Өндіру
ҚМГ‑ның өндіру ісіндегі стратегиялық міндеттері мынадай мақсаттарға бағдарланған:
- қолданыстағы операциялық активтерде өндіру деңгейін тұрақтандыру;
- жаңа кен орындарда мұнай өндіруді бастау;
- газ өндіру көлемін ұлғайту;
- ірі мұнай‑газ кен орындарында кеңейту жобаларын сәтті жүзеге асыру және өндірудің жоғары деңгейін сақтау.
Мұнай мен газ өндіруді ҚМГ‑ның операциялық активтері, сондай‑ақ қатысу үлесі бар, бірақ компания өндірістік процеске тартылмаған мегажобалар жүзеге асырады.
ҚМГ мұнай және конденсат өндіру бойынша Қазақстандағы ең ірі үш жобаға – «Теңіз», «Қашаған» және «Қарашығанақ» жобаларына қатысады, сәйкесінше, қатысу үлесі мынадай: 20%, 16,88% және 10%.
ҚМГ әлемдегі ең ірі мұнай алыптарымен – Chevron Corporation, ExxonMobil Corporation, Shell plc Eni S.p.A., Total S.A., INPEX Corporation, CNPC, «ЛУКОЙЛ» ЖАҚ‑пен бірге мегажобаларда мұнай өндіру бойынша серіктестік ынтымақтастық орнатқан.
Мұнай өндіру
Жалпы өндіру деңгейі 23,5 млн тоннаға немесе тәулігіне 486 мың баррельге жетті. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 6,9% жоғары. Мұнай және конденсат өндіру бойынша операциялық және мегажобалардың үлесі, тиісінше, 58% (13,56 млн тонна) және 42% (9,97 млн тонна) болды.
Есепті 2023 жылы ҚМГ‑ның мұнай және конденсат өндіру көлемі 6,9%‑ға артты. Басты себебінің бірі – ҚМГ‑ның «Қашаған» жобасындағы үлесінің 8,44%‑дан 16,88%‑ға дейін өсуі есебінен Қашағандағы өндіру көлемінің 121,8 %‑ға артқаны болды, соның ішінде 2022 жылы жаз маусымында теңіз және жерүсті кешендеріне күрделі және қалпына келтіру жөндеу жүргізіліп, өндіру ісі тоқтатылды, сонымен қатар Ембімұнайгаз компаниясында С.Нұржанов және Солтүстік Уаз кен орнының Шығыс қанатында игеру басталып, өндіру көлемі өсті. Сондай‑ақ Орынбор газ өңдеу зауыты тарапынан шикі газды қабылдау мүмкіндігінің артуына байланысты Қарашығанақ кен орнында өндіріс ұлғайды. Жалпы өндіріс көлемінің өсуі Өзенмұнайгаз операциялық активінде және басқа да бірқатар кен орнында негізінен 2023 жылы шілде‑қазан айларында сырттағы мекеме – Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты (МАЭК) тарапынан электр қуатын апаттық ажырату мен шектеу салдарынан, сондай‑ақ ескі кен орындарында өндіру деңгейінің төмендеуімен ішінара өтелді.
ҚМГ өндіретін мұнайдың техникалық сипаттамалары өңірлер бойынша бір‑бірінен едәуір ерекшеленеді. Операциялық активтер арасында ең ауыр мұнай Қаражанбасмұнайда өндіріледі, оның баррельдеу коэффициенті бір тоннаға 6,68 баррельге тең. Ең жеңіл мұнайды «ПетроҚазақстан Инк.» АҚ өндіреді, оның баррельдеу коэффициенті бір тоннаға 7,75 баррель.
Шикі мұнайдың сапасын екі негізгі өлшемшарт бойынша анықтауға болады: API градусы бойынша тығыздығы және құрамындағы күкірттің мөлшері. CPC Blend маркасында (негізінен ҚМГ мегажобалары өндіреді) күкірттің мөлшері 0,56%, API градусы бойынша тығыздығы 45,3 тең, осылайша бұл мұнай әлемдегі үздік мұнайдың біріне жатады.
Мегажобалар
ҚМГ әлемдік деңгейдегі жобаларды халықаралық мұнай‑газ компанияларымен бірлесіп игереді.
«Теңізшевройл» ЖШС (ТШО, Теңіз) жобасы бойынша келісім Қазақстан Республикасы мен Chevron Corporation компаниясы арасында 1993 жылдың 2 сәуірінде қабылданды. Көмірсутекті барлауға және өндіруге арналған лицензия ТШО‑ға 1993 жылы 40 жылға берілді. ТШО қызметінің негізгі түрі – Атырау облысындағы Теңіз және Королев кен орындарында көмірсутекті барлау, өндіру және сату.
Даму перспективасы
Операторы: ТШО
ТШО операторы қоры бойынша бірегей алып Теңіз кен орны мен ірі Королев кен орнын қамтитын лицензиялық учаскенің аумағында жұмыс істейді. Теңіз мұнай кен орны 1979 жылы ашылған және ол әлемдегі ең ірі мұнай кен орны.
Қазіргі уақытта мұнай өндіру және дайындау сенімділік көрсеткіштері жоғары заманауи өндірістік объектілерде жүзеге асырылады, атап айтқанда: кешенді технологиялық желілер (КТЛ), екінші буын зауыты (ЕБЗ) және шикі газды айдау кешені (ШГА).
2022 жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда мұнай өндіру көлемі 1%‑ға, яғни 28 893 мың тоннаға дейін (ҚМГ үлесін қоса алғанда — 5 779 мың тонна) төмендеді. Газ өндірісі де 0,9%‑ға, яғни 16,01 млрд м3 (ҚМГ үлесін қоса алғанда ‑ 3,2 млрд м3) шамалы азайды. Өндірістің төмендеуіне Каспий құбыр консорциумының мұнай құбырына жоспарлы техникалық қызмет көрсету кезінде мұнай қабылдауды уақытша тоқтатуы және 2023 жылдың 4‑тоқсанында қолайсыз метеожағдайлар салдарынан теңіз терминалы жұмысының тоқтатуы себеп болды. Ілеспе газ өндіру көлемі 3 202 млн м³ құрап, 0,9%‑ға төмендеді.
Болашақ кеңейту жобасы мен Сағалық қысымды басқару жобасын жүзеге асыру барысы
«Теңізшевройл» ЖШС БКЖ/СҚБЖ жобасын іске асыру жұмыстарын аяқтап қалды, бұл жоба аясында ТШО‑ның мұнай өндіру көлемі жылына 12 млн тоннаға артады. Қазіргі кезде механикалық жұмыстар толық орындалды. Жүйелерді пайдалануға дайындау және іске қосу‑баптау жұмыстары басталды.
2023 жылы қыркүйекте ТШО жобаның жалпы құны өсіп, кестенің ауысатынын мәлімдеді. Нысандарды іске қосу мерзімінің ауысуының негізгі себептері — құрылыс және іске қосу‑реттеу жұмыстарының төмен өнімділігі және күтпеген жұмыстардың көп болуы (ақауларды жою).
Жобаларды іске қосудың болжамды мерзімі: 2023 жылдың жаңартылған кестесіне сәйкес СҚБЖ – 2024 жылдың 2‑тоқсаны, БКЖ – 2025 жылдың 2‑тоқсаны. Жоба құны 48,9 млрд АҚШ доллары сомасында күтіледі.
2023 жылдың қорытындысына сай БКЖ/СҚБЖ жобасы бойынша жиынтық шығын 45,6 млрд АҚШ долларына жетті, атқарылған жұмыстардың жалпы көлемі – 99,3%.
БКЖ/СҚБЖ жобасы басталғалы бері ТШО қазақстандық тауарды, қызмет көрсету мен жұмыстарды сатып алуға 19 млрд АҚШ долларынан астам қаражат жұмсады.
ТШО‑ның өндірістік қызметі
Солтүстік Каспий бойынша өнімді бөлу туралы келісімге (СКӨБК) Қазақстан Республикасы мен Халықаралық консорциум арасында 1997 жылы қарашада қол қойылды. Жобаны басқару мердігер компаниялардың атынан жұмыс істейтін «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» (NCOC) операциялық компаниясы арқылы жүзеге асырылады.
Операторы: НКОК
Солтүстік Каспий жобасы — бұл Қазақстандағы теңіз мұнай‑газ кен орындарын игеру бойынша алғашқы алып жоба. Ол үш кен орнын қамтиды: Қашаған, Қайраң, Ақтоты. «Оңтүстік Батыс Қашаған» құрылымын Қазақстан Республикасының пайдасына қайтару процесі жүріп жатыр.
Қашаған кен орны Атырау қаласынан 75 шақырым жерде Қайраң аймағында орналасқан, судың тереңдігі – 3‑4 м. Кен орнының коллекторы 4 км астам тереңдікте жатыр және ол жоғары қысым (700 бар. астам) мен күкіртсутегінің (H2S) жоғары концентрациясымен сипатталады. Бұл ретте күкірт газын жоғары қысыммен кері айдау мұнай өндірісінің артуына әкеледі.
Қашаған теңіздегі қатал экологиялық жағдайларға және жобалау, логистика және қауіпсіздік мәселелеріне байланысты әлемдегі ең күрделі салалық жобалардың бірі болып саналады. Солтүстік Каспийді субарктикалық климат аясында жылына шамамен бес ай мұз басады. Бұл өз кезегінде инновациялық техникалық шешімдерді қолдануды қажет етеді. ҚМГ шетелдік әріптестермен бірге жобаны табысты іске асырып, одан әрі өсу әлеуетімен өндірудің тұрақты деңгейіне қол жеткізді.
Қашаған кен орнының орналасу схемасы жерүсті және теңіз объектілерінен тұрады. Жерүсті құрылыстарына «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысы (МГКДҚ) жатады. Теңіз объектілерінің арасында жасанды құрылыстар салынды: «Д» аралындағы пайдалану технологиялық кешен, «А» аралы, EPC‑2, EPC‑3 және EPC‑4 аралының ерте өндіру орталықтары. Қашаған кен орнында барлығы 40 ұңғыма бұрғыланды, оның алтауы тоғытылған, ал 33‑і өндіруші ұңғыма, ал біреуі мониторингтік ұңғыма.
Қазіргі уақытта ҚМГ («ҚазМұнайГаз» кооператив U. A. арқылы) Солтүстік Каспий жобасына қатысу үлесінің 16,88%‑ын иеленетін «ҚМГ Қашаған Б.В.» компаниясына иелік етеді. Осылайша, ҚМГ‑ның жанама иелік ету үлесі – 16,88%.
2023 жылы Солтүстік Каспий жобасы аясында нақты өндірілген мұнай көлемі 18,8 млн тоннаға, газ – 11,9 млрд м³ жетті, сәйкесінше, өсім 121,8 % және 123,8%. 2022 жылдың 15 қыркүйегінен бастап жобадағы ҚМГ үлесінің 8,44%‑дан 16,88%‑ға дейін ұлғаюының, сондай‑ақ 2022 жылдың ортасында теңіз және жерүсті кешендерінде жүргізілген жоспарлы күрделі жөндеудің және 2022 жылы тамызда газды алдын ала іріктеу қондырғысында (слагкетчерде) газдың шығуы анықталғаннан кейін жөндеу әрі қалпына келтіру жұмыстардың нәтижесінде есепті жылы елеулі оқыс оқиғаларсыз болған тұрақтың өндірістің арқасында өсім осындай жоғары көрсеткіштерге жетті. Бұл ретте 2022 жылдың соңында 1‑ші пакет жобасы (газды кері айдау компрессорларын жаңғырту) іске асырылып, 17 млн тоннадан астам жылдық өндіру деңгейіне жетуге мүмкіндік берді.
СКӨБК талаптарына сәйкес Қашаған кен орнында өндірілетін бүкіл мұнай, соның ішінде ҚМГ үлесіне тиесілі мұнай да экспортқа жөнелтіледі. Өндірілетін мұнай негізінен КҚК мұнай құбыры арқылы Новороссийск портынан Еуропаға, Шығыс Азияға және Үндістанға экспортқа жөнелтіледі.
НКОК өндірістік қызметі
Арбитраж дауы
1997 жылғы 18 қарашадағы Солтүстік Каспий бойынша өнімді бөлу туралы келісімге (бұдан әрі – СК ӨБК) сәйкес Қазақстан Республикасы және мердігер компаниялар арасында Консорциум (Мердігер компаниялар) жұмсаған шығынның өтелуіне қатысты келіспеушіліктер бар. СК ӨБК‑ге сай бұл дау арбитраж және/немесе сарапшы тарапынан реттеу жолымен шешілуі тиіс. Арбитраж трибуналы құрылды. Талқылау кестесі келісу сатысында, одан кейін талап қою және наразылықтармен алмасу процесі басталады.
Мердігер компаниялардың пайымдауынша, олар СК ӨБК, Қазақстанның заңнамасына және қолданыстағы стандарттар мен озық тәжірибеге сәйкес әрекет етеді.
Экологиялық тексеріс шаралары
Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша экология департаменті (бұдан әрі – Экология департаменті) СК ӨБК‑сәйкес оператор қызметін атқаратын North Caspian Operating Company N.V. (бұдан әрі – Оператор) жерүсті объектілеріне тексеру жүргізді. Тексеру нәтижелері бойынша Операторға анықталған бұзушылықтарды жою туралы, соның ішінде күкіртті орналастыруға қатысты нұсқама берілді.
Оператор тексеру нәтижелерімен келіспеді және аталмыш ұйғарымды даулау туралы әкімшілік талап арыз берді. 2023 жылы 14 маусымда Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты күкіртті орналастыруға қатысты оператордың пайдасына шешім шығарды. Алайда 2024 жылы 27 ақпанда Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Экология департаментінің аппеляциялық шағымын қарап, Оператордың пайдасына емес шешім шығарды. Оператор әкімшілік жауапкершілікке тартылған кезде, айыппұл мөлшері Қазақстан Республикасының Әкімшілік кодексіне сәйкес белгіленетін болады.
Іске асырылып жатқан жобалар:
Жылына 1 млрд м3 шикі газ өңдеуге қауқарлы газ өңдеу зауыты – QazaqGas:
- QG ГӨЗ‑ге 1 млрд м3 шикі газ жеткізу, бұл Қашаған кен орнында мұнай өндірісін тәулігіне 57 мың тонна (тәулігіне 450 мың баррель) болжамды деңгейіне жеткізуге мүмкіндік береді.
- ӨБК мерзімі аяқталғанға дейін мұнай өндіру өсімі – 18 млн тоннаға жетеді (ҚМГҚ үлесіне ~3 млн тонна).
- НКОК жұмыстарының жалпы орындалуы – 72,5%, жоспар – 68%. Газ құбырын салу жұмыстары жүріп жатыр.
- Құбыр материалын жасау аяқталды, ол Қазақстан Республикасына жеткізілді. Газ құбыры салына басталды (8 шақырымға жуық аяқталды). Есепке алудың фискалды торабы жасалды.
- Аяқталу мерзімі – 2026 жылдың 2‑тоқсаны. QG газ өңдеу зауытын пайдалану беру уақыты ауысқаннан кейін құрылысты аяқтау мерзімін де кейінге шегерді.
- НКОК жұмысы көлемінің құны – 160,3 млн АҚШ доллары.
Сарқынды суларды тазартудың жаңа қондырғысы:
- Жоба инвестициялық емес (себебі экономикалық пайда әкелмейді), өйткені бұл бастаманың мақсаты – ластаушы заттардың концентрациясы бойынша экологиялық нормалар мен лимиттердің талабына сай келтіру.
- ластаушы заттардың (H2S, темір, мұнай, метанол, ерімейтін қоспалардың) концентрациясы рұқсат етілген лимиттерге сәйкес келеді.
- Орындалған жұмыстардың жалпы көлемі – 99,7%, жоспар – 100%. Қорытынды есеп дайындалып жатыр.
- Қондырғылар іске қосылды.
- Жобаны жабу жөніндегі есеп 2024 жылдың 1‑тоқсанында күтіледі.
- Жобаның құны – 216,6 млн АҚШ доллары.
Қашаған кен орнын дамыту перспективасы
Жаңа слагкетчер құрылыс жобасы қолданыстағы уақытша слагкетчерді алмастыру үшін қажет. Алдын ала базалық жобалау жұмыстары жүріп жатыр.
- Жобаға қолданыстағы уақытша слагкетчерді алмастыру үшін бастама жасалды. Ұзақ мерзімді қауіпсіз өндірісті қамтамасыз ету мақсатында материалы коррозияға қарсы қабатпен алмастырылып жақсартылады.
- Ұзақ мерзімді қауіпсіз әрі сенімді өндірісті қамтамасыз ету.
- Инвестициялық шешім қабылданып, қалқымалы станциялар бойынша келісімшартқа қол қою жоспарланып отыр.
- Базалық жобалау аяқталды. Ұзақ уақыт дайындалатын материалға тапсырыс берілді, дайындау жұмыстары басталды.
- Ауыстыру бойынша алдын ала жоспар – 2024 жылдың 4‑тоқсаны.
- Бағаланған бюджет — 307 млн АҚШ доллары.
Зерттеліп жатқан жобалар
«2А кезеңі» жобасы
- Қуаты жылына 2,5 млрд м3 болатын меншікті ГӨЗ‑ге шикі газды жеткізу есебінен Қашаған кен орнында жалпы мұнай өндіру көлемін тәулігіне 63 мың тоннаға дейін (тәулігіне 500 мың баррель) ұлғайту.
- ӨБК мерзімі аяқталғанға дейін мұнай өндіру өсімі жоспар бойынша – 36 млн тонна (ҚМГҚ үлесіне ~6 млн тонна).
- ГӨЗ құрылысына қатысты алдын ала базалық жобалау жұмыстары басталды.
- Іске қосу мерзімі, алдын ала болжам бойынша – 2029–2030 жылдар.
- Жалпы құны – анықталуы тиіс.
«2Б кезеңі» жобасы
- Жылына 6 млрд м3 көлемінде ілеспе газды өндіру есебінен тәулігіне жалпы өндіру деңгейін 89 мың тоннаға (тәулігіне 710 мың баррель) жеткізе отырып, өндірісті тәулігіне 26,5 мың тоннаға (тәулігіне 210 мың баррель) ұлғайту.
- Іске қосу мерзімін әлі де анықтау қажеттілігіне байланысты мұнай өндіру өсімі нақтылауы тиіс.
- Теңіз кен орнымен синергия нұсқасы зерделенуде. Оператор және ҚМГҚ инженерлік мердігермен (TKJV) пысықтау үшін кіріспе деректері бойынша болжам жасады.
- Оператор үшінші тараптың зауытына шикі газ жеткізуге арналған алдын ала базалық жобалауды аяқтады. Оператор үшінші тараптың зауытына шикі газ жеткізу үшін алдын ала базалық жобалау жұмыстарын аяқтады. Үшінші тарап анықталмағандықтан, базалық жобалау кезеңіне көшу кейінге шегерілді.
- Іске қосу және жалпы құнына қатысты болжам әлі де пысықтауды қажет етеді.
Сұйытылған көмірсутек газын коммерцияландыру жобасы
Жоба пропан мен бутанды экспортқа шығару үшін сұйытылған көмірсутек газын (СКГ) үшінші тараптың зауытында фракцияға бөлу арқылы коммерцияландыруды көздейді. СКГ‑ны фракцияға бөлетін зауыт салу бойынша үшінші тараптардың тендерлік ұсыныстарына коммерциялық бағалау жүргізілуде. Қаржыландыруға қатысты шешім жобаның экономикалық тиімділігі расталып, келісілгеннен кейін қабылдануы мүмкін.
Қарашығанақ мұнай‑газ конденсаты кен орны бойынша өнімді бөлу туралы түпкілікті келісім (ӨБТК) Қазақстан Республикасы мен Халықаралық консорциум арасында 1997 жылғы 18 қарашада қабылданды. Shell және Eni S.p.A компаниялары Қарашығанақ жобасының бірлескен операторлары, жобаны іске асыру «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» (ҚПО) арқылы жүргізіледі.
Даму перспективасы
Операторы: Royal Dutch Shell және Eni S.p.A. компаниялары – Қарашығанақ кен орнының (ҚПО) бірлескен операторлары
Қарашығанақ мұнай‑газ конденсатты кен орны ‑ Батыс Қазақстан облысында орналасқан және 280 км2 астам аумақты алып жатқан әлемдегі ең ірі мұнай‑газ конденсатты кен орындарының бірі. Кен орны 1979 жылы ашылған, кен орнын тәжірибелік‑өнеркәсіптік игеру 1984 жылы басталды.
Қарашығанақ кен орнында өндіру процесінде өзара байланысты және өзара тәуелді технологиялық қондырғылардың бірыңғай жүйесінен тұратын үш негізгі технологиялық нысан орналасқан:
- ҚӨК – кен орынның солтүстік‑батыс бөлігіндегі Қарашығанақ өңдеу кешені, ол ұңғымалардан келетін сұйық көмірсутектерді, сондай‑ақ ГКДҚ 2 мен ГКДҚ 3‑тен тасымалданатын бастапқы шикізатты өңдейді, газды экспортқа жөнелтуге, қабатқа айдауға, сондай‑ақ жеке өндірістік қажеттіктер үшін дайындайды.
- ГКДҚ 2 – кен орынның оңтүстік‑шығыс бөлігінде газды кешенді дайындау қондырғысы, ол шикі газды жоғары қысыммен бөледі және қайта айдайды, сондай‑ақ экспортқа жіберер алдында тұрақтандыру үшін сұйық көмірсутектерді ҚКП‑ға жібереді;
- ГКДҚ 3 – кен орынның солтүстік‑шығысындағы газды кешенді дайындау қондырғысы, ол экспортқа жіберер алдында сұйық көмірсутектер мен газды бөледі және ішінара тұрақтандырады.
2023 жылдың ішінде пайдаланылатын ұңғыма қорының саны 160 өндіруші және 20 тоғытылған ұңғымасынан тұрды.
2022 жылы Қарашығанақ кен орнында 10 858 мың тонна сұйық көмірсутек (ҚМГ үлесіне 1 086 мың тонна үлесін қоса алғанда) және 22 385 млн м3 газ (ҚМГ үлесіне 2 239 млн м3 үлесін қоса алғанда) өндірілді. Бұл бір жыл бұрынғы өндіру деңгейімен салыстырғанда тиісінше 7,1 %‑ға және 15,1 %‑ға артық. Қарашығанақ кен орны бойынша операциялық қызметке Орынбор газ өңдеу зауыты тарапынан шикі газды қабылдау мүмкіндігінің артуы оң әсер етті, бұл өз кезегінде мұнай мен конденсат өндірісінің өсуіне әкелді. Сондай‑ақ 2022 жылы ОГЗ технологиялық қондырғыларында жоспарлы‑алдын алу жөндеуі жүргізілгенін атап өткен жөн, бұл шикі газды қабылдау көлемінің азаюына алып келген еді.
Арбитраж дауы
1997 жылғы 18 қарашадағы Қарашығанақ мұнай‑газ конденсаты кен орнының мердігерлік учаскесінің өнімін бөлу туралы түпкілікті келісімнің (бұдан әрі – ӨБТК) сәйкес Қазақстан Республикасы және мердігер компаниялар арасында арбитраж арқылы реттеуге жататын ӨБТК‑ның белгілі бір ережелерін қолдануға қатысты бірнеше келіспеушілік бар. Мердігер компаниялардың пайымдауынша, олар ӨБТК, Қазақстан Республикасының заңнамасына және қолданыстағы стандарттар мен озық тәжірибеге сәйкес әрекет етеді.
Қазіргі уақытта арбитраж трибуналы құрылды. Істі қарау кестесі мақұлданып жатыр, одан кейін талап‑арыздармен алмасу процесі басталады.
ҚПО өндірістік қызметі
Оператордың 2023 жылғы 13 сәуірдегі хабарламасына сәйкес, ҚМГ‑Қ бірлескен қызмет туралы келісімге (СҚҚ) сәйкес мүдделер қақтығысына байланысты келіссөз жүргізу процесінен алынып тасталады.
Қарашығанақ кен орнын дамыту перспективасы
ҚКЖ‑1А, 5‑ші газды кері айдау компрессоры:
5‑ші газды кері айдау компрессоры – бұл Қарашығанақты кеңейту жобасы (бұдан әрі – ҚКЖ) аясындағы жұмыс көлемінің бірінші кезеңі. Ол газды кері айдаудың копрессоры мен басқа да ілеспе қондырғыларды құрылысынан тұрады. ҚКЖ‑1А аясында Қарашығанақ өңдеу кешенінде өндірістік шектеулерді алып тастау жобасын іске асыру барысында орнатылған кептіру нысандарын газды кері айдау қуаттарын арттыру үшін жұмылдыру және жоба аясында салынып жатқан нысандарды жұмыс істеп тұрған жүйелермен, инженерлік желілермен және өндіріс қондырғыларымен біріктіру жоспарда бар. Бұл тәсіл интеграция арқылы синергия алуға және күрделі шығындарды азайтуға мүмкіндік береді
Құрылыс монтаждау және алдын ала іске қосу‑баптау жұмыстары жүріп жатыр. Жоспарлы көрсеткіштерден ауытқулар мен сәйкессіздіктер жоқ.
2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша нақты шығын сомасы 685,7 млн АҚШ долларына жетті, жоспар бойынша 638,9 млн АҚШ доллары. Execute кезеңінде орындалған жұмыстардың көлемі 94,4%, жоспар 93,33% (Р 50). Жобаны пайдалануға беру уақыты 2024 жылдың 4‑тоқсанына жоспарланған. Жоба аяқталған кезде болжамға сәйкес шығын сомасы 809,6 млн АҚШ долларын құрайды.
ҚКЖ‑1Б, 6‑шы газды кері айдау компрессоры:
6‑шы газды кері айдау компрессоры – бұл ҚКЖ‑1 аясындағы жұмыс көлемінің екінші кезеңі. Ол газды кері айдаудың копрессорынан, газ кептіру қондырғысынан, жинау жүйесін кеңейтуден және басқа да ілеспе нысандардан тұрады. 5‑ші компрессор сияқты 6‑шы компрессордың да мақсаты – қолданыстағы қондырғылардың өндірістік қуатын барынша пайдалану арқылы игерілетін сұйық көмірсутек көлемін ұлғайту.
Жоспарланған құрылыс монтаждау жұмыстары жүріп жатыр.
2023 жылдың соңындағы жағдай бойынша нақты шығын сомасы 178,4 млн АҚШ долларына жетті, жоспар бойынша 162,8 млн АҚШ доллары. Execute кезеңінде орындалған жұмыстардың көлемі 35,3%, жоспар 12,9% (Р 50). Жобаны пайдалануға беру уақыты 2024 жылдың 4‑тоқсанына жоспарланған. Жоба аяқталған кезде болжамға сәйкес шығын сомасы 585,8 млн АҚШ долларын құрайды.
Газды коммерцияландыру:
Жобаның мақсаты – экономикалық тиімділікті құру, оған мыналар арқылы қол жеткізілмек:
- өндірілетін газды және оны өңдеуден алынатын өнімді (СКГ) монетизациялау;
- конденсат өндірісін ұлғайту;
- Қазақстан Республикасының энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосу.
Жоба тұжырымдамасы тауарлық газды жылына 3,8 млрд текше метрге жуық, соның ішінде Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В. өндірістік қажеті үшін тазартылған газ түрінде жылына 0,6 млрд текше көлемінде өндіруді көздейді. Жылына шамамен 3,2 млрд текше метр көлеміндегі тауарлық газды «Қарашығанақ – Орал» газ құбыры арқылы тасымалдап, әрі қарай «QazaqGaz» ҰК АҚ арқылы сату жоспарда бар.
Қазіргі уақытта жоба «Таңдау» атты кезеңінен өтіп жатыр. Бұл кезде газ өңдеу зауытын салу бойынша «FEED+EPC» қызметін көрсетуге тендер жүргізілуде. 2024 жылдың соңына дейін мынадай басты міндеттердің шешімі жоспарланып отыр
- серіктестер үшін жобаның қолайлы экономикалық параметрлерін қамтамасыз ету;
- газды сату бойынша коммерциялық келісімдерге қол жеткізу және қабылдау;
- сұйытылған көмірсутек газын әлеуетті сатып алушылармен логистикалық бағыттарды келісіп, коммерциялық келісімдерді қабылдау;
- жобалық құжаттарға (кен орынды игеру жобасы, қоршаған ортағы әсер етуді бағалау) өзгерістерді енгізу және бекіту.
Қуаты жылына 4,5 млрд текше метр газ өңдеу зауытын салудың алдын ала сметалық құны – 3,2 млрд АҚШ доллары. Іске қосу мерзімі – 2028 жыл.
Операциялық активтерде мұнай өндіру
ҚМГ‑ның мұнай‑газ саласында ғасырдан астам тарихы мен мұрасы бар, өндіруші активтер портфеліне негізінен жетілген кен орындары кіреді. Осыған байланысты ҚМГ‑ның негізгі басымдығы – өндіру тиімділігін арттыру. ҚМГ өз қызметінде энергия үнемдеу саясатын ұстанады, өндірістік процестерді оңтайландыруға және жақсартуға, сондай‑ақ мұнайдың игерілу коэффициентін арттыруға үнемі ұмтылады.
Бүгінгі таңда Компанияның операциялық активтерінде мұнай өндірудің 85%‑ға жуығы жеті негізгі кен орындарына тиесілі: Өзен мен Қарамандыбас (ӨМГ), Қаламқас пен Жетібай (ММГ), С.Нұржанов және Шығыс Молдабек (ЕМГ), Қаражанбас (ҚБМ).
2023 жылы операциялық активтерде мұнай мен конденсат өндіру көлемі 1,5%, яғни 13 559 мың тоннаға (тәулігіне 269 мың баррель) төмендеді. Есепті жылдың шілде – қыркүйек айлары аралығында Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты (МАЭК) тарапынан электр қуатын апаттық ажырату мен шектелуі Өзенмұнайгаз және басқа бірқатар кен орнында мұнай өндірісінің азаюына әсер етті. Сондай‑ақ өндіру деңгейінің табиғи төмендеуіне байланысты кейбір ескі кен орындарында да өндіріс азайды болды. Бұл ретте операциялық активтерде мұнай өндірудің төмендеуі «Ембімұнайгаз» өндірісінің ұлғаюымен ішінара өтелді. Мұнда ескі кен орындарды геологиялық‑техникалық іс‑шаралар сәтті өтіп, С.Нұржанов және Солтүстік Уаз кен орнының Шығыс қанатында игеру кезеңі басталды.
Доңға
2023 жылы қарашада ҚМГ‑ның «Доңға» жобасы бойынша жер қойнауын пайдалану құқығына ие Total E&P Dunga GmbH компаниясының жарғы капиталындағы 100% үлесін TotalEnergies EP Danmark A/S (TotalEnergies S.E. еншілес ұйымы) компаниясынан сатып алу мәмілесі аяқталды. Осылайша, ҚМГ‑ның Доңға» жер қойнауын пайдалану жобасындағы үлесі 60%‑ға жетті. Мәміле талаптарына сәйкес компанияның атын Dunga Operating GmbH. деп өзгертуге шешім қабылданды.
Доңға жобасы Oman Oil Company Limited және Қазақстанның Үкіметі арасында 1994 жылы 1 мамырда қабылданған Өнімді бөлу туралы келісімшарт аясында іске асырылады.
Басты индикаторлар
- Доңға кен орны Маңғыстау облысында Ақтау қаласынан 50 шақырым жерде орналасқан.
- Игерілетін мұнай қоры – В+С1 санаты бойынга 24 662 мың тонна, С2 санаты бойынша 3 028 мың тонна.
- Газ қоры – С1 санаты бойынша 1 601 млн текше метр, С2 санаты бойынша 1 039 млн текше метр.
Өндіріс деректері
- 2023 жылы нақты өндірілген мұнай мен конденсат көлемі 546,9 мың тоннаға жетті, бұл ретте ҚМГ жобаға кірген сәттен бастап (2023 жылы 11 қараша) өндіру деңгейі ҚМГ үлесімен бірге – 39,9 мың тонна. ҚМГ жобаға кірген уақыттан бастап газ өндіру көлемі ҚМГ үлесін ескерсек, 2 701 мың текше метрге жетті.
Игеру кезеңдері
- 1‑ші фаза (2000‑2012): 26 ұңғыма.
- 2‑ші фаза (2012‑2015): +170 ұңғыма бұрғыланды; 109 ұңғыма іске қосылды.
- 3‑ші фаза (2015‑2024): жерүсті инфрақұрылымды кеңейту + қалған 61 ұңғыманы іске қосу.
3‑ші фазаның негізгі мақсаты – кен орны әлеуетін кеңейту және мұнай игерудің жоғары деңгейдегі кезеңін созу.
3‑ші фаза жұмыс көлеміне мыналар кіреді:
- бұрғыланып қойған 61 апт ұңғымасын алты магистральды құбырларға қосу.
- жаңа негізгі және отын компрессорлық пакеттерді орнату.
- 45 инжекторға дейін қайта құру
- қуатын тәулігіне 20 000 баррельге дейін ұлғайту үшін SWIS теңіз суы құбырын ауыстыру
- экспорттық мұнай құбырын ауыстыру
- утилита және қолдау көрсету жүйелерін кеңейту.
«Өзенмұнайгаз» АҚ‑ның Өзен және Қарамандыбас кен орындарын оңалту жобасы
2023 жылы Өзен және Қарамандыбас кен орындарын оңалту жобасы қолға алынды.
- Өзенмұнайгазда кәсіпорынның тәжірибелі өндіріс мамандары мен «ҚМГ Инжиниринг» ЖШС ғылыми қызметкерлерінен жасақталған жобалау командасы құрылды.
- Бірінші жылы жобаны қаржыландыру ҚМГ‑ның жеке қаражаты есебінен жүзеге асырылды.
- 2024 жылы 26 ақпанда Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі бұл мәселені еліміздің Республикалық бюджет комиссиясының отырысына шығарды, мақсат – алдағы уақытта Қазақстан Республикасы Үкіметінің «2024 – 2036 жылдарға арналған «Өзенмұнайгаз» АҚ‑ға салынатын пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша жеңілдікті мөлшерлемені қолдану туралы» қаулысын қабылдау.
Жобаның мақсаты:
- 2024‑2036 жылдар аралығында мұнай өндіру көлемін 19 млн тоннаға өсіру.
- Салық жеңілдігі есебінен босатылатын қаражатты жыл сайын Өзен және Қарамандыбас кен орындарында жаңа ұңғымаларды бұрғылауға, жер қабатының мұнай беруін ұлғайтуға мүмкіндік беретін жаңа технологияларды қолдануға және жерүсті инфрақұрылымын жаңартуға жұмсау;
- 10 мыңнан аса адамның жұмыс орындарын сақтап қалу және республиканың бюджетіне салық түсімінің көбейту.
2023 жылы «Өзенмұнайгаз» АҚ‑ның Өзен және Қарамандыбас кен орындарын оңалту жобасы бойынша атқарылған жұмыстар:
- Жаңа 23 өндіруші ұңғыма бұрғыланды.
- 15 ұңғымада жер қабатын гидрожару шаралары орындалды.
- «Куду Индастриз Қазақстан» ЖШС (Шлюмберженің еншілес мекемесі) электр ортадан тепкіш сорғыларын тәулігіне 100 тоннадан астам өсімімен 83 ұңғымаға түсірді.
- «Везерфорд Ойлфилд Сервисез» ЖШС мен «Куду Индастриз Қазақстан» ЖШС компанияларымен штангалы бұрандалы сорғыларды 2024 жылы жеткізуге келісімшарт қабылданды.
- «Жерасты жабдығын диагностикалау және жөндеу цехын жаңғырту» нысаны бойынша жобалау‑сметалық құжаттама әзірленді.
2024 жылға арналған жоспар:
2024 жылы 135 мың тонна мұнай өндіру күтілетін кешенді іс‑шараларды орындау көзделген:
- 31 ұңғыманы бұрғылау және ұңғымаларда геологиялық‑техникалық іс‑шараларды орындау;
- жер қабатының мұнай беруін арттыруға арналған жаңа технологияларды енгізу (радиалды бұрғылау, ұңғыманың оқпантүптік маңына термиялық газ‑химиялық әсер ету және басқалар);
- түпкілікті мұнай беру деңгейін ұлғайту үшін бір пилоттық учаскеде полимерлі су басу бойынша тәжірибелік‑өнеркәсіптік сынақ жүргізу;
- ұңғыма өнімдерінің сулану ауқымының кеңеюін реттеу үшін профильдің қолайлығын тексеру технологиясы бойынша тоғытылған ұңғымаларға полимерлік қоспаларды көп мөлшерде айдау;
- өндіруші ұңғымалардың жөндеуаралық кезеңін ұлғайтуға арналған іс‑шаралар (ортадан тепкіш электр сорғыларын 200‑ге дейін ұңғымаға түсіру, қорғаныс қаптамасы бар сорғы‑компрессорлық құбырларды және ұзақ уақыт тозбайтын шлангаларды түсіру, штангалы бұрандалы сорғыларды түсіру);
- екі блоктық топтық сорғы станциясын реконструкциялау, кен орындардың жерүсті инфрақұрылымын жаңғырту;
- қабат қысымын ұстап тұру, технологиялық қажеттіліктер үшін теңіз суынан альбсеноман суына көшу (су алу ұңғымаларын бұрғылау және басқа да) іс‑шаралар.
2025 жылы Өзен кен орнының пилоттық учаскесінде су жаңа геонавигацияны қолдана отырып, көлбеу бағытталған күрделі ұңғымаларды бұрғылау мәселесі қарастырылатын болады.
ҚМГ нысандарын электр қуатымен қамтамасыз ету мәселелері
Энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдардың электр энергиясын жүйелі апаттық ажырату жағдайлары мұнай өндіруші кәсіпорындардың елеулі мұнай жоғалту шығынына және соның салдарынан орны толмас экономикалық залалға алып келеді. Есепті жылы ҚМГ‑ның операциялық қызметіне сырттағы ұйымдардың – Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты мен Маңғыстау өңірлік электр желілік компаниясының тарапынан тұтынылатын электр қуатын ауқымды ажыратулар мен шектеулер теріс әсер етті. Электр энергиясын апаттық ажырату салдарынан «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ‑ға қарасты төрт мұнай өндіруші компаниялардың («Өзенмұнайгаз» АҚ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ, «Ембімұнайгаз» АҚ) кен орындарында жабдықтың жұмысы тоқтап қалды. Тұтастай алғанда, 2023 жылы электр қуатын өшіру саны мен ауқымының ұлғаюы бойынша теріс үрдіс байқалды, бұл мұнайдың көп көлемде жоғалтуына әкелді.
Электр қуатының күнделікті ең көп сөнуі мен шектеулері екінші жартыжылдықта орын алды, соның ішінде:
- 3 шілде мен 24 шілдеге дейін;
- 4 тамыз бен 25 тамызға дейін;
- 23 қыркүйектен 29 қыркүйекке дейін;
- 13 қазаннан 31 қазанға дейін.
Жалпы 2023 жылы 347 рет электр қуаты өшті. Тоқтап қалған ұңғымалардың жалпы саны 330 мыңнан асты, мұнай жоғалту көлемі – 511 мың тоннадан астам.
ҚМГ‑ға қарасты еншілес және тәуелді ұйымдарының мұнай кәсіпшілігі объектілерінің энергетикалық қауіпсіздігін және үздіксіз электрмен жабдықтауын қамтамасыз ету мақсатында мынадай шаралар қабылдануда:
- жаңартылатын энергия көздері (жел+күн) және газ станциясы негізінде Гибридті электр станциясы жобасын іске асыру;
- «KEGOC» АҚ Батыс аймағының тұтынушыларын электрмен жабдықтау сенімділігін қамтамасыз ету мақсатында «Қазақстан Республикасында Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің батыс аймағында электр желісін күшейту. Электр желілік нысандарды салу» жобасы іске асырылуда;
- Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы бойынша МАЭК‑те жөндеу жұмыстарын жүргізуге 4,9 млрд теңге бөлінді;
- Қаламқас және Жетібай кен орындарының нысандарын апаттық жағдайлар кезінде электр қуатымен қамтамасыз ету үшін, Қаламқас кен орнындағы 1‑ші және 2‑ші газ турбиналық қондырғыларының (ГТЭС‑2х45МВт) бірге жұмыс істеу жоспарына сай Маңғыстаумұнайгаздың резервтік газ турбиналық қондырғысын (Siemens) іске қосу.
