Басқарма төрағасының үндеуі

МАҒЗҰМ МЫРЗАҒАЛИЕВ
Фон

Компания барлық стейкхолдер мүддесіне сай келетін межелеген мақсаттарға қол жеткізуде.

Мағзұм Мырзағалиев «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы

Құрметті акционерлер, инвесторлар және серіктестер!

Компания стратегиялық бағытын табысты жалғастырып, межелеген мақсаттарға қол жеткізуде. Бұл мақсаттарды іске асыру акционерлер мен инвесторларды, қызметкерлер мен серіктестерді, өңірлердегі халықты қоса алғанда, ҚМГ барлық стейкхолдерінің және жалпы ел мүддесіне сай келеді

Есепті 2023 жылы ҚМГ барлық дерлік бизнес сегменттерінде басты өндірістік көрсеткіштердің өсуін қамтамасыз ете алды. 2022 жылмен салыстырғанда мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі 6,9%‑ға өсіп, 23,5 млн тоннаға жетті. 2P санатындағы көмірсутек қоры 3,7%‑ға артып, 733 млн тонна мұнай эквивалентіне тең болды. Мұнай тасымалдау көлемі 7,6%‑ға ұлғайып, 80,4 млн тоннаға жетті. Қазақстан мен Румынияның мұнай өңдеу зауыттарында көмірсутек шикізатын өңдеу көлемі жиынтықты 19,6 млн тоннаға жетті.

Есепті жылы әлем бойынша мұнайдың орташа бағасы 18,4%‑ға төмендегенін байқадық. Осыған байланысты есепті жылдың қаржылық көрсеткіштері 2022 жылдың мәнінен төмен болса да, орташа‑жоғары әрі тұрақты болып қалды. 2023 жылы маусымда Компания акционерлеріне 300 млрд теңге немесе бір жай акцияға 491,71 теңге мөлшерінде рекордтық дивиденд төледі.

Геологиялық барлау

Қаламқас‑теңіз, Хазар және Әуезов жобасын іске асыруда едәуір нәтижелеріміз бар. Серіктеспен бірлескен кәсіпорын ашылды, өндіру келісімшартына қол қойылды. FEED (ағылш. — Front End Engineering Design) кезеңіне өттік. Кен орнында алғашқы коммерциялық мұнай өндіру 2028‑2029 жылдарға көзделген.

2023 жылы ҚМГ негізгі және аз зерттелген шөгінді алаптар шегінде орналасқан 17 барлау учаскесінде бірлесіп геологиялық зерттеу жүргізу үшін Sinopec‑пен келісім жасасты.

2023 жылы компания өз күшімен жер қойнауын геологиялық зерттеу бағдарламасы аясында сейсмикалық барлау жүргізді. Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарындағы үш учаскесінде далалық сейсмикалық барлау жұмыстары аяқталды. Олар – Солтүстік Өзен, Жарқын және Березовский. Мұғалжар учаскесінде (Ақтөбе облысы) дала жұмыстары жүріп жатыр.

Іске асырылып жатқан «Торғай Палеозой» жобасы аясында есепті кезеңде тереңдігі 5 500 метр болатын алғашқы барлау ұңғымасын салу үшін дайындық жұмыстары атқарылды. Ұңғыма 2024 жылы бұрғыланбақ.

Көмірсутек өндіру

Операциялық және барлау активтерінде газ өндіру көлемін ұлғайту бастамасы аясында есепті жылы үш жаңа кен орнын іске қостық. Мамыр айында Оңтүстік Ақсай кен орнын, желтоқсан айының басында Шығыс Өріктау кен орнын іске қостық. 2023 жылды Рожков кен орнын пайдалануға берумен аяқтадық.

2023 жылы қараша айының соңында Маңғыстау облысында орналасқан «Доңға» мұнай‑газ кен орнындағы 60% үлесті француздық TotalEnergies компаниясынан сатып алу жөніндегі мәміле аяқталды.

Үкімет «Өзенмұнайгаз» АҚ‑ға қарасты Өзен және Қарамандыбас кен орындарын оңалту жобасына қолдау көрсетті. Бұл ретте салықтан босатылатын қаражат бұл жобаны қаржыландыруға жұмсалады, соның ішінде жаңа ұңғымаларды бұрғылау, қабаттардың мұнай беруін арттыру үшін жаңа технологияларды қолдану және Өзен мен Қарамандыбас кен орындарында жерүсті инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары бар.

Мұнай тасымалдау

Компания экспорттық бағыттарды әртараптандыру жұмыстарын жалғастыруда. Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту аясында Ақтау порты арқылы және одан әрі «Баку‑Тбилиси‑Джейхан» мұнай құбыры бойынша 2023 жылы 1 млн тоннаға жуық мұнай жөнелтілді. Германияға қарай «Атырау‑Самара» мұнай құбыры және одан әрі «Транснефть» құбырлары арқылы 1 млн тоннаға жуық мұнай жеткізілді.

Есепті жылдың қаңтар айында Біріккен Араб Әмірліктерінен Abu Dhabi Ports компаниясымен теңіз тасымалы саласында бірлескен кәсіпорын ашып, әрқайсының дедвейті 8 мың тонна Taraz және Liwa танкерлерін сатып алдық. Бұл елеулі әрі маңызды оқиға болды. Танкерлер Қазақстан мұнайын Каспий теңізінде тасымалдау ісіне жұмылдырылды.

Өңдеу және маркетинг

Есепті жылы Қазақстанның ішкі нарығына жанармайды тұрақты жеткізіп, қамтамасыз ете алдық. Бензин мен сұйытылған газ өндіруде рекордтық көрсеткіштерге жеттік, олардың өндірісі тиісінше 7% және 8%‑ға өсті. Ашық түсті мұнай өнімдерінің өндірісі соңғы жылдардағы 66% орташа деңгейімен салыстырғанда алғаш рет 72%‑дан асты. 2023 жылы Атырау мұнай өңдеу зауытында ЕУРО‑5 маркалы бензин өндіру жолға қойылды, бұл қазіргі экологияға талаптарға сай келеді.

Мұнай‑газ химиясы

Басқарма төрағасының үндеуі

Компанияның өсуінің маңызды қозғаушы күші – мұнай‑газ‑химиясы бағыты, бұл бағытты дамыту бүкіл республиканың экономикасы үшін де оң мультипликативті әсер етеді. Полипропилен өндіретін KPI зауытында іске қосу‑баптау жұмыстары жалғасуда. KPI кешені полипропиленнің алты маркасын игеріп үлгерді. СИБУР‑дың жобаға кіруі бойынша барлық рәсімнің аяқталуы да маңызды оқиға болды. Енді СИБУР KPI зауытының 40%‑на иелік етеді. СИБУР‑мен ынтымақтастығымыз жобаның барлық қатысушысы үшін оң әсер ететініне сенімдімін.

Сонымен қатар ҚМГ тағы бір ауқымды мұнай‑газ‑химиясы жобасын іске асыруда – қуаты жылына 1 250 мың тонна полиэтилен өндіретін зауыт құрылысы. Бүгінгі таңда жобаның техникалық‑экономикалық негіздемесі дайын, стратегиялық серіктестер ретінде СИБУР және Sinopec компаниялары тартылды.

Тұрақты даму

Компания қызметінің басым бағыттарының бірі – тұрақты даму және өндірісте көміртегі ізін үдемелі азайту. Бұл бағыт ұзақ мерзімді даму стратегиямызда бекітілген. ҚМГ төмен көміртекті даму бағдарламасын қоса алғанда, осы салада межеленген міндеттерді жоспарлы түрде іске асырып келеді. Total Eren компаниясымен бірге қуаты 1 ГВт «Мирный» жел электр станциясының жобасы бойынша техникалық‑экономикалық негіздемесін әзірлеу жұмыстарын аяқтап қалдық. Eni‑мен бірге қолға алынған гибридті электр станциясы бойынша биыл нысандардың құрылысы басталмақ.

Салық міндеттемелері туралы айтатын болсақ, 2023 жылы Компания ел бюджетіне салық және басқа да міндетті төлем түрінде 1 162 млрд теңге аударды. Сонымен қатар ҚМГ бірқатар меншікті әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып келеді. Есепті жылдың желтоқсан айында Атырау облысында реконструкциядан және кеңейтуден кейін «Астрахань‑Маңғышлақ» магистральды су құбырының іске қосылуы айтулы оқиға болды. Бұл жобаның нәтижесінде су құбырының өткізу қабілеті тәулігіне 110 мың текше метрден 170 мың текше метрге дейін ұлғайды, яғни халық, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы үшін Еділ суын жеткізу көлемі артады.

2023 жылды қорытындылай келе, ең алдымен компанияның ұжымына және ҚМГ қызметіне тартылған барлық адамға атқарған адал еңбегі мен жеткен жетістіктері үшін алғыс білдіремін.

Жұдырықтай жұмылып жұмыс істеу – Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, еліміздің дамуы мен өркендеуі жолындағы компанияның табиғи ресурстарды тиімді әрі ұтымды игеру жөніндегі миссиясына қол жеткізудің басты кілті. Стратегиялық міндетімізді орындау үшін барлық бағытта жұмыс жалғасатын болады. Алдымызда ауқымды әрі күрделі міндеттер тұр. Оларды іске асыру үшін Компанияға әр қызметкердің жоғары белсенділігі мен кәсіби шеберлігі қажет. Ауызбіршілікте болып, қойылған мақсаттарға қол жеткізе алатынымызға сенімдімін.

Мағзұм Мырзағалиев

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы