Әлеуметтік жауапкершілік

Жұмыс берушілер мен еңбек ұжымдары арасындағы жұмыс істеп тұрған ішкі коммуникациялар жүйелері, жергілікті атқарушы органдармен, кәсіподақтармен өзара іс‑қимыл жасау және еңбек ұжымдарымен тең құқықты ұжымдық келіссөздер Компанияның әлеуметтік жауапкершілігінің негізгі міндеттерін орындауды қамтамасыз етеді.

Компания Қазақстан Республикасында қолданылатын заңнамалық және нормативтік құқықтық талаптарды, сондай‑ақ мұнай компанияларының қызметін реттейтін халықаралық заңдар мен шарттарды сақтайды, экономикаға, қоршаған ортаға және қоғамға тигізетін әсері үшін, ұзақ мерзімді кезеңде ұзақ мерзімді құнның өсуі және тұрақты дамуы үшін акционерлер, жұртшылық пен инвесторлар алдындағы өзінің жауапкершілігін сезінеді. Компанияның барлық қызметкерлері қауіпсіз және салауатты еңбек жағдайларына, Компанияға қосқан үлесін мойындауға және тиісті бағалауға, кәсіби дағдыларын дамытуға жәрдемдесуге, олардың жұмысының сапасы мен тиімділігін ашық және конструктивті талқылауға құқылы. Компания ұлттық, нәсілдік, діни белгілері, жасы, жынысы, саяси нанымдары немесе басқа белгілері бойынша кемсітуге жол бермейді.

ҚМГ меритократия, әділдік және объективтілік қағидаттарын ұстанады, әрбір қызметкерге жаңа жетістіктер үшін оңтайлы жағдай жасайды және әркімнің Компанияның қызметіне қосқан үлесін әділ бағалайды, қызметкерлердің барлық деңгейлерде түсіністік, қызығушылық және қолдау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

Әлеуметтік тұрақтылық

ҚМГ қызметкерлердің өкілдерімен конструктивті диалог жүргізу арқылы кәсіпорындарда әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге ұмтылады және түрлі наразылық акцияларының болмауына ұмтылады. Бірыңғай әлеуметтік саясатқа сәйкес іске асырылатын іс‑шараларды қоса алғанда, әлеуметтік тұрақтылықты қолдау мақсатында тұрақты негізде кешенді жұмыс жүргізіледі. Оның ішінде ЕТҰ‑дағы әлеуметтік тұрақтылық деңгейін арттыру жөніндегі жоспарлы іс‑шаралар, әлеуметтік тұрақтылық индексін зерттеу, ішкі коммуникацияларды белсенді түрде пайдалану, мердігер ұйымдармен жұмыс және т.б. бар.

Кәсіпорындарда әлеуметтік тұрақтылықты қолдау мақсатында 2023 жылға арналған «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес және тәуелді ұйымдарында әлеуметтік тұрақтылық деңгейін арттыру жөніндегі іс‑шаралар жоспары іске асырылуда.

Аталған жоспарды әзірлеу кезінде «Самұрық‑Қазына» АҚ әлеуметтік өзара іс‑қимыл және коммуникациялар орталығы ҚМГ‑ның барлық ірі ЕТҰ‑ларында жүргізетін Samruk Research ServicesSamruk Research Services — қызметкерлердің көңіл-күйін, олардың әлеуметтік тыныштығын және наразылық көңіл-күйінің деңгейін анықтауға мүмкіндік беретін әлеуметтік зерттеу. Сонымен қатар, нақты кәсіпорындар бойынша индекс қызметкерлерді толғандыратын проблемалық мәселелерді анықтауға мүмкіндік береді. зерттеулерінің нәтижелері қолданылады.

Компаниядағы Samruk Research Services интегралдық көрсеткіші 2023 жылы 75%‑ды құрады.

SRS көрсеткіштерін зерттеу нәтижелері негізінде әрбір кәсіпорын әлеуметтік тұрақтылық көрсеткіштерін айқындау барысында анықталған қауіпті аймақтарды азайту және жою жөніндегі іс‑шаралар жоспарын әзірлейді. Жоспарда көрсетілген іс‑шаралар еңбек ұжымының қанағаттану деңгейін арттыру, басшылықтың іс‑әрекеттеріне сенім білдіру, кері байланыс жүйесін жолға қою, еңбек жағдайларын жақсарту, тұрғылықты жер жағдайын, тамақтануды ұйымдастыру және т.б. жөніндегі шараларды көздейді.

2023 жылы корпоративтік орталық барлық ЕТҰ үшін SRS жақсарту жөніндегі жоспардың бірыңғай үлгісін әзірледі, сондай‑ақ ЕТҰ‑ға бару практикасы мен тұрақтылық деңгейін арттыру жөніндегі іс‑шаралар жоспарын әзірлеуге жәрдемдесу мүмкіндігі енгізілді.

2023 жылы ұжымдарға құқықтық және әкімшілік кеңес беру, заңгерлік көмек көрсету қамтамасыз етілді. Жанжалдарды, еңбек дауларын реттеуге қатысу, оның қатысушыларына өзара қолайлы шешім табуға көмектесу үшін 18 ішкі медиатор оқытылды. Еңбек жанжалдары мен наразылық көріністерінің туындау қаупі бар барлық кәсіпорын туралы мәліметтер жүйеленген. Ұжымдардағы жағдайды қиындата түсетін алғышарттарға уақтылы жауап беру алгоритмі жасалды. ЕТҰ еңбек ұжымдарында және олардың барлық мердігер компанияларында қалыптасқан ахуалға мониторинг жалғасуда. Жыл ішінде 55 кәсіпорында әлеуметтік шиеленістің ықтимал тәуекелдері бар 63 жағдай ерекше бақылауда болды.

2022 жылы маусымнан бастап ҚМГ‑ның Ақтау қаласындағы Өкілдігі (бұдан әрі – Өкілдік) жұмыс істейді. Ведомствоаралық және өңірлік штабтар мен комиссиялар шеңберінде мемлекеттік органдармен тығыз өзара іс‑қимыл ұйымдастырылды. Өкілдіктің қатысуымен 38 отырыс өткізіліп, облыстың 96 кәсіпорнының проблемалық мәселелері шешілді. Кәсіподақ ұйымдарымен жұмыс жолға қойылды, олармен өткізілген 25 кездесудің нәтижелері бойынша 161 хаттамалық шешім қабылданды, оның 125‑і іске асырылды, 36‑сы‑орындалу кезеңінде.

Туындаған еңбек жанжалдарын заң аясында қарастыру арқылы Өкілдіктің тікелей қатысуымен (татуластыру комиссияларын құру, жұмыс беруші мен ереуілшілер арасында ортақ шешім табу және т.б.) 11 ереуіл тоқтатылды, 52 наразылықтың бастапқы кезеңде алды алынды. Әлеуметтік жағдайды жақсарту мақсатында ҚМГ ЕТҰ мердігер ұйымдарында өндірістік қатынастар (Industrial Relations) бағыты бойынша тұрақты бақылау қамтамасыз етілді. Бұл жұмыс аясында 11 тексеру және IR‑скрининг жүргізілді.

Қабылданған шаралар нәтижесінде орташа дәрежедегі еңбек жанжалдары тәуекелі бар мұнай‑газ секторы кәсіпорындары саны айтарлықтай төмендегені байқалады (биыл қаңтардағы 20 жағдайдан желтоқсандағы 4 жағдайға дейін). Қазіргі уақытта ЕТҰ мен мердігер компаниялардың барлық кәсіпорны штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

Өкілдік құрылған сәттен бастап 76 мәселе бойынша (жұмыспен қамту – 22, жалақыны көтеру және берешекті өтеу туралы – 15, қолданыстағы тарифті көтеру – 3, өндірістік және экологиялық мәселелер – 8, сыйлықақы тағайындау – 10, әлеуметтік жағдайды жақсарту – 13, IPO өткізу және акцияларды сатып алу – 3, өзге сұрақтар – 2) азаматтардан 645 өтініш қабылданды, олардың 84%‑ы шешілді, қалған 16%‑ы орындалып жатыр және бақылауға алынған.

Қызметкерлер саны

ҚМГ компаниялар тобы қызметін жүргізетін өңірлерде 50 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. 2023 жылдың соңында қызметкерлердің нақты саны ҚМГ компаниялар тобы бойынша 49 710 адам болды, оның ішінде штаттық қызметкерлер — 46 603 адам, аутстаффинг — 3 107 адам.

ҚМГ компаниялары тобында еңбек ететіндердің нақты саны (шоғырланған), адам
Қызметкерлер саны
КөрсеткішЕсепке қатысу үлесі 51% және одан көп шоғырландырылатын компаниялардың қызметкерлері енгізілді Өлшем бірлігі 2021 2022 2023
Ерлер % 82 82 81
Әйелдер % 18 18 19
Өндірістік персонал % 92 92 92
Әкімшілік‑басқару персоналы % 8 8 8
31 жастан 50 жасқа дейінгі қызметкерлер, оның ішінде: % 59 59 58
  • елдер
% 81 81 81
  • әйелдер
% 19 19 19
50 жастан асқан қызметкерлер, оның ішінде: % 29 30 31
  • елдер
% 81 81 81
  • әйелдер
% 19 19 19
30 жасқа дейінгі қызметкерлер, оның ішінде: % 12 11 11
  • елдер
% 86 86 88
  • әйелдер
% 14 14 12
Ашылған жұмыс орындары бірлік 945 88 918
Орташа тізімдік санынан % 2,1 0,2 1,9
Еңбек қатынастары тоқтатылғандар адам 2 757 3 123 2 124
Барлық деңгейдегі басшылық құрам, оның ішінде: % 11 10 10
  • елдер
% 82 82 85
  • әйелдер
% 18 18 15
ҚМГ компаниялары тобы бойынша тұрақтамау коэффициенті % 6 6 4,5

Компания қызметінің бағыты ауыр, қауіпті және зиянды еңбек жағдайларымен байланысты екенін ескере отырып, ерлердің үлесі 81%, әйелдердің үлесі 19%‑ды құрайды. Персоналдың жалпы санындағы өндірістік персоналдың үлесі 92%, әкімшілік‑басқару персоналының үлесі 8%‑ды құрайды.

Жас санаты бойынша қызметкерлердің негізгі үлесі 31‑ден 50 жасқа дейінгі топта ұсынылған – 58%, бұл ретте ерлердің үлесі 81%, әйелдердің үлесі 19%‑ды құрайды.

50 жастан асқан қызметкерлер саны персоналдың жалпы санының 31%‑ын құрайды, бұл ретте ерлердің үлесі – 81%, әйелдердің үлесі – 19%.

30 жасқа дейінгі жастардың үлесі персоналдың жалпы санының 11%‑ын құрайды, бұл ретте ерлердің үлесі — 88%, әйелдердің үлесі – 12%.

2023 жылы ашылған жұмыс орындарының саны – 918 бірлік немесе орташа тізімдік санның 1,9%‑ын құрайды. Есепті кезеңде еңбек қатынастары тоқтатылған қызметкерлер саны – 2 124 адам.

Барлық деңгейдегі басшылық құрамына кіретін қызметкерлердің үлесі – қызметкерлердің жалпы санының 10%, оның ішінде әйелдер — 15% (2022 жылы — 18%), ерлер — 85% (2022 жылы — 82%).

ҚМГ компаниялары тобы бойынша 2023 жылы тұрақтамау коэффициенті – 4,5% (2022 жылы – 6%).

Қызметін жүзеге асыратын өңірлерді дамыту

ҚМГ қызметін жүзеге асыратын өңірлердің әлеуметтік‑экономикалық дамуына үлес қосуда. Компания жергілікті басқару органдарымен белсенді өзара іс‑қимыл жасайды және негізгі мүдделі тараптармен тұрақты диалогты қолдайды, жас білікті мамандарды дамытуда және даярлауда белсенді жұмыс жүргізеді, ҚМГ компаниялар тобының қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсетеді, оффтейк‑шарттарға қол қою арқылы отандық өндірушілерді қолдауға ұмтылады. ҚМГ кәсіпорындары жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар және кешенді даму жоспары шеңберінде әлеуметтік маңызы бар объектілерді, спорт кешендерінің құрылысын, өңірдің әлеуметтік‑экономикалық дамуын және т.б. қаржыландыруды жүзеге асырады.

ҚМГ еншілес ұйымдарының жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарында өндіріс орындары орналасқан өңірлерді дамытуға және халықтың мұқтаж топтарына әлеуметтік көмек көрсетуге айтарлықтай ақша қаражатын бөлу көзделген, сондай‑ақ облыстардың әкімдіктерімен жасалған келісімдер мен меморандумдар негізінде ҚМГ ЕТҰ қаражатты жергілікті атқарушы органдарға аударады, олар өз кезегінде қаражатты жергілікті қоғамдастықтардың қажеттіліктерін негізге ала отырып бөледі, соның ішінде:

  • ӨМГ Жаңаөзен қаласы мен Маңғыстау облысы Қарақия ауданының әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға 1,7 млн теңге бөлді.
  • ЕМГ Атырау облысы Бесікті ауылында 280 орындық балабақша салуға 783 млн теңге бөлді.
  • ММГ Маңғыстау әкімдігіне инфрақұрылымды әлеуметтік‑экономикалық дамытуға 140 млн теңге аударды.
  • ҚГМ Қызылорда облысында 350 адамға арналған «Оқушылар сарайы» кешен‑ғимаратын салуға 2,3 млрд теңге бөлді.
  • ҚБМ Маңғыстау облысының инфрақұрылымын дамытуға 230 млн теңге бөлді.
  • ҚОА Ақтөбе облысының әлеуметтік‑экономикалық дамуына және оның инфрақұрылымына 206 млн теңге, ал ҚТМ – 189 млн теңге, сондай‑ақ Маңғыстау облысының дамуына 85 млн теңге бөлді.
Жергілікті атқарушы органдарға аударылған қаражат (жер қойнауын пайдалану жөніндегі келісімшартта), млрд теңге

Сондай‑ақ, North Caspian Operating Company N.V. (Солтүстік Каспий жобасы шеңберінде) қаражатына қазіргі уақытта 30 млрд теңгеге жуық сомаға келесі әлеуметтік жобалар іске асырылуда:

  • Ақтау қаласында Оқушылар сарайын салу – 12 млрд теңге (жобаны іске асыру мерзімі 15 наурыз 2021 жыл – 14 мамыр 2024 жыл);
  • Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы Форт‑Шевченко қаласында 1,9 млрд теңге сомасына 100 орындық жатақхана салу (жобаны іске асыру мерзімі – 1 маусым 2023 жыл – 31 мамыр 2024 жыл);
  • Түпқараған ауданы Форт‑Шевченко қаласында 1,3 млрд теңге сомасына 260 студентке арналған кәсіптік бағдарлау және өнер мектебі (жобаны іске асыру мерзімі 26 мамыр 2023 жыл – 25 қараша 2024 жыл);
  • Маңғыстау облысының Бекі кентінде 699,7 млн теңге сомасына 100 орындық жалпы білім беретін мектеп салу (жобаны іске асыру мерзімі: 26 сәуір 2023 жыл – 25 сәуір 2024 жыл);
  • Атырауда Береке, ш/а 591,2 млн теңге сомасына 50 келушіге арналған отбасылық‑дәрігерлік амбулатория салу (жобаны іске асыру мерзімі: 21 ақпан 2022 жыл – 20 тамыз 2023 жыл);
  • Атырау қаласы Өрлеу тұрғын алабында (Тасқала ауылы – 2) 625,2 млн теңге сомасына 160 орындық балабақша салу (жобаны іске асыру мерзімі: 15 қыркүйек 2022 жыл – 14 маусым 2024 жыл);
  • Атырау қаласының облыстық балаларды оңалту орталығына 512,8 млн теңге сомасына 80 орындық қосымша құрылыс салу (жобаны іске асыру мерзімі: 15 қыркүйек 2022 жыл – 14 маусым 2024 жыл);
  • Махамбет ауылында 1,1 млрд теңге сомасына 3 қабатты 60 пәтерлі тұрғын үй салу (жобаны іске асыру мерзімі: 1 желтоқсан 2022 жыл – 31 мамыр 2024 жыл);
  • Аққыстау ауылында 1,1 млрд теңге сомасына 3 қабатты 60 пәтерлі тұрғын үй салу (жобаны іске асыру мерзімі: 1 желтоқсан 2022 жыл – 31 мамыр 2024 жыл);
  • Миялы ауылында 1,5 млрд теңге сомасына 3 қабатты 60 пәтерлі тұрғын үй салу (жобаны іске асыру мерзімі: 15 қыркүйек 2022 жыл – 14 наурыз 2024 жыл);
  • Доссор кентінде 1,4 млрд теңге сомасына 3 қабатты 60 пәтерлі тұрғын үй салу (жобаны іске асыру мерзімі: 17 тамыз 2023 жыл – 6 ақпан 2025 жыл);
  • Құрманғазы ауданы Қадырка кентінде 1,3 мдрд теңге сомасына 3 қабатты 60 пәтерлі тұрғын үй салу (жобаны іске асыру мерзімі: 7 тамыз 2023 жыл – 6 ақпан 2025 жыл);
  • Атырау қаласында 6,1 млрд теңге сомаға саябақ салу (жобаны іске асыру мерзімі: 10 қараша 2023 жыл – 9 ақпан 2025 жыл).
Жұмысшылардың еңбек жағдайы

ҚМГ тобында еңбек және демалыс жағдайларын жақсарту бойынша жұмыс жүйелі негізде жүргізілетінін айта кеткен жөн. Қызметкерлердің тұрғылықты жерін, тамақтануын ұйымдастыру мәселелері ЕТҰ‑ның әлеуметтік тұрақтылықты жақсарту жөніндегі жоспарларында көрсетілген. Барлық ҚМГ ЕТҰ жұмыскерлердің еңбек және демалыс жағдайларын жақсарту бойынша 5 жылға (2023‑2027 жылдар аралығына) жеке жол карталарын әзірледі. ЕТҰ жоспарларына сәйкес, 2023 жылы 40‑тан астам әлеуметтік‑тұрмыстық инфрақұрылым объектілерін (асханалар, әкімшілік‑өндірістік корпустар, тұрғын қалашықтар және т.б.) салу және әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне 115 күрделі жөндеу жүргізу жоспарлануда.

Демеушілік және қайырымдылық

Компанияның қайырымдылық және демеушілік қызметін «Самұрық‑Қазына» АҚ компаниялар тобының қайырымдылық қызметінің бірыңғай операторы болып табылатын Samruk‑Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қоры жүзеге асырады.

Samruk‑Kazyna Trust қайырымдылық қызметі адамдарға, әлеуметтік және медициналық сектордағы қоғамдастықтарға көмек көрсетуге, медиа және мәдени қоғамдастықты дамытуға, адам әлеуетін дамытуға, еңбек қатынастарын, ұлтаралық қатынастарды нығайтуға, қоғамның орнықты дамуына инвестиция салуға, өңірлік бизнес‑бастамаларды қолдауға бағытталған.

2023 жылғы бюджеттен жасақталған жобалар портфелінде жалпы сомасы 7,2 млрд теңге болатын 46 жоба бар, оның ішінде төрт жоба ҚМГ қажеттіліктерін ескере отырып іске асырылды/ іске асырылуда:

  1. «IQanat білім беру қоры» қоғамдық қоры – 300 млн теңгеге «IQanat‑Жарқын болашақ» жобасы, Жаңаөзен қаласы мектептерінің 50 оқушысы IQanat High School Burabay мектебіне білім гранттарын жеңіп алды.
  2. «Bilim Foundation» ҚҚ – 378,3 млн теңге сомасына «Жарқын болашақ» жобасы – Жаңаөзен қаласының 177 оқушысы республика бойынша колледждерде оқуға білім гранттарының иегері атанды, жобаның 2 түлегі жұмысқа орналастырылды.
  3. «Маңғыстау» жергілікті бастамалар орталығы» ҚҚ – «Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылының дәрігерлік амбулаториясының материалдық‑техникалық базасын 36,5 млн теңге сомасына рентген аппаратын сатып алу арқылы нығайту» жобасы.
  4. Маңғыстау облысының екі елді мекенінде 21 балалар спорт алаңын салу: Жетібай мен Жаңаөзен қаласында 2022–2023 жылдар аралығында 1 млрд теңге сомасына.

Сондай‑ақ, ҚМГ‑ның еншілес кәсіпорындары – ӨМГ, ҚБМ, ММГ, ҚАО, ҚГМ, ПМХЗ, ПҚОП Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда, Түркістан, Павлодар облыстарының жергілікті қоғамдастықтарына сомасы 1,1 млрд теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетті.

2023 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша ҚМГ Орал қаласында Аk Su KMG ЖШС арқылы құны 19,3 млрд теңге көпфункционалды спорттық сауықтыру кешенін салу бойынша жұмысты бастады. Құрылыстың аяқталу мерзімі – 2024 жылдың желтоқсаны.

Студенттермен және жас мамандармен жұмыс

ҚМГ компаниялар тобы жас мамандармен және студенттермен жұмыс пен ынтымақтастықты қолдайды. Компанияда жас мамандарды тартуға және қолдауға бағытталған студенттерге арналған дуалды оқыту және практика бағдарламалары іске асырылуда.

Осылайша, жыл сайын ҚБМ, ЕМГ, KPI, ПМХЗ, АМӨЗ секілді еншілес ұйымдарда дуальды оқыту бағдарламасы іске асырылуда.

Сонымен қатар, ММГ базасында Ш.Есенов атындағы мемлекеттік инженерлік‑технологиялық университетімен бірлесіп іске қосылған «Білім беру интенсиві» бағдарламасы жұмысын жалғастыруда. Бұл бағдарлама әлеуметтік, еңбек және экономикалық қатынастардың тұрақтылығын қамтамасыз етуге, сондай‑ақ ҚМГ тұрақты даму саласындағы стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуге, атап айтқанда Маңғыстау облысындағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бағытталған. Бағдарламаның мақсаты – еркін орындарға жұмысқа орналасуға үміткерлерді дайындау. Бағдарламаны Маңғыстау өңірінен осал топқа жататын 194 кандидат сәтті аяқтады.

Development Day Даму күні аясында жас мамандар үшін «ҚМГ Инжиниринг» ЖШС базасында «Ескі кен орындарының жаңа өмірі» тақырыбында оқыту семинары ұйымдастырылды. Сондай‑ақ, дарынды мамандар пулы үшін «Кайдзен негіздері» практикалық курсы өткізілді.

«ҚМГ Инжиниринг» ЖШС‑нің KMGE School бағдарламасы аясында аталған бағдарлама қатысушылары үшін сұранысқа ие мамандарды даярлау бойынша 18 студент өндірістік тәжірибеден өтті.

ҚМГ компаниялар тобы бойынша Қазақстан Республикасы ЖОО және ТжКБ студенттерімен олардың өндірістік және диплом алдындағы практикасын ұйымдастыру және өткізу бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізіледі.

Ішкі бірыңғай коммуникация жүйесі

ҚМГ үшін ішкі әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру ерекше маңызға ие. Оларды дамыту кезінде, ең алдымен, компания қызметкерлері үшін қолайлы жағдай жасауға баса назар аударылады. Бұл – материалдық ынталандыру, кәсіби дамуды нығайту және арттыру, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары. Әлеуметтік шиеленістің алдын алу, еңбек даулары мен жанжалдардың туындау мәселелеріне ерекше назар аударылады.

Қызметкерлермен және олардың өкілдерімен тұрақты сындарлы байланыс орнатылған. Ішкі бірыңғай коммуникация жүйесі «кері байланыстың» тиімділігін арттыруға арналған. Барлық кәсіпорында әлеуметтік, тұрмыстық, өндірістік мәселелерді талқылау бойынша басшылықтың еңбек ұжымдарымен міндетті жоспарлы кездесулері өткізіледі.

Ішкі коммуникациялар жүйесінің негізгі міндеті – қызметкерлерді қызметтің мақсаттары мен міндеттері туралы уақтылы хабардар ету, ұйымдағы ағымдағы жағдайды қызметкерлерге жеткізу, сондай‑ақ қызметкерлер көтеретін мәселелерді «есту» мүмкіндігі.

ҚМГ‑ның барлық өндірістік кәсіпорындарында әрбір қызметкердің кәсіпорын басшылығына сұрақтармен жүгіну және ішкі коммуникациялар құралдарын енгізу арқылы уақтылы жауап алу мүмкіндігі регламенттелген, оған сәйкес бірінші басшылардың еңбек ұжымдарымен есептік кездесулері жылына екі рет жүйелі түрде өткізіледі. Бірінші басшылар өз есептерінде ұжымға ағымдағы жағдайды ұсынады: экономика, жұмыс көлемінің болуы, өндірістік жоспарлар, еңбекті қорғау, кадрлық және әлеуметтік мәселелер. Кездесулерде қызметкерлер өз сұрақтарын қоюға және оларға жауап алуға мүмкіндік алады. 2023 жылы ҚМГ ЕТҰ‑ның 14 000 қызметкерін қамтыған 101 есептік кездесу өткізілді, онда қызметкерлер 500‑ден астам сұрақ қойды. Кездесулерде қызметкерлер көтерген негізгі мәселелер жалақыны көтеру, қызметкерлердің балаларын жұмысқа орналастыру, медициналық қызмет көрсету бойынша нақты мәселелер, еңбек жағдайын жақсарту мәселелері, оның ішінде ғимарат пен үй‑жайларды жөндеу немесе салу қажеттілігі болды. Барлық мәселе бойынша қызметкерлерге тиісті түсініктемелер беріліп, шешімдер қабылданды.

Сондай‑ақ, ЕТҰ‑дағы жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасында тікелей коммуникацияның тиімді тетіктерін құру және қолдау, ЕТҰ‑дағы қызметтің мақсаттары мен міндеттері туралы қызметкерлерді уақтылы хабардар ету, ұйымдағы ағымдағы жағдайды қызметкерлерге жеткізу, қызметкерлерде кәсіпорынның оң имиджін қалыптастыру, ЕТҰ‑дағы еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік‑психологиялық ахуал параметрлерін қадағалау мақсатында бірінші басшылардың қызметкерлерді жеке мәселелері бойынша қабылдау мүмкіндігі бар. Әрбір ЕТҰ‑да бірінші басшының блогы, корпоративтік ақпараттық сайт жасақталған, корпоративішілік ақпаратты еңбек ұжымдарына жеткізу үшін бейне хабарландырулар үшін мониторлар орнатылған. Қызметкерлерді жедел хабарландырулармен және хабарламалармен ақпараттандыру үшін ақпараттық стендтер қолданыста бар.

Басшылық ЕТҰ кәсіподағымен ұжымдық шартты орындауға, еңбек тәртібінің жай‑күйіне, еңбек ұжымының өтініштерін қарауға, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелеріне, әлеуметтік жеңілдіктер мен өтемақылар беруге және кәсіпорында басқа да әлеуметтік маңызды мәселелерге қатысты неғұрлым өзекті мәселелер бойынша тоқсан сайын кездесулер өткізеді.

Кәсіподақтар

Компанияның кәсіподақтармен өзара іс‑қимылы еңбек заңнамасында салалық және өңірлік деңгейлерде белгіленген әлеуметтік әріптестік шеңберінде жүзеге асырылады. Салалық деңгейде өзара әрекеттесудің негізгі параметрлері (әлеуметтік кепілдіктер, еңбекті ұйымдастыру мәселелері, еңбекақы төлеу, жұмыспен қамту, гендерлік және жастар саясаты, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, еңбек жанжалдарының алдын алу және шешу және т.б.) Қазақстан Республикасы мұнай‑газ, мұнай өңдеу және мұнай‑химия салаларындағы салалық келісімде айқындаған, оның әзірленуіне ҚМГ және оның кәсіпорындарының өкілдері белсенді қатысты.

ҚМГ тобында 44 430 қызметкердің мүддесін қорғайтын 42 кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді.

Өңірлік деңгейде әлеуметтік әріптестік жөніндегі облыстық комиссиялар жұмыс істейді, олардың шеңберінде өңірлік жұмыспен қамту және еңбекті қорғау мәселелерінен басқа нақты ұжымдық еңбек даулары да қаралады. ҚМГ‑ның барлық компанияларында келісім комиссиялары құрылып, жұмыс істейді.

ҚМГ ЕТҰ‑мен бірлесіп мұнай‑газ, мұнай өңдеу және мұнай‑газ химиясы салаларының әлеуметтік әріптестігі және әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі салалық комиссияның жұмысына белсенді қатысады, онда компаниялардың еңбек ұжымдарындағы ағымдағы ахуал туралы мәселелер, біліктілік пен кәсіптік стандарттардың салалық шеңберлерін әзірлеу, мұнай‑газ, мұнай өңдеу және мұнай‑газ химиясы салаларында адам ресурстарын дамыту мәселелері қаралады. ҚМГ 2023‑2025 жылдарға арналған мұнай‑газ, мұнай өңдеу және мұнай‑химия салаларындағы салалық келісімді орындайды.

Келісімнің негізгі ережелері қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын арттыру, кәсіподақ ұйымдарының рөлін арттыру, қауіпсіз жағдайлар мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету және т.б. бөліктері орындалады.

2023 жылы ҚМГ ЕТҰ қызметкерлері мен азаматтардың 166‑дан астам өтініші қаралды. Келіп түскен өтініштердің едәуір бөлігі – Маңғыстау облысынан ҚМГ тобына жұмысқа орналасу туралы. ҚМГ компаниялар тобы қызметкерлерінің құқықтарын бұзу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Әрбір осындай өтінішті Адами ресурстарды басқару департаменті егжей‑тегжейлі қарайды, қабылданатын шешімдердің негізділігі, олардың Қазақстан Республикасының заңнамасына және кәсіпорынның ішкі рәсімдеріне сәйкестігі тексерілді. Өтініш берушілерге тиісті жауаптар берілді. Сонымен қатар, кәсіпорында кадрлық және әлеуметтік жұмысты ұйымдастыру бойынша практикалық ұсыныстар берілді.

Қызметкерлерді әлеуметтік қолдау

ҚМГ компаниялары тобында ҚМГ ЕТҰ‑ның қызметкерлеріне көрсетілетін әлеуметтік қолдау түрлері мен нормаларын біріктіретін ҚМГ‑ның кәсіпорындары үшін Ұжымдық шарттың үлгілік нысаны қабылданды.

ҚМГ тобы бойынша 2023 жылы 25 кәсіпорында ұжымдық шарт жұмыс істейді. Ұжымдық шарттармен қамтылған қызметкерлер саны 50 163 адамға жетеді, яғни қызметкерлердің жалпы санының 96 пайызы. Ұжымдық шарттарда қауіпсіз еңбек жағдайына, демалыс, санаторий‑курорттық ем‑шараға кепілдік беріледі. Сондай‑ақ қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелері, зейнеткерлер үшін әлеуметтік қолдаудың елуден астам түрі көзделген.

ҚМГ өз қызметкерлеріне кепілді әлеуметтік пакетті ұсынады: еңбек демалысына сауықтыруға материалдық көмек, жүктілікке және босануға байланысты төлемдер, бала күтімі бойынша демалыстағы қызметкерлерге ай сайынғы төлемдер, басқа жұмысқа ауыстыру мүмкін болмаған жағдайда еңбек шартын бұзған кезде берілетін өтемақы, еңбек ету қабілетінен жалпы айырылуына, мүгедектік алуына байланысты, қызметкердің қайтыс болуына байланысты біржолғы жерлеуді ұйымдастыруға берілетін төлем, өндірістегі жазатайым оқиға салдарынан қаза тапқан қызметкердің отбасына берілетін біржолғы төлем.

Компания сонымен қатар қызметкер ауырған жағдайда ерікті медициналық сақтандыруға және жұмысшылар мен балаларының демалысын ұйымдастыруға әлеуметтік кепілдіктер береді. Сондай‑ақ, қызметкерлердің мерейтойына, зейнеткерлік жасқа толуына, некеге тұруына байланысты материалды көмек көрсетіледі, сондай‑ақ некеге тұру кезінде, дүниеге баланың келуіне, туыстарының қайтыс болуына байланысты, жалақысын сақтай отырып, қысқа мерзімді демалыс беріледі. Одан бөлек, емделуге және медициналық операцияларды төлеуге, мүгедектігі бар қызметкерлерге, мүгедек балалары бар қызметкерлерге, аса мұқтаж қызметкерлерге, бірінші қыркүйекке мектеп керек‑жарақтарын сатып алуға және т.б. жағдайларда көмек қарастырылған.

ҚМГ компанияларының тобы бойынша барлық ұжымдық шарттарға сәйкес, әлеуметтік қолдау 50‑ден астам жағдай бойынша көрсетіледі. Есепті кезеңде ұжымдық шарттар нормаларының барлық талаптары, кәсіпорындардың қаржы‑экономикалық жағдайына қарамастан, ҚМГ‑ның барлық кәсіпорындарында толық көлемде сақталды және қолданылады.

2023 жылы ММГ, ҚТО, «CASPI BITUM» БК ЖШС, «Oil Services Company» ЖШС, ПМХЗ, ҚОА, ұжымдық шарттарына ҚМГ компаниялар тобы бойынша қолданыстағы нормаларды ескере отырып, бірқатар әлеуметтік төлемдердің мөлшері артты.

Есепті жылы алғаш рет KPI және «KMG Security» ЖШС әкімшілігі мен еңбек ұжымы арасында жаңа ұжымдық шартқа қол қойылды. 2023 жылы ҚМГ компаниялар тобының қызметкерлерін әлеуметтік қолдауға жұмсалған шығыстар шамамен 27 млрд теңгеге жетті.

Қызметкерлерді әлеуметтік қолдау шығыстары, млрд теңге
ҚМГ компаниялар тобының қызметкерлеріне көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың бөлінісі, %

2023 жылы ҚМГ компаниялар тобы бойынша 1 396 қызметкер атаулы күндерге байланысты мемлекеттік, ведомстволық және өзге де наградалармен марапатталып, еңбегі аталып өтті, оның ішінде Қазақстан Республикасы Мұнай‑газ өнеркәсібі қызметкерлерінің күні мерекесіне орай 626 адам марапатталды, Республика күніне орай 311 наградаға квота бекітілді.

ҚМГ компаниялар тобында міндетті медициналық тексерулерді ұйымдастыру бойынша корпоративтік стандарт әзірленді және бекітілді. Бұл құжат ЕТҰ‑ға енгізу және іске асыру үшін жіберілді. Корпоративтік стандарт міндетті медициналық тексерулердің сапалы жүргізілуін, созылмалы аурулары бар қызметкерлерді бақылауды, қызмет көрсететін медициналық ұйымдарға бірыңғай талаптарды реттейді. Маңғыстау облысының ЕТҰ‑мен кеңес өткізілді және корпоративтік стандартты енгізу және іске асыру мәселелері, оны іске асыру кезіндегі проблемалық мәселелер және жалпы қызметкерлерді медициналық қолдаумен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Барлық ҚМГ ЕТҰ‑дан Корпоративтік стандартты енгізу және іске асыру мәртебесі туралы ақпарат жиналып, шоғырландырылды, әрбір ЕТҰ құрылымы бойынша қызметкерлерді медициналық қамтамасыз ету мүмкіндігі зерделенді. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ компаниялар тобында сауықтыру жөнінде корпоративтік бағдарлама әзірлеу жұмыстары басталды.

ЕТҰ‑ның мердігер ұйымдармен өзара іс‑қимылы

ҚМГ‑де мердігерлік ұйымдар қызметкерлерінің еңбек кепілдіктерін қамтамасыз ету үшін олармен өзара іс‑қимыл жасау жөніндегі Регламент бекітілген.

Мердігерлік ұйымдардың еңбек қатынастары саласындағы міндеттемелерді сақтауы мақсатында ҚМГ ЕТҰ‑ның 21‑і шарттық міндеттемелерге үлгілік регламент талаптарын енгізді.

2023 жылы Жаңаөзен қаласында ҚМГ, ҚМГ Ақтау қаласындағы өкілдігі, ӨМГ, ММГ, ҚБМ қызметкерлері қатарынан арнайы топ, сондай‑ақ Маңғыстау облысындағы еншілес мұнай сервис ұйымдарынан тартылған мамандар жұмысқа кірісті (барлығы 60 адам). Топтың мақсаты ӨМГ және ҚМГ‑ның еншілес мұнай сервис мекемелерінің мердігер ұйымдарының («Су өндіру және тасымалдау басқармасы» ЖШС, «Кен Құрылыс Сервис» ЖШС, «ӨзенМұнайСервис» ЖШС, «KMG EP‑Catering» ЖШС) қызметін тексеру және талдау болды.

Барлығы 43 мердігер ұйым, оның ішінде 29 ӨМГ‑нің мердігер ұйымы және жоғарыда аталған ҚМГ‑ның еншілес мұнай сервис ұйымдарының (ЕТҰ) 14 мердігер мекемесі тексерілді.

Жұмыс тобы 2 бағытта тексеріс жүргізді:

  1. еңбек заңнамасын сақтау жөніндегі талаптардың орындалуын тексеру, еңбек жағдайларын, санитарлық‑тұрмыстық жағдайларды, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды, сондай‑ақ медициналық қызмет көрсету жағдайларын тексеру. Компания басшылығы мен оның қызметкерлері арасында ішкі коммуникациялардың болуына ерекше назар аударылады (басшының еңбек ұжымымен кездесуі, қызметкерлерді жеке мәселелері бойынша қабылдау және қызметкерлердің өтініштерін қарау);
  2. мердігер ұйымдардың шарт бойынша бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын тексеруді қоса алғанда, шарттық міндеттемелердің орындалуын тексеру (өндірістік сыйлықақыларды, жыл қорытындылары бойынша сыйлықақыларды, мерекелерге арналған біржолғы сыйлықақыларды төлеу, еңбек демалысына сауықтыруға арналған төлемдер және кепілдендірілген ең төменгі әлеуметтік пакетті қамтамасыз ету).

Тексеру нәтижелері бойынша 572 жағдай анықталды. Бұл сәйкессіздіктер мен бұзушылықтар бойынша ӨМГ мен ҚМГ‑ның еншілес мұнай сервис ұйымдарына орындау мерзімдерін көрсете отырып, анықталған бұзушылықтарды жою бойынша мердігер ұйымдарға нұсқамалар жіберу ұсынылды.

Жалпы корпоративтік іс‑шаралар

ҚМГ компаниялары тобында жыл сайын түрлі іс‑шаралар өткізіледі. Салауатты өмір салтын насихаттау және кәсіби шеберлікті арттыру мақсатында Спартакиада және «Үздік маман» сияқты іс‑шаралар өткізіледі.

«Үздік маман» кәсіби шеберлік байқауы

ҚМГ компаниялар тобында 2016 жылдан бастап ҚМГ деңгейінде «Үздік маман» кәсіби шеберлік байқауы өткізіліп келеді.

Есепті жылы аталған конкурс 13‑17 қыркүйек аралығында Ақтау қаласында ҚБМ өндірістік базасында өтті. Байқау ҚМГ‑ның 20 еншілес ұйымынан 17 мамандық бойынша 300 адамның қатысуымен өтті, олардың ішінде мұнай және газ өндіру операторы, ұңғымаларды зерттеу операторы, қабат қысымын ұстап тұру оператор, мұнай дайындау операторы, ұңғымаларды күрделі жөндеу бригадалары мен ұңғымаларды жерасты жөндеу бригадалары, слесарлар, электр газбен дәнекерлеушілер, химиялық талдау зертханашылары, компрессорлық қондырғылардың машинистері, технологиялық қондырғыларды дайындау операторы, токарьлар, ЦА‑320 моторист‑машинисі, көлік жүргізушісі, бақылау өлшеу аспаптары және автоматика слесарі; технологиялық сорғылар машинисі мамандықтары бар.

Байқау екі кезеңнен тұрды: бірінші кезең ҚМГ ЕТҰ деңгейінде өткізілді, оған ҚМГ ЕТҰ бойынша 2470 қызметкер қатысты. Байқаудың ҚМГ деңгейінде өткен екінші кезеңіне бірінші кезеңде жеңімпаз атанған 19 еншілес ұйымнан 157 адам жіберілді. Байқаудың теориялық бөлімінде қатысушылар «Samruk Business Academy» жеке мекемесі ұйымдастырған онлайн‑тестілеуден өтті. Практикалық бөлімде қатысушылар мамандықтар бойынша «Қаражанбас» кен орнының конкурстық алаңдарында бақ сынасты. Байқаудың салтанатты жабылуы Rixos Water World‑да өтті, ҚМГ байқауының жеңімпаздарына «Үздік маман» медалі, дипломдар табысталды, ҚМГ ЕТҰ қызметкерлерінің қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылды. Сондай‑ақ, ҚГМ өкілі «Самұрық‑Қазына» АҚ ұйымдастырған «Үздік маман‑2023» байқауының финалисі атанды.

Бұдан басқа, ПМХЗ өкілдері «технологиялық қондырғылар операторы» және «компрессорлық қондырғылар машинисі» номинациялары бойынша «Газпромнефть» ЖАҚ шақыруы бойынша 2023 жылы 28‑30 тамызда Омбы қаласында «Газпромнефть‑ОНПЗ» АҚ базасында өткен «Өз мамандығының үздігі – 2023» байқауына қатысты. Жарысқа түрлі компаниялардың өкілдері қатысты: «Газпромнефть‑ОНПЗ» АҚ, «Славнефть‑ЯНОС» ЖАҚ, «Газпромнефть‑МНПЗ» АҚ, NIS, «Полиом» ЖШҚ, АМӨЗ, «СИБУР» АҚ және басқалары. Байқау әр түрлі тапсырмалар кезеңінен тұрды: кәсіп бойынша тестілеу, еңбекті қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау, компьютерлік тренажер кешендерінде практикалық кейсті орындау, газ қауіпті жұмыстарды орындау, алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша тапсырма, кәсіп бойынша практикалық міндеттерді шешу және өрт эстафетасы. Командалар өкілдері жұппен өнер көрсетті, бірақ ұпайлар жеке есепке алынды. Байқауда тәжірибесінің жоқтығына қарамастан, мамандарымыз жоғары біліктілік деңгейін көрсетті, әрбір номинация бойынша қарсыластарынан бір орынға төмен төртінші орынға ие болды.

Сондай‑ақ, ҚТО 2023 жылы тамызда «Транснефть» ЖАҚ, «Гомельтранснефть Дружба» ААҚ жетекші мамандықтарының жұмысшылары арасында өткен «Үздік маман» шеберлік байқауына қатысты: тауар операторы, желілік құбыржолшы; электр газ дәнекерлеуші, химиялық талдау зертханашысы, технологиялық жабдықты (технологиялық қондырғыларды) жөндеу слесарі, бақылау өлшеу аспаптары және автоматика слесарі, электр жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсету жөніндегі электромонтер, мұнай өнімдерін айдау станциясының операторы.

ҚМГ спартакиадасы

Еңбек ұжымдарын біріктіру мақсатында 2023 жылы ҚМГ спартакиадасы өткізілді.

Жыл сайынғы дәстүрлі іс‑шара ММГ‑ның 60 жылдығына арналды. Есепті жылдың 10‑14 шілдесі аралығында өткен жарыстарға ҚМГ‑ның 20 еншілес ұйымынан 500‑ден астам қызметкер қатысты. Ең алдымен, олар 8 топта іріктеу кезеңінен өтті, оған ҚМГ‑ның 30 еншілес ұйымынан 3000‑ға жуық қызметкер қатысты. Мұнайшылар спорттың 11 түрінен: мини‑футбол, волейбол, футбол, шахмат, үстел теннисі, жүзу, армрестлинг, тоғызқұмалақ, арқан тарту, асық ату, киберспорт бойынша жарысқа түсті.

2023 жылы 18‑20 тамыз аралығында Астанада Қордың 15 жылдығына орай «Самұрық‑Қазына» АҚ компаниялар тобы кәсіпорындарының қызметкерлері арасында VIII спартакиаданың суперфиналы өтті. 11 спорт түрінен ауқымды жарыстар өтті. 845 қатысушы жеке және командалық спорт түрлерінде өз компанияларының намысын қорғады.

Жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық додада ҚМГ бірінші орын иеленді. Қордың портфельдік компаниялары арасында өтетін спартакиаданың суперкубогын ҚМГ екінші жыл қатарынан ұтқанын айта кеткен жөн.

«Бір команда‑Бір мақсат!» – ұжымдағы корпоративтік мәдениет пен байланыстарды нығайтуға ықпал ететін осы іс‑шараның негізгі идеясын көрсетеді, қатысушыларды жоғары нәтижеге жету үшін бірігуге шақырады.

ҚМГ тобындағы ЕТҰ‑ның көпшілігінде қызметкерлердің жаппай спортпен шұғылдануы үшін жағдайлар жасалған (залдарды жалға алу, кәсіпшілікте спорт залдарының болуы және т.б.), бұл қызметкерлердің кеңінен спортпен шұғылдануын қамтамасыз етеді. Цех ішіндегі және цех аралық спорттық жарыстар тұрақты негізде өткізіледі.

Экоакция

2023 жылы 14 қазанда елордада ағаш отырғызу бойынша корпоративтік экологиялық акция өткізілді. ҚМГ Мемлекет басшысы Қасым‑Жомарт Тоқаевтың бес жыл ішінде 2 млрд ағаш отырғызу жөніндегі бастамасын қолдады.

Экоакцияға ҚМГ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек және Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице‑министрі Нұркен Шәрбиев қатысты. Іс‑шара экологиялық жауапкершілік пен қоршаған ортаға қамқорлық туралы идеяларды дәріптеу, сондай‑ақ қаланы жасыл желектермен абаттандыру мақсатында өткізілді.

Дүниежүзілік World Clean up day экологиялық акциясы аясында миллиондаған адам бірігіп, табиғатқа қамқорлық жасап, оны қоқыстардан тазартады.

ҚМГ компаниялар тобының еріктілері, оның ішінде Құмкөл, ҚТО және ҚМГ корпоративтік орталығының қызметкерлері шетте қалмай, Бурабайда экоакция өткізді. Экоакция аясында ҚазМұнайГаз еріктілері қоқыс жинап, резервуарлар мен ақпараттық экологиялық тақтайшалар орнатты.

ҚМГ‑да корпоративтік мәдениетті дамыту

2023 жылы компанияда корпоративтік мәдениетті жаңарту және дамыту бойынша жұмыс басталды. Корпоративтік мәдениеттің диагностикасы 3 әдіспен жүргізілді: онлайн‑сауалнама, ТОП‑менеджментпен сұхбат, фокус‑топтағы пікірталастар. Скрининг қорытындысы бойынша мәдениеттің ағымдағы және мақсатты профилі айқындалды, қызметкерлердің белсенділігі, компанияның және оның құндылықтарына адалдығы бағаланды, бизнес‑процестерді жақсарту бойынша кері байланыс жиналды. Алынған мәліметтер мен қызметкерлердің кері байланысын ескере отырып, корпоративтік мәдениетті дамыту бойынша ұсыныстар және 2023‑2024 жылдарға арналған іс‑шаралар жоспары әзірленді.

Компания ішінде кері байланысты жолға қою мақсатында компанияның стратегиясын іске асыру және корпоративтік мәдениетін дамыту мәселелері бойынша корпоративтік орталық қызметкерлерімен басшылықтың кездесуі өткізілді, ұйымдық ортаға өзгерістер енгізу және қолайлы жұмыс жағдайын жасау, компания ішінде ішкі коммуникацияларды жолға қою бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мәдениетті іске асыру мәселелері бойынша компанияның топ‑менеджментімен стратегиялық сессия, сондай‑ақ компания құндылықтарын әзірлеу бойынша стратегиялық сессиялар сериясы өткізілді. Оның нәтижелері бойынша 4 құндылық ұсынылды (қауіпсіздік, тиімділік, жауапкершілік, команда) және Компания басшылықпен келісуге жіберілді. Бастамалардың барлығы қызметкерлердің компания мәселелеріне атсалысуын және ҚазМұнайГаздың стратегиялық мақсаттарына қол жеткізудегі тиімділігін арттыруға бағытталған.

2024 жылы компания құндылықтары мен мінез‑құлық үлгілерін трансляциялау бойынша жұмыс, сондай‑ақ ӨМГ мен ЕМГ‑де корпоративтік мәдениетті дамыту бойынша пилоттық жоба жоспарланған.

Әлеуметтік саясаттың басымдықтары

Персоналды дамыту – ҚМГ‑ның табысты жұмысының маңызды шарты.

ҚМГ‑да персоналды оқыту және дамыту ҚМГ‑ның тұрақты табысын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл қызметкерлердің стратегиялық мақсаттарға жетуі үшін ҚМГ қажеттіліктеріне жауап беретін білім, дағдылары мен құзыреттерін қалыптастыру және дамыту, олардың тиімділігін арттыру арқылы жасалады.

Оқыту және біліктілікті арттыру бағдарламалары

ҚМГ халықаралық стандарттар бойынша біліктілікті арттыруға ықпал етеді. 2023 жылы қызметкерлердің DipIFR, АССА, IPMA, СIMA, PMP, СFA, CIA және басқа да сертификаттау бағдарламалары бойынша халықаралық квалификациялар мен сертификаттар алуы үшін ҚМГ КО‑ның 61 қызметкерін және ЕТҰ‑ның 188 қызметкерін оқытты.

Сондай‑ақ, 2023 жылы «Самұрық‑Қазына» АҚ қолдауымен PR School, HR School бағыттары бойынша және IR бөлімі бойынша модульдік оқыту курстары ұйымдастырылды, оған ҚМГ компаниялар тобының 96 қызметкері қатысты.

«Көшбасшылық білім беру бағдарламасы» тақырыбында оқыту

ҚМГ компаниясы тобының маңызды позицияларына сабақтастық жоспарын қалыптастыру және дамыту бойынша «МАНСАП» жобасы жалғасып жатыр.

Осыған дейін «А» және «Б» пулдарының ізбасарларын дамыту бағдарламалары іске асырылып, аяқталды.

2023 жылы «С» пулының қатысушыларына арнап «Көшбасшы school – Школа лидеров» дамыту бағдарламасы әзірленіп, іске қосылды. Оқу бағдарламасы бойынша 7 түрлі модуль және 4 модульаралық шеберлік‑сыныптар өткізу көзделген, оның ішінде 2023 жылы «Тиімді коммуникациялар», «Қауіпсіздік мәдениеті», «Ресурстарды жоспарлау және бөлу. Бюджеттеу» тақырыптары бойынша 3 модуль, сондай‑ақ «Кері байланыс мәдениеті» тақырыбындағы модульаралық мастер‑класс ұйымдастырылды.

2023 жылы «Сабақтастық іс‑жүзінде» тәлімгерлерді даярлау және дамыту бағдарламасы әзірленіп, іске асырыла бастады, оның шеңберінде «С» пулының қатысушылары «А» және «Б» пулдары қатысушыларының бірегей көшбасшылық тәжірибесін зерделеуге мүмкіндік алады.

Қауіпсіздік бойынша міндетті оқыту

ҚМГ тұрақтылығын қамтамасыз етудегі маңызды мәселелердің бірі – қауіпсіздік.

Осылайша, ҚМГ қызметкерлерін міндетті бағдарламалар бойынша, атап айтқанда өнеркәсіптік қауіпсіздік, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, өрт‑техникалық минимум, фонтанға қарсы қауіпсіздік, RоSPA бойынша қорғанып жүргізу, терроризмге қарсы қорғау, күкіртті сутекті қорғау, кәсіпорындардағы радиациялық қауіпсіздік және т.б. бойынша тұрақты негізде оқытады.

2023 жылы ҚМГ ұстанатын Vision Zero (жарақаттану нөл деңгейінде) жаһандық тұжырымдамасы негізінде еңбек қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыруға және қолдауға бағытталған «Еңбек қауіпсіздігі мәдениеті» курсы бойынша оқыту іске қосылды, оған ҚМГ‑ның 16 мыңнан астам қызметкері қатысты. 2023‑2024 жылдар аралығында ҚМГ компаниялар тобының барлық өндірістік персоналын оқыту жоспарлануда.

Тұрақты даму мәселелері бойынша оқыту

ҚМГ сонымен қатар ISO халықаралық стандарттарының талаптарына сәйкес сапа, экология, еңбекті қорғау, энергия тиімділігі, тұрақты даму және менеджмент жүйелерінің жұмыс істеу құндылықтарына ерекше назар аударады.

Мәселен, мысалы, ҚМГ компаниялар тобының қызметкерлері үшін «ISO 9001, ISO 14001 және ISO 145001 және OHSAS бойынша интеграцияланған менеджмент жүйесінің ішкі аудиторы» тақырыбында оқыту ұйымдастырылды, оған 12 КО қызметкері және ЕТҰ‑ның 271 қызметкері қатысты, сондай‑ақ тәуекелдерді бағалау дағдыларына оқытуға 51 КО қызметкері және ЕТҰ‑ның 1175 қызметкері қатысты.

Бүгінгі таңда ҚМГ‑ның негізгі стратегиялық мақсаттарының бірі – шығарындыларды азайту және энергия үнемдеу. Осы мақсатты табысты іске асыру мақсатында біздің қызметкерлер аталған тақырып бойынша қарқынды түрде білімін жетілдіріп жатыр. 2023 жылы КО және ЕТҰ‑ның 80 қызметкері «Мұнай‑газ секторындағы метан шығарындылары», «Энергия үнемдеу, ЖЭК және төмен көміртекті даму» тақырыптары бойынша оқудан өтті.

«Самұрық‑Қазына» АҚ сатып алуды жүзеге асырудың және сатып алу қызметін басқарудың жаңа тәртібі» және ЭCАЖ «2.0»

Ашықтық саясатын дамыту шеңберінде сатып алу қызметі мәселелеріне ерекше назар аударылады, осылайша сатып алу қызметі саласындағы мамандардың құзыреттілік деңгейін арттыру мақсатында ҚМГ тобының корпоративтік орталығы мен еншілес компанияларын сатып алу саласындағы мамандарға арналған ««Самұрық‑Қазына» АҚ сатып алуды жүзеге асырудың және сатып алу қызметін басқарудың жаңа тәртібі» және ЭCАЖ «2.0» бағдарламасы іске қосылды.

Бағдарламаға ҚМГ тобының 28 компаниясының 594‑тен астам қызметкері қатысты.

Қызметкерлерді оқыту туралы толығырақ Тұрақты даму туралы есепте берілген.

Өндірістік жабдықтар мен техникалық құжаттардың электронды кітапханасы

Техникалық жағынан күрделі құрылғылардың, жабдықтардың бірыңғай базасын құру және ақпараттық қолдау көрсету мақсатында «ҚМГ Инжиниринг» ЖШС‑мен бірлесіп ҚМГ компаниялар тобы үшін QR коды арқылы өту мүмкіндігі бар өндірістік жабдықтар мен техникалық құжаттардың электронды кітапханасы әзірленді. Өндірістерде жабдықтың бар‑жоғы туралы қажетті ақпаратты алу үшін бейнені өңдеу құрылғылары арқылы QR кодтарын қолдана отырып, техникалық сипаттамалары бар күрделі құрылғылар базасына өндірістік объектілерде қашықтан еркін қол жеткізу мүмкіндігі қарастырылған. QR кодтар өндірістік объектілердегі техникалық күрделі құрылғылар туралы ақпаратты ЕТҰ‑ның тиісті бөлімшелеріне сұраныс жібермей‑ақ бірден табуға мүмкіндік береді.

Өндірістік жабдықтар мен техникалық құжаттардың электронды кітапханасы