Цифрландыру және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету

Цифрландыру

ҚМГ‑ның 2031 жылға дейінгі даму стратегиясына сәйкес, цифрландыру өндірістің тікелей қаржылық пайда әкелетін нақты бизнес міндеттерін шешуге бағытталуы тиіс. Бұл, сайып келгенде, тиімділікті арттыруға, негізгі көрсеткіштерге қол жеткізуге және ұлғайтуға бағытталған корпоративтік бизнес‑процестерді автоматтандыру мен цифрландыру деңгейін арттыруды қамтамасыз етеді.

Осыған байланысты, автоматтандыру және цифрландыру құралдарын тиімді енгізу үшін ағымдағы бизнес‑процестерді сипаттау және олқылықтарды анықтау, сондай‑ақ цифрландыруды ескере отырып, нысаналы бизнес‑процестерді әзірлеу арқылы қолданыстағы бизнес‑процестерге диагностика жүргізіледі.

Мәселен, «Сапарларды басқару» пилоттық жобасының ЕМГ‑де сәтті іске асырылуына байланысты 2023 жылы бұл жұмыс ӨМГ, ҚБМ және ММГ‑де жалғасты. Жоба қауіпсіз жүргізу мәдениетін қалыптастыру, көлік қауіпсіздігі деңгейін арттыру және көлікті басқару процесі иелерінің жұмысын жеңілдетуді көздейді.

Есепті жылы ӨМГ, ММГ, «Oil Services Company» ЖШС, «Ойл Транспорт Корпорейшэн» ЖШС, ҚТО (Атырау және Жезқазған мұнай құбыры басқармалары), «KMG‑Security» ЖШС көлікті басқару процестеріне диагностика жүргізілді.

Диагностика нәтижелері мен көлікті басқару процестерін жақсарту бойынша ұсыныстар еншілес компаниялардың басшыларына ұсынылады. Диагностика шеңберінде анықталған сәйкессіздіктер шеңберінде ескертулерді жою бойынша жекелеген іс‑шаралар жоспарларын әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

2022 жылы желтоқсанда ҚМГ кен орындарында цифрландыруды дамыту бағдарламасы бекітілді. Бұл құжатты әзірлеу ҚМГ компаниялар тобының барлық өндіруші активтері бойынша цифрландыруға кешенді тәсілді әзірлеу және барлық кен орындары бойынша деректерді жинау, талдау бойынша бірыңғай жүйелерді енгізу қажеттілігімен негізделген.

Сондай‑ақ, 2023 жылы ЕМГ және ӨМГ цифрландыру мен автоматтандыруды дамыту жөніндегі 2023‑2027 жылдарға арналған жол карталары бекітілді.

ЕМГ ‑да наряд‑рұқсатты ресімдеу процесін жақсарту және қызметкерлердің қауіпсіздігін күшейту мақсатында электронды наряд‑рұқсаттардың цифрлы жүйесі пилоттық түрде енгізілді.

Сондай‑ақ, ЕМГ ұңғымаларды жерасты жөндеу жұмыстарының орындалғаны туралы актіні цифрландыру жөніндегі жұмыстарды іске асыру шеңберінде бизнес‑процестерді жетілдіру және ұңғымаларды жерасты жөндеу бойынша құжат айналымын автоматтандыру мақсатында дыбысты тану модулі енгізілді. Машиналық оқыту алгоритмдерінің негізінде әзірленген модуль аудио‑фонограммаларды электронды мәтінге айналдыруға мүмкіндік береді және күнделікті қорытындыларды дайындау және беру процесін едәуір жеңілдетеді, сондай‑ақ ұңғымаларды жерасты жөндеу жұмыстарын тапсыру актілерін автоматтандыруға ықпал етеді.

Бұдан басқа, АМӨЗ қондырғыларында технологиялық процесті басқарудың жетілдірілген жүйесін (АРС) енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл автоматты түрде қажетті мұнай өнімдерінің тұрақты шығуына қол жеткізу үшін қондырғылардың технологиялық режимі параметрлерін түзетеді және адами фактордың болмауы арқылы қондырғының апаттық тоқтауын болдырмауға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда APC АТ‑2 мұнайын бастапқы өңдеу қондырғысында және АВТ‑3 қондырғысында орнатылған.

Орындалған жұмыс пен қызмет актілерін келісу және қол қою процестерінің ашықтығын қамтамасыз етіп, бюрократияны азайту мақсатында ӨМГ, ҚБМ, ММГ және АМӨЗ‑де «Орындалған жұмыстың онлайн актісі» жобасын тарату бойынша жұмыс басталды.

Сондай‑ақ, ӨМГ‑де Электронды тапсырыс‑наряд жобасын енгізу бойынша жұмыстар басталды, ол тапсырыс‑нарядтарды құру және редакциялау мүмкіндігін, өрістерді толтырудың дұрыстығын автоматты тексеруді, тапсырыс‑нарядтың бірегей нөмірін автоматты түрде генерациялауды, сондай‑ақ процестің әртүрлі қатысушыларымен нарядтарға тапсырысты көп деңгейлі келісуді қамтамасыз етеді. Жоба тапсырыс‑нарядтардың жай‑күйі және олардың өзгерістері туралы хабарлама алуға, сондай‑ақ тапсырыс‑нарядтармен байланысты түрлі параметрлер бойынша есептер шығаруға мүмкіндік береді. Осы шешімнің тұжырымдамасын басқа ЕТҰ‑ға тарату жоспарлануда.

Digital KMG

ҚМГ компаниялар тобы бойынша алғаш рет цифрландыру бойынша Digital KMG I практикалық форум өткізілді. Форумның негізгі мақсаты – цифрландыру саласындағы компаниялар арасында тәжірибе алмасу, цифрлы шешімдерді енгізу тәсілдерін талқылау, компаниялардың IT‑өнімдерге қажеттіліктерін анықтау, цифрлы даму тұжырымдамасын қалыптастыру үшін алаң ұсыну.

Іс‑шараға мұнай барлаумен, өндірумен, өңдеумен және тасымалдаумен айналысатын корпоративтік орталық пен ҚМГ еншілес компанияларының, сондай‑ақ мұнай сервис кәсіпорындарының өндірісті автоматтандыру, ақпараттық технологиялар және цифрландыру департаменттерінің 100‑ге жуық басшылары мен қызметкерлері қатысты.

Форум аясында цифрлы трендтердің мұнай‑газ саласына әсері, цифрландыру саласындағы қазіргі және жоспарланған жобалар, компаниялардың кешенді архитектурасы қарастырылды. Кездесу бағдарламасына дизайн‑ойлау бойынша сессия кірді, оның шеңберінде ҚМГ еншілес тәуелді ұйымдарын цифрландыру бойынша ашық мәселелердің тізбесі дайындалды.

LSS форумы

Биыл ҚМГ «Мұнай және газ өндіру» және «мұнай өңдеу» бизнес‑бағыттарында LEAN 6 SIGMA бағдарламасы бойынша IV Конференция өткізілді.

Конференцияның негізгі мақсаты – ҚМГ компаниялар тобының қызметкерлерін жұмысты оңтайландыру және өнімділігін арттыру процесіне тиімді тарту, компанияның барлық деңгейлерінде тұрақты жетілдіру процесін ұйымдастыру, сондай‑ақ 2023 жылғы Lean 6 Sigma үздік жобасы байқауын өткізу.

Конференция бағдарламасына ҚМГ басшыларының арасынан таңдалатын Lean 6 Sigma атқарушы демеушілерін оқыту, топтарда жұмыс істеу, сондай‑ақ ЕМГ, ММГ, ҚГМ, ПМХЗ, АМӨЗ, ПҚОП және «CASPI BITUM» БК» ЖШС үздік Lean 6 Sigma жобаларының тұсаукесері кірді.

Конференция аясында Медет Зинуллиевтің басшылығымен АМӨЗ‑дің ЭЛОУ‑АВТ‑3 қондырғысында химиялық тазартылған суды тұтынуды оңтайландыруға бағытталған жоба ҚМГ ЕТҰ арасында Lean 6 Sigma үздік жобасы номинациясы бойынша жоғары марапатқа ие болды.

SIEMENS‑пен Меморандум

Мемлекет басшысы Қасым‑Жомарт Тоқаевтың Германия Федеративтік Республикасына сапары аясында ҚМГ мен Siemens AG Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Меморандум өндірістік процестерді автоматтандыру, цифрландыру, оңтайландыру, есепке алу және бақылау саласындағы ынтымақтастықты дамытуды көздейді. Атап айтқанда, тараптар персоналды оқыту мен біліктілігін арттыруда, технологиялық процестерді модельдеу, деректерді жинау және өңдеу, ҚМГ өндірістік кәсіпорындарында озық әлемдік технологияларды енгізу үшін кәсіпорындардың цифрлы модельдері мен «қосарларын» құруда өзара іс‑қимыл жасауға келісті.

Siemens AG компаниясымен ынтымақтастық шеңберінде ҚГМ Ақшабұлақ кен орнында COMOS жүйесін енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету

ҚМГ‑ның ақпараттық қауіпсіздік саласында ақпаратты сыртқы және ішкі қатерлерден қорғауды қамтамасыз ету, ықтимал шығындардың алдын алу және ҚМГ мен ЕТҰ‑ның үздіксіз және толық жұмыс істеуі үшін әртүрлі кибершабуылдардан және санкцияланбаған әсерден болатын залалды азайтуды көздейді.

Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – бұл құқықтық, ұйымдастырушылық және техникалық қорғау шараларын біріктіретін үздіксіз процесс. Бұл ретте ақпараттық инфрақұрылымның қорғалуын талдауды, аудиттерді, PEN‑тестілеуді ұдайы жүргізу өте маңызды, өйткені ақпараттандыру жүйелерінің ауқымды қолданылуы үздіксіз технологиялық циклдар бар ірі мұнай‑газ өндірістік кешендерінің аумақтық бөлінген кең инфрақұрылымына барынша тән. ҚМГ‑ның қорғалған желілері мен жүйелеріне рұқсатсыз кірудің салдары инфрақұрылымға, тұтынушыларға ғана емес, жалпы ел үшін де апатты салдарға әкелуі мүмкін.

Осы міндетті іске асыру үшін ҚМГ Қазақстан Республикасының ақпараттық қауіпсіздік саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарды қатаң сақтайды, сондай‑ақ ISO/IEC 27001 ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі менеджмент жүйесінің халықаралық тәсілдері мен стандарттарын пайдаланады.

Ақпараттық қауіпсіздік периметрінде ҚМГ ақпараттық жүйелерінің ИТ‑инфрақұрылымын, ақпараттық‑коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілерін және технологиялық процестерді басқарудың автоматтандырылған жүйелерін қорғау жөніндегі ұйымдастырушылық және техникалық іс‑шараларды іске асыруды қамтамасыз ету мәселелері тұр.

Ақпараттық қауіпсіздік саласындағы тәуекелдер тұрақты негізде бағаланады, бұл ақпараттық қауіпсіздік қатерлерінің туындауының алдын алу үшін тәуекелдерді анықтауға және басқаруға мүмкіндік береді.

ҚМГ басшылығы ақпараттық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударады.

Тұтастай алғанда, ақпараттық қауіпсіздікті тиімді басқару компанияның тұрақты дамуына ықпал етеді, оны қауіп‑қатерден қорғауды, заңнамаға сәйкестікті, беделді сақтауды және инновациялық өсуге ықпал етеді. Ақпараттық қауіпсіздік аспектілерін бизнес стратегияға қосу корпоративтік басқару саласының маңызды элементіне айналуда.