Маңғыстау облысында гибридті электр станциясын салу
2023 жылы 1 маусымда ҚМГ мен Eni S.p.A. компанияларының бірлескен басқарушы комитеті жобаны жүзеге асырудың техникалық‑экономикалық негіздемесінің нәтижесін бекітті. Техникалық‑экономикалық негіздеменің қорытындысы бойынша:
- жобаның құрылысы жүргізілетін территория анықталды;
- нысандарды (КЭС, ЖЭС және газ электр станциясы) орналастырудың алдын ала жоспары әзірленді;
- жобаға арналған жер учаскесі резервке қойылды;
- қолданыстағы электр қуаты желісіне қосылудың нүктесі анықталды.
2023 жылы 27 наурызда ҚМГ‑ның инвестициялық комитетінде қаралу нәтижесі бойынша жоба ҚМГ инвестициялық портфеліне енді және одан әрі жүзеге асыру үшін мақұлданды.
2023 жылы 8 маусымда Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың қатысуымен ҚМГ мен Eni S.p.A. арасында жобаны іске асырудың қағидаттары туралы келісімге қол қойылды.
2023 жылдың қазан айында жел электр станциясына қатысты науқан аяқталды. FEED кезеңі мәресіне жетті, құжаттардың толық пакеті жиналып жатыр.
Жобаның қуат тарату схемасы әзірленді. Бұл схема желі операторымен («KEGOC» АҚ) келісу сатысында. Аталмыш схема келісілгеннен кейін Маңғыстау өңірлік электр желілік компаниясы техникалық шарттар береді деп күтілуде.
ҚМГ мен Eni S.p.A. бірлесіп коммерциялық схеманың нұсқаларын пысықтауда. Сатып алушы ортасын кеңейту және жобаны ММГ мен ҚБМ периметріне енгізу мақсатында ЖЭК балансының және ЖЭК‑тен электр энергиясын сату бойынша «бірыңғай терезенің» провайдер ретінде энергия өндіруші және энергиямен жабдықтаушы ұйымдарды қосу тұрғысында заңнамаға бастамалар ұсынылды.
2023 жылы 15 желтоқсанда Инвестициялық комитеттің отырысы өтті, жоба бойынша ҚМГ қорытынды инвестициялық шешім қабылдады.
Жоба бойынша тендер рәсімдері аяқталып қалды. 2024 жылдың 1‑тоқсанында екі бірлескен кәсіпорын ашылып, жобаны іске асыруды бастау қолға алынбақ.
Нысандарды жоспарлы іске қосу мерзімі: Күн электр станциясы – 2025 жылғы 1‑тоқсан, жел электр станциясы – 2025 жылғы 3‑тоқсан, газ электр станциясы – 2025 жылғы 3‑тоқсан. Жобаның толық қуатына шығуы 2025 жылдың қазан айына жоспарланған.
Гибридті электр станциясының қуаты: КЭС – 50 МВт, ЖЭС – 77 МВт және газ станциясы – 120 МВт.
Ұңғыма қоры
2023 жылы операциялық басқарудағы ұңғымалардың жалпы қоры 17 540 болды, оның 13 160 бірлігі ауыспалы ұңғымалар қорына тиесілі. Мұнай мен конденсатты өндіру көлемінің басым бөлігі ұңғымалардың ауыспалы қорынан өндіруге келеді.
Газ өндіру және өндірісі
Табиғи және ілеспе газды өндіру көлемі 2023 жылы 14,8 %‑ға, яғни 9 459 млн м³ дейін өсті. Бұл ретте 2 055 млн м³ (22 %) операциялық активтердің үлесіне, ал 7 403 млн м³ (78%) мегажобалардың үлесіне тиесілі.
Газ өндіру көрсеткіштері өндірілген газдың нақты көлемін көрсетеді, соның ішінде резервуарға және өз қажеттіліктеріне кері айдау бар. Газды кері айдау мұнай өндірудің жоғары деңгейін қамтамасыз ететін қабат қысымын ұстап тұру үшін қолданылады.
Тауарлық газ өндірісінің көлемі 2023 жылы 5 130 млн м3 жетті, соның ішінде операциялық активтер есебінен 1 711 млн м3, мегажобалар есебінен 3 419 млн м3. 2022 жылмен салыстырғанда ҚМГ тауар газының өндірісі кумулятивті түрде 601 млн м3 немесе 13%‑ға ұлғайды.
Қазақ газ өңдеу зауыты
Қазақ газ өңдеу зауыты (ҚазГӨЗ) өзі өндірмейтін ҚМГ‑ның басқа операциялық активтерінен және басқа жер қойынауын пайдаланушы компаниялардан алынған шикізат негізінде тауарлық газ өндіреді.
ҚазГӨЗ Қазақстанның алғашқы газ өңдеу зауыты және Маңғыстау облысындағы бірден‑бір жалғыз зауыт. Зауыттың бірінші кезегі 1973 жылы, екінші кезегі 1976 жылы іске қосылды, бұл газ өңдеу көлемін жылына 1,5 млрд текше метрге дейін жеткізуге мүмкіндік берді. Жобада қарастырылған барлық технологиялық қондырғыны орнату және пайдалануға беру 1980 жылы аяқталды. Күкіртті тазарту қондырғысы және 95%‑дық этан фракциясын алу қондырғысы 1978‑1979 жылдары салынды.
2022 жылы «ҚазГӨЗ» ЖШС компрессорлық цехының аумағында компрессорлық қондырғы салу» жобасына сай әбден тозығы жеткен және техникалық жағынан барынша ескірген жабдық ілеспе мұнай және табиғи газды қабылдайтын, Waukesha L7044GSI S5 газ поршенді жетегі бар KBK4 үлгісінің Ariel маркалы жаңа заманауи поршенді қондырғыларға ауыстырылды. Бұл құрылыс өңдеуге қабылданатын шикі газ көлемінің ұлғаюына оң әсерін тигізді және өндірілетін дайын өнім көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берді.
ҚазГӨЗ «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Тасболат Ойл Корпорэйшн» ЖШС және Tenge Oil&Gas ЖШС кен орындарынан шыққан ілеспе мұнай газын және табиғи газды қабылдайды әрі өңдейді. «Өзенмұнайгаз» АҚ газ конденсатты кен орындарынан шыққан газ конденсатын өңдейді және «Қарақұдықмұнай» ЖШС, «Кен‑Сары» ЖШС жер қойнауын пайдаланушы компаниялардан шикізат сатып алу жолымен аталмыш мекемелердің кен орындарынан алынған жеңіл көмірсутектің кең фракциясын өңдеумен айналысады.
Бүгінгі таңда ҚазГӨЗ Маңғыстау облысының аумақтық‑өндірістік кешенінде маңызды орынға иә және облыстың халқы мен өндіріс нысандарын сұйытылған газбен, тауарлық құрғақ газбен және тұрмыстық пеш отынымен қамтамасыз етеді.
Жаңаөзен қаласында жаңа газ өңдеу зауытын салу
1973 жылы пайдалануға берілген жұмыс істеп тұрған газ өңдеу зауытын толық ауыстыру мақсатында Жаңаөзенде жаңа газ өңдеу зауытын салу жобасы Маңғыстау облысының кен орындарында өндірілетін ілеспе мұнай және табиғи газды өңдеуге бағытталған. Мұндағы мақсаты – осы өңірдің халқы мен өнеркәсіптік кәсіпорындарын сұйытылған мұнай газы, құрғақ (тауарлық) газ және пентан‑гексан фракциясы сынды өнеркәсіптік және әлеуметтік маңызы бар газ өңдеу өнімдерімен қамтамасыз ету.
Жобалық іске қосу қуаты – жылына 900 млн текше метр (ілеспе мұнай және табиғи газ). Сондай‑ақ жеңіл көмірсутектің кең фракциясы (жылына 40 мың тонна) және газ конденсаты (жылына 5 мың тонна) бойынша номиналды қабылдау қуаттары ескерілді. Нысанды іске қосудың көзделген мерзімі – 2026 жыл.
Газ сегментін дамыту
2023 жылғы 1 қыркүйектегі Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жаңа газ өңдеу зауыттарын салуды жандандыру, қолданыстағы өңдеу қуаттарын айналымға толық тарту, сондай‑ақ жаңа газ кен орындарын барлау мен игеруге инвестиция тарту тапсырылды.
Елді газдандыру және соңғы жылдары газды ішкі тұтыну көлемінің артуы экономиканы дамытудың драйверінің біріне айналды және газ ресурстарын ұлғайтуды жалғастыру қажеттілігін көрсетті. Осыны ескерсек, ҚМГ үшін қазіргі уақытта бірінші кезектегі міндет – газ ресурстарын ұлғайту болып тұр. Сол үшін де компанияда газ жобалары бойынша жаңа құрылым пайда болды.
Бүгінгі таңда ілеспе және табиғи газ өндіретін жұмыс істеп тұрған кен орындарына және жаңа мұнай‑газ, газ және газ конденсатты кен орындарына қатысты газ стратегиясының (бұдан әрі – ҚМГ газ стратегиясы) басты параметрлері белгіленді, атап айтқанда:
- еншілес және тәуелсіз ұйымдарда газ өндіру, тасымалдау және өңдеудің техникалық және экономикалық өлшемшарттарына қатысты ағымдағы жағдайды талдау;
- газды дұрыс пайдалану және энергия тиімділігін арттыру;
- газ өндіру және шығарылатын дайын өнім (тауарлық газ, сұйытылған мұнай газы) көлемін ұлғайту;
- газды монетизациялау үшін перспективті бағыттар (қосылған құны жоғары өнім шығару).
ҚМГ‑ның Газ стратегиясын әзірлеу әрбір параметрді жан‑жақты толық пысықтауды қажет етеді, оның нәтижесі бойынша өндірістік нысандардың техникалық‑техникалық көрсеткіштерін және экономикалық көрсеткіштерін жақсартуға бағытталған іс‑шаралар белгінеледі.
Сонымен қатар қосылған құны жоғары өнім шығара отырып, газ өңдеу жобалары ұсынылатын болады.
Жаңа газ кен орындарын пайдалануға беру
Есепті жылдың 10 мамырында ҚМГ еншілес кәсіпорны – «Қазгермұнай» БК» ЖШС Қызылорда облысының тұтынушылары үшін Оңтүстік Ақсай кен орнынан газ жеткізе бастады. «Қазгермұнай» кен орындарынан шыққан тауарлық газды өндіру және жеткізу қазіргі 200 млн текше метрден жылына 300 млн текше метрге дейін артатын болады. Кен орнын «Қазгермұнай» БК» ЖШС игереді, компанияның 50% «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ тиесілі.
2023 жылы 4 желтоқсанда ҚМГ еншілес кәсіпорны (100%) – «Өріктау Оперейтинг» ЖШС Шығыс Өріктау кен орнын өнеркәсіптік пайдалануға берді, мұнда Қазақстан Республикасында бірінші болып жақсартылған модельдік келісімшарт қолданылады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша мұнай мен газ өндіру көлемі 19,7 мың тонна мұнай мен 9,2 млн текше газды құрады. 2024 жылдың қыркүйегіне дейін ВУ‑5 пен алты ұңғыманы жабдықтау және іске қосу жоспарлануда.
2023 жылы 21 желтоқсанда үлесінің 50 пайызы ҚМГ‑ға тиесілі «Урал Ойл энд Газ» ЖШС Батыс Қазақстан облысында орналасқан Рожков газ конденсатты кен орнын өнеркәсіптік пайдалануға берді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша газ және конденсат өндіру көлемі бойынша ҚМГ үлесі (50%) 1,6 млн текше метр газ және 1,2 мың тонна конденсатқа жетті.
Кен орнындағы өндіріс ең жоғары деңгейіне шыққан кезде өндіру жылына шамамен 1 млрд текше метр газды және 500 мың тоннадан астам конденсатты, сұйытылған көмірсутек газының өндірісі жылына 150 мың тоннадан астам газды құрайтын болады. Кен орнынан шығатын шикі газ «Жайықмұнай» ЖШС газ өңдеу кәсіпорындарына беріледі, содан кейін тауарлық газ ішкі нарыққа жеткізілетін болады.
«Рожков» кен орнын жайластыру жобасы екі кезеңге бөлінген.
1‑ші кезеңдегі жайластыру (А, В) бес ұңғыманы іске қосуды (У‑10, У‑12, У‑21, У‑23, У‑26) және 2‑ші кезеңде төрт ұңғыманы (консервациядағы) іске қосуды көздейді.
1‑ші кезең (А, В) бойынша У‑21 ұңғымасы пайдалануға берілді, 1‑ші кезеңі (В) бойынша қалған төрт ұңғыманы кезек‑кезегімен (дайындығына қарай) жайластыру жұмыстары 2024 жылдың 3‑ші тоқсанына дейін жалғасады, болжамды мерзімдері: 1) У‑10 ұңғымасы 2024 жылдың 10 маусымына қарай; 2) У‑12 ұңғымасы 2024 жылдың 12 маусымына қарай; 3) У‑23 ұңғымасы 2024 жылдың 20 шілдесіне қарай; 4) У‑26 ұңғымасы 2024 жылдың 19 тамызына қарай.
2‑ші кезең бойынша төрт ұңғыманы (консервациядағы) жайластыру және іске қосудың егжей‑тегжейлі жоспар‑кестесі әзірленді. Олар 2027 жылы пайдалануға берілмек.