Корпоративтік басқару жүйесі

ҚМГ корпоративтік басқару жүйесі Компания қызметін басқару мен бақылауды қамтамасыз ететін процестердің жиынтығын, сондай‑ақ акционерлер («Самұрық‑Қазына» АҚ, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі (Қазақстан Республикасының Ұлттық Қоры) және «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі» РММ), Директорлар кеңесі, Басқарма және мүдделі тараптар арасындағы өзара қарым‑қатынастар жүйесін білдіреді.

ҚМГ органдарының құзыреттерінің аражігі нақты ажыратылған және ҚМГ Жарғысында бекітілген.

ҚМГ корпоративтік басқару құрылымы

Компанияның корпоративтік басқару органдарының жүйесі төмендегілерді қамтиды:

  • жоғары орган – Акционерлердің жалпы жиналысы;
  • басқару органы – Директорлар кеңесі, Акционерлердің жалпы жиналысына есеп береді;
  • Атқарушы орган – Басқарма, Директорлар кеңесіне есеп береді;
  • Ішкі аудит қызметі – орталықтандырылған орган, Директорлар кеңесіне тікелей бағынады және есеп береді, Қазақстан Республикасының «Ұлттық әл‑ауқат қоры туралы» Заңына сәйкес Қор тобына кіретін ҚМГ компаниялар тобының компаниялары мен өзге де ұйымдарының қаржы‑шаруашылық қызметіне бақылау, ішкі бақылау және тәуекелдерді басқару саласында бағалау жүргізеді, корпоративтік басқару саласындағы құжаттарды орындау және ҚМГ мен ҚМГ компаниялар тобының қызметін жетілдіру мақсатында консультация береді;
  • Корпоративтік хатшы – өз функцияларын тұрақты және тәуелсіз негізде орындайды, Компанияның Директорлар кеңесінің және (немесе) атқарушы органының мүшесі емес, ҚМГ Директорлар кеңесі тағайындайды және ҚМГ Директорлар кеңесіне есеп береді, өз құзыретінің шегінде ҚМГ корпоративтік басқару жүйесінде іске асыру және бақылау‑қадағалау функцияларын жүзеге асырады;
  • Комплаенс қызметі – Директорлар кеңесіне есеп береді, оның қызметі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс‑қимыл және ҚМГ компаниялары тобының ішкі корпоративтік мәдениетін қалыптастыру мәселелері бойынша міндетті реттеушілік талаптар мен үздік халықаралық практиканың сақталуын қамтамасыз етуге, қызметкерлер арасында ашықтықты, адалдықты қамтамасыз етуге, сондай‑ақ үздік халықаралық стандарттарға, ішкі саясаттарға және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бизнес жүргізу үшін жағдай жасауға бағытталған;
  • Омбудсмен – ҚМГ Директорлар кеңесі тағайындайтын тұлға, оның рөлі – өзіне жүгінген ҚМГ қызметкерлеріне консультация беру және еңбек дауларын, қақтығыстарды, әлеуметтік‑еңбек сипатындағы проблемалық мәселелерді шешуде, сондай‑ақ ҚМГ қызметкерлерінің іскерлік этика қағидаттарын сақтауда жәрдем көрсету.

ҚМГ корпоративтік басқару жүйесі акционерлердің және негізгі мүдделі тараптардың: мемлекеттің, стратегиялық серіктестер мен контрагенттердің (жеткізушілер мен сатып алушылар), инвесторлардың, ҚМГ қызметкерлерінің, муниципалитеттердің, жергілікті қоғамдастықтардың және Компания қызметін жүзеге асыратын өңірлер тұрғындарының құқықтары мен заңдық мүдделерін құрметтеуге негізделеді.

Компанияның корпоративтік басқару жүйесі қазақстандық және халықаралық корпоративтік басқару практикасының талаптары мен стандарттарын ескере отырып, үнемі жетіліп отырады.