одан көп);
  • жаңа теңіз жобалары (Каспий теңізінің немесе Арал теңізінің қазақстандық секторында орналасқан барлық барлау учаскелері немесе кен орындары).
  • газ жобалары (газ кеніштері немесе барлық кен орынның көмірсутегінің жалпы көлемінде мұнайы мол бөлігінің үлесі <0,25 болса, газ конденсатты кен орындар).

ЖМК преференцияларының арқасында Қаламқас‑теңіз/Хазар/Әуезов және Қаратон подсолевой учаскелері бойынша тиімді талаптар негізінде жер қойнауын пайдалануға келісімшарт алуға мүмкін болды. Алдағы уақытта ЖМК преференцияларын және жақсартылған экономикалық көрсеткіштерді пайдалана отырып, одан да көп күрделі барлау жобаларында барлау және игеру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік беріледі.

Геологиялық барлау саласындағы ҚМГ жобаларының картасы