Мұнай тасымалдау
ҚМГ көмірсутекті экспорт нарығына жеткізу бойынша мұнай тасымалдау инфрақұрылымын дамытуды аяқтады. Орта мерзімді перспективада мыналарға басымдық беріледі:
- ҚМГ мұнай тасымалдау жүйелері бойынша мұнай тасымалдау маршруттарының тартымдылығы мен бәсекеге қабілеттілігін өсіру арқылы құрылған қуаттардың жүктемесін арттыру;
- қосымша экспорттық маршруттарды дамыту;
- операциялық шығындарды бақылау.
ҚМГ мұнай тасымалын екі жолмен – магистральды құбырлар және теңіз флоты арқылы жүзеге асырады.
Құбыр желісінің инфрақұрылымы
Қазақстанның құбыр желісі инфрақұрылымы магистральды мұнай құбыры жөніндегі ұлттық оператор — «ҚазТрансОйл» АҚ‑ға, оның екі бірлескен кәсіпорнына («Қазақстан‑Қытай құбыры» ЖШС және «МұнайТас» СБТК ЖШС), сондай‑ақ Каспий құбыр желісі консорциумына тиесілі. Еліміздің қолданыстағы құбыр инфрақұрылымы перспективті жобалардан шығатын мұнайды тасымалдау көлемін ұлғайту үшін жеткілікті әлеуетке ие.
«ҚазТрансОйл» АҚ (ҚТО) — Қазақстан Республикасының магистральды мұнай құбыры жөніндегі ұлттық оператор. Компания жалпы ұзындығы 5 373 км магистральды мұнай құбырларының тармақталған желісіне ие, оған еліміздің барлық дерлік мұнай кен орындары қосылған. Компания мұнайды Қазақстанның төрт ірі мұнай өңдеу зауытына тасымалдауды қамтамасыз етеді, сондай‑ақ мұнайды «Атырау‑Самара» мұнай құбыры арқылы экспортқа тасымалдайды, мұнайды КҚК және «Атасу‑Алашанькоу» экспорттық мұнай құбырларына ауыстырып тиеуді, мұнайды Ақтау портындағы танкерлерге және теміржол көлігіне тиеуді жүзеге асырады. Мұнай тасымалдау магистральды мұнай құбырлары арқылы 36 мұнай айдау станциясымен, 67 мұнай жылыту пешімен, жалпы көлемі 1,4 млн м3 мұнай сақтауға арналған резервуарлық паркпен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар ҚТО «Қазақстан‑Қытай құбыры» ЖШС, «МұнайТас» СБТК» ЖШС, «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.», «Каспий құбыр желісі консорциумы‑Қ» АҚ, «Торғай Петролеум» АҚ және «Магистральды су құбыры» ЖШС‑нің магистральды мұнай құбырларын пайдалану қызметін және оларға техникалық қызмет көрсетеді.
«Қазақстан‑Қытай құбыры» ЖШС ұзындығы 965 км Атасу‑Алашанькоу және ұзындығы 794 км Кеңқияқ‑Құмкөл мұнай құбырларына иелік етеді. ҚҚҚ қазақстандық және транзиттік ресейлік мұнайды Қытайға, сондай‑ақ Қазақстанның ішкі нарығына тасымалдайды.
«МұнайТас» СБТК» ЖШС 445 шақырымға созылған Кеңқияқ‑Атырау магистральды құбырын иеленеді. 2018 жылы Компания бұл мұнай құбырының реверсі жобасын қолға алды. Мақсаты – Батыс Қазақстан мұнайын Қазақстан Республикасының МӨЗ‑деріне жеткізуді қамтамасыз ету және Ақтөбе мен Қызылорда облыстарында мұнай өндіру көлемінің төмендеуін теңдестіру, сондай‑ақ Қытайға экспортты қамтамасыз ету. 2021 жылдың ортасынан бастап «Аман» МАС арқылы жылына 6 млн тоннаға дейінгі көлемде кері бағытта мұнай айдау мүмкіндігі қамтамасыз етілді.
«Каспий құбыр желісі консорциумы» — Ресей, Қазақстан, сондай‑ақ саланың жетекші компаниялар қатысатын, ұзындығы 1 510 км магистральды құбырын (оның ішінде 452 км – Қазақстан аумағы) салу және пайдалану үшін құрылған халықаралық мұнай тасымалдау жобасы. КҚК мұнай құбыры Қазақстан мұнайының экспортқа жеткізудің басым бағыттарының бірі және қазақстандық Теңіз мұнай кен орнын Қара теңіздегі (Новороссийск портына жақын) «Южная Озереевка» мұнай терминалымен байланыстырады. Мұнай тасымалдау КҚК мұнай құбыры бойынша 15 мұнай айдау станцияларымен, жалпы көлемі 1 млн м3 мұнай сақтауға арналған резервуарлық паркпен және теңіз терминалындағы қозғалмалы үш айлақпен қамтамасыз етіледі.
2019 жылы Теңізде және Қашағанда мұнай өндіру көлемінің ұлғаюына байланысты КҚК акционерлері КҚК құбыр жүйесінің тар жерлерін жою жобасын іске асыру туралы шешім қабылдады. 2023 жылдан бастап айдау көлемін жылына 81,5 млн тоннаға дейін (соның ішінде Қазақстан аумағында — жылына 72,5 млн тоннаға дейін) ұлғайтуға дайындау жұмыстары атқарылды.
Нефтеперекачивающая станция
Головная нефтеперекачивающая станция
НПС
Нефтеперекачивающая станция
Мұнайды магистральды құбырлар арқылы тасымалдау
2023 жылы магистральды құбырлар арқылы мұнай тасымалының шоғырландырылған көлемі ҚМГ үлесіне 6,5%‑ға ұлғайып, 69 581 мың тоннаға жетті. Бұл көрсеткіштің өсуіне ҚазТрансОйл жүйесі бойынша мұнайды Германия бағытына экспортқа тасымал көлемінің ұлғаюы, Ақтау порты арқылы Баку‑Тбилиси‑Джейхан бағытына мұнайды тиеп жөнелту, сондай‑ақ Қашаған кен орнынан шыққан мұнайды КҚК жүйесіне тапсыру көлемі себеп болды.
Мұнайды магистральды мұнай құбырлары жүйесі арқылы бөлек тасымалдау көлемі 44 188 мың тоннаға жетті, бұл 2022 жылмен салыстырғанда негізінен экспорт бағыты есебінен 3 533 мың тоннаға артық. Ішкі нарықта мұнайды отандық МӨЗ бағытына қарай тасымалдау көлемі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 2023 жылы наурыз айында ПКОП зауытын және 2023 жылы жаз ортасында ПМХЗ‑ны жоспарлы тоқтату себебінен өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда азайды.
Есепті жылдың қорытындысы бойынша КҚК‑да тасымалдау көлемінің 8,1%‑ға өсуі байқалады. Бұл өсім негізінен Қашаған жүк жөнелтушілері тарапынан мұнай тапсыру мөлшерінің артуына байланысты болды. 2023 жылы КҚК‑да теңіз терминалындағы операциялық қызмет ауданындағы қолайсыз метеожағдайларға байланысты мұнайды жөнелтуде шектеулер болды.
Мұнайды магистральмен тасымалдау тарифтері
Қазақстанның ішкі нарығына мұнай тасымалдау тарифтерін мемлекет реттейді.
Қазақстан Республикасының «Табиғи монополиялар туралы» 2018 жылғы 27 желтоқсандағы № 204‑VI Заңына сәйкес ел аумағы арқылы транзиттеу және одан тыс жерге экспорттау мақсатында мұнай тасымалдау қызметтері табиғи монополиялар саласына кірмейді.
2023 жылы энергия тиімділігін арттыруға арналған мынадай негізгі іс‑шаралар атқарылды:
- Павлодар мұнай құбыры басқармасының «Прииртышск» авариялық‑қалпына келтіру пунктінде ТМ күштік трансформаторларын ТМГ үлсіндегі энергия тұрғысынан тиімдісіне ауыстыру – 2дана.
- «Павлодар‑Шымкент» магистральды мұнай құбыры. 1 499,9‑1 572,1 км учаскесінде магистральды мұнай құбырының электр қуатымен қамту желілерін реконструкциялап, желілік басқару мен бақылау пунктерін, ЭХҚ құралдарын жаңғырту.
- «Жетібай» мұнай айдау станциясында магистральды сорғыны реконструкциялау. 2023 жылы құрал‑жабдық жеткізілді. 2024 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.
2024 жылы жоспар бойынша мынадай іс‑шаралар қолға алынады:
- «Жетібай» мұнай айдау станциясының модульді сорғы қондырғысы. Магистральды сорғыны реконструкциялау. Іске асыру/аяқтау.
- Павлодар мұнай құбыры басқармасы, «Павлодар» бас мұнай айдау станциясында 3600‑120 тіректі сорғы агрегаторын АНЦН‑Е 1600‑100 агрегаторына ауыстыру (1 бірлік).
- «ҚазТрансОйл» АҚ‑да кезекті жоспарлы энергия қуаттарына аудит жүргізу.
Мұнай тасымалдау маршруттарын әртараптандыру
ҚМГ Қазақстан мұнайын экспортқа тасымалдаудың қосымша бағыттарын дамыту жөніндегі бастамаларды жоспарлы түрде іске асырып келеді.
Мұнайды Ақтау порты арқылы Әзербайжан бағытына жеткізу
2022 жылы қарашада ҚМГ және SOCAR Әзербайжан Республикасының Мемлекеттік мұнай компаниясы шикі мұнай транзитіне қатысты Бас келісім қабылдады. Келісім жылына 1,5 млн тонна көлемінде Қазақстан мұнайын Ақтау порты арқылы, әрі қарай Баку арқылы Баку‑Тбилиси‑Джейхан мұнай құбырымен тасымалдауды көздейді. Келісімнің маңызы – Қазақстан мен Әзербайжан арасында энергетика саласындағы ынтымақтастықты нығайту, Қазақстан мұнайы экспортының маршруттарын әртараптандыру, өңірдегі мұнай инфрақұрылымын дамыту. Бұл құжаттың қабылдануы – екі мемелекет үшін маңызды қадам.
«Теңіз» кен орнынан шыққан мұнай 2023 жылы наурыз айында Баку бағытына қарай, сәуір айында Джейхан портынан жөнелтіле бастады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Ақтау портынан 1 057 мың тонна мұнай тиелді.
Германияға мұнай жеткізу
2023 жылдың ақпан айында Дружба мұнай құбыры арқылы Германияға (Шведт қаласындағы МӨЗ) Қазақстан мұнайы жеткізіле басталды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша ҚПО ресурсынан 993 мың тонна мұнай тасымалданды. Герман тарапы қазақстандық мұнайды жеткізу көлемін айына 200 мың тоннаға (жылына 2,4 млн тонна) дейін ұлғайтуға мүдделі екенін білдірді. 2023 жылы желтоқсанда ҚПО ресурсынан мұнай жеткізуге қатысты қолданыстағы келісімшарт 2024 жылғы қаңтардан маусымға дейін (айына 100 мың тонна) алты айға ұзартылды. Келісімшарт 2024 жылдың соңына дейін ұзартылуы мүмкін, сондай‑ақ мұнайдың қосымша көлемін іздеу жұмыстары жүргізілуде.
Қазақстан‑Қытай құбырын кеңейту
2023 жылы мамырда ҚМГ және CNPC компаниялары арасында Кеңқияқ‑Атырау және Кеңқияқ‑Құмкөл мұнай құбырларын кеңейту бойынша алдын ала зерттеу жүргізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді, ол мұнай‑газ саласындағы стратегиялық ынтымақтастықты кеңейту туралы келісімде бекітілген. Бұл Келісімді іске асыру мақсатында ҚМГ «ҚазТрансОйл» АҚ, «Қазақстан‑Қытай Құбыры» ЖШС және «МұнайТас» СЗТКК» ЖШС өкілдерінің қатысуымен CNPC өкілдерімен жұмыс кездесулерін өткізді. ҚМГ Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігімен бірлесіп, Қазақстан‑Қытай мұнай құбыры үшін ресурстық базаны айқындау бойынша жұмыс жүргізді. Бұдан басқа, министрлік мұнайды өндіру мен бөлудің әзірленген ұзақ мерзімді теңгерімін ескере отырып, Атырау‑Кеңқияқ мұнай құбырын жылына 15 млн тоннаға дейін және Кеңқияқ‑Құмкөл мұнай құбырын жылына 20 млн тоннаға дейін кеңейту қажеттігін көздейтін ПҚОП‑қа мұнай жеткізудің базалық ұзақ мерзімді сценарийі айқындады. Тараптар аталған мұнай құбырларын кеңейту жобасының техникалық‑экономикалық негіздемесін әзірлеу мәселесін пысықтап жатыр.
Мұнайды теңіз арқылы тасымалдау
Тасымалдау активтері
Қазақтеңізкөлікфлоты (ҚТКФ) – Қазақстан Республикасының ұлттық теңіз тасымалдаушысы.
Негізгі қызмет түрлері:
- Каспий теңізінде және ашық теңіздер арқылы мұнай құйылған жүктерді тасымалдау;
- контейнерлік және құрқақ жүктерді тасымалдау;
- мұнай жобаларына қызмет көрсету бойынша қосымша сервистік флот қызметтерін ұсыну.
Мұнайды теңіз арқылы тасымалының негізгі маршруттары:
- Каспий теңізінің акваториясындағы маршруттар;
- Қара және Жерорта теңіздерінің акваториясындағы маршруттар.
Қазақтеңізкөлікфлоты активтеріне мыналар жатады:
- мұнай құю флоты: «Афрамакс» үлгісіндегі «Алтай» және «Алатау» танкерлері (әрқайсының дедвейті 115 000 тонна), «Астана», «Алматы» және «Актау» танкерлері (әрқайсының дедвейті 12 000 тонна), Taraz және Liwa танкерлері (әрқайсының дедвейті 8 000 тонна);
- контейнер флоты: «Барыс», «Сұңқар» және «Бүркіт» (әрқайсының сыймдылығы 350 жиырма футтық эквивалент);
- құрғақ жүк тасымалдайтын флот: «Бекет Ата» және «Түркістан» (әрқайсының дедвейті 5 000 тонна);
- буксир флоты: «Талас», «Ембі» және «Ырғыз».
ҚТКФ Abu Dhabi Ports Group (AD Ports Group) компаниясымен бірлесіп, ашық теңіздерде (Қара және Жерорта теңіздерінде) танкерлер пулын құрды. Пулдың мақсаты – мұнай тасымалына жұмсалатын шығынды оңтайландыру, ҚМГ‑ның мұнай экспортына қатысты мүмкіндігін арттыру, ҚМГ мен AD Ports Group арасында ынтымақтастықты нығайту. Пул төрт Aframax танкерінен тұрады: екеуі Қазақтеңізкөлікфлотына, тағы екеуі AD Ports Group‑қа тиесілі. Қазіргі уақытта ҚМГ Chevron Tankers компаниясымен мұнайды ашық теңіздерде (Новороссийск және Джейхан порттарынан) тасымалдауға ұзақ мерзімді келісімшарт қабылдауға қатысты келіссөз жүргізуде. Келісімге қол жеткізген жағдайда танкерлер пулы Aframax үлгісіндегі тағы бір немесе екі су кемесімен толығатын болады. Бұл ынтымақтастық – ҚМГ үшін экспорттық мүмкіндігін дамытудағы маңызды қадам.
Тасымал көлемі
2023 жылы мұнайды теңіз арқылы тасымалдаудың жалпы көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 1 435 мың тоннаға ұлғайып, 10 778 мың тоннаға жетті. Тасымалдау көлемі негізінен Қазақстан мұнайын Ақтау порты – Баку порты, әрі қарай Баку‑Тбилиси‑Джейхан мұнай құбыры маршруты арқылы экспортқа жөнелту есебінен өсті.
2023 жылы атқарылған іс‑шаралар
2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақтеңізкөлікфлоты Қазақстан мұнайы экспортының баламалы бағыттарын дамытуға, шетелдік әріптестермен инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға, елімізде теңіз сауда флотын дамытуға бағытталған инвестициялық жобаларды іске асыру жолында елеулі табысқа жетті.
2023 жылы Қазақтеңізкөлікфлотының басты жетістіктері:
- Abu Dhabi Ports Group (AD Ports Group) компаниясымен бірлескен кәсіпорын ашу:
- 2023 жылы қаңтарда ҚМГ мен AD Ports Group Стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойды.
- 2023 жылы ақпанда «Астана» халықаралық қаржы орталығы аумағында «Caspian Integrated Maritime Solutions Ltd.» (CIMS) бірлескен кәсіпорын ашылды.
- CIMS компаниясында ҚТКФ үлесі 49%, AD Ports Group үлесі 51%.
- Екі мұнай құю танкерін сатып алу:
- 2023 жылы сәуірде CIMS әрқайсының дедвейті 8 мың тонналық екі мұнай құю танкерін сатып алды.
- Taraz, Liwa танкерлері Каспий теңізіне 2023 жылы қарашада келді, желтоқсанда мұнай тасымалдауға жұмылдырылды.
- Қазақстан мұнайын Ақтау – Баку маршруты бойынша тасымалдау:
- ҚТКФ Қазақстан тарапының теңіз операторы болып тағайындалды.
- «Теңізшевройл» ЖШС мұнайын тасымалдау үшін кеме жалдау келісімшарты қабылданды:
- 2023 жылы мамырда ҚТКФ Chevron Tankers компаниясымен кеме жалдау келісімшартын жасасты.
2024 жылға жоспарланған іс‑шаралар
2024 жылы «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» ЖШС баламалы бағыттарды дамыту жөніндегі жұмысты, флотты жаңарту мен бизнесті әртараптандыру жобаларын іске асыруды жалғастырады. ҚТКФ мынадай перспективті жобалардың іске асырылуын қарастырады:
- дедвейті 12 000 тонналық үш мұнай құю танкерін жасау,
- екі әмбебап паром жасау,
- Қазақстан Республикасында кеме жөндеу және танкер жасау кәсіпорын құру.
Бұл жобаларды іске асыру Қазақтеңізкөлікфлоты компаниясына әлемдік теңіз тасымалы нарығында бәсекеге қабілеттілігін едәуір арттыруға, сондай‑ақ Қазақстан экономикасының дамуына елеулі үлес қосуға мүмкіндік береді